Жұма, 11 қазан, 19:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Мораторий: Кәсіпкерге қауіп төніп тұр ма?

16.01.2024

618 0

Сурет: kapital.kz

Жыл басындағы жаңалықтың бірі – мораторий мәселесі. Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2020 жылы оларды тексеруге үш жылдық мораторий жарияланды. Оның мерзімі былтыр ұзартылған. Бастапқыда мораторий 2023 жылғы қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Алайда былтыр Мемлекет басшысы оның мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Осылайша шағын бизнесті тексеруге мораторий 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аяқталды. Ал кәсіпкерлерді не күтіп тұр? Олардың алаңдауына себеп бар ма?

Үкімет басшысы не деді?

Премьер-министр Әлихан Смайылов былтыр желтоқсан айының соңында «24kz» телеарнасына берген сұхбатында адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоғын айтты.

– Бизнес қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде 10 мыңнан астам негізсіз талапты анықтадық. Бүгінде оның 9 мыңының күші жойылды. Қалғаны келер жылдың басында Парламентте тиісті заң қабылданғаннан кейін алынып тасталады, – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бұл адами факторды жоя отырып, тексеруді жоспарлауға мүмкіндік береді. Олардың саны 2 есеге қысқарады. Жалпы заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды. «Ендеше мораторий аяқталған соң елде жаппай тексерулер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ», – деді Үкімет басшысы.

Расында да, кәбісін адал атқарып отырғандарға қауіп жоқ. Сонда да кәсіпкерлерді не күтіп тұр?

Бас прокуратура өкілі мәлімдеді

Бас прокуратураның құқықтық ста­тис­тика және арнайы есеп жөніндегі коми­тетінің аға прокуроры Олжас Жұмабаев мораторийдің күші жойылғаннан кейін кәсіпкерлерді не күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Бас прокуратура комитеті – тексерулерді бақылайтын және қадағалайтын орган. Кәсіпкерлерді тексерудің әрқайсысы ко­митетте тіркелуі керек. Тексерулерді тіркеу тәртібі кәсіпкерлік кодексімен реттеледі. Мораторийдің күші жойылды деген сөз бақылау және қадағалау органы, салық органы кәсіпкерлерді бірден тексере кетеді дегенді білдірмейді. Ол үшін негіз керек немесе тексерулер алдын ала бақылау немесе қадағалау мақсатында да жүргізіледі.

– Тексеру басталғаннан кейін тексеру­шілер сізді тексеру актісімен немесе тексеру парағымен таныстыруы керек. Ол парақта тексеруге жататын мәселелер қамтылады. Тексерулер бізге негіздер бойынша тіркеледі. Егер тексеру заңсыз немесе негізсіз болса, ол да бізде тіркеледі. Сіз тексерушілерден тексеру актісін немесе парағын талап ете аласыз, – дейді аға прокурор.

Сонымен қатар тексеруді белгілеу кезінде олар міндетті түрде 30 күнтізбелік күн бұрын ескертуі керек. Алайда оларға жоспардан тыс тексерулер кірмейді. Егер жеке тұлғалардан өтінім келіп түссе, тексеру ескертусіз жасалады. Ал егер тексерумен немесе оның қорытындысымен келіспесе, кәсіпкер сотқа жүгіне алады. Аға прокурордың айтуынша, егер жоспардан тыс тексерулер барысында заңбұзушылықтар анықталса, жауапкершілік қарастырылса, шара бірден қабылданады.

Аймақтағы

ахуал қалай?

Қала бойынша 30 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген. Жалпы аймақтағы кәсіпкерлердің жайы қалай болмақ? Бұл сұраққа облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық жауап берді.

– Негізі мораторий мерзімі пандемияға сәйкес келгендіктен «Атамекен» ұлттық палатасы бір жылға создырған болатын. Кә­сіпкерлер құжат­тарын заңға сәйкес­кестендіріп, реттеп ал­сын деген мақсатта уақыт берілген еді. Одан соң тағы бір жылға созылып, биыл аяқталып отыр.

Біз заңмен жү­ретін зайырлы мем­лекетпіз. Әр сала талаптарға сай жұ­мыс істеуі керек. Осы мәсе­леге байланысты біз кәсіпкерлермен бірнеше кездесу өткіздік. Оған арнайы тексеруші мемлекеттік органдарды шақырттық. Кез­десу барысында да айтылды, мораторий аяқталысымен кәсіпкерлер нысанына барып, бірден айыппұл салынбайды. Алдын ала ескерту беріледі.

Сонымен қатар егер кәсіп иесі өзінің кәсібінде қандай кемшілік барын білгісі келсе, тексеруші орындарға өтініш тастаса болады, сол бойынша тексеру жүргізіліп, жұмыс реттеле береді. Мәселен, төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына алдын ала өтініш тастаса, олар барып тексереді. Егер өртке байланысты бір қауіпті жағдай анықталса, дұрыс еместігін айтып, оны жөндеу қажеттігін түсіндіреміз. Осылай алдын алса, мәселені оңтайлы шешуге болады деген ойлар айтылды, – деді палата директоры.

Кәсіп иелеріне қатты қысым көрсетілсе…

Қазіргі күні әр сала бойынша call орталықтар жұмыс істеп тұр. Осындай орталық кәсіпкерлерде де бар.

– Ескере кететін жайт, егер кәсіпкерлерге тексеруші орган жақтан қатты қысым болып жатса немесе басқа да жағдайларға байланысты республика бойынша 1432 call орталығы бар. Соған хабарласуға болады. Кәсіпкерлер тексеру барысында артық кеткен жерлер болса айтып отыруы керек. Сол кезде біз де өз тарапымыздан тоқтатуға жұмыс істейміз, – деді П.Сыздық.

Палата директорының айтуынша, ай­мақтағы, қаладағы кәсіпкерлер арасында түсіністікпен, ұйымшылдықпен бірлесіп жұмыс істеу деңгейі жоғары.

– Кәсіпкерлерге мораторий мерзімі аяқталды деп қорқуға еш негіз жоқ. Жұмыс заң аясында жүргізілсе, оған қауіп төнбейді. Жалпы бизнес құрылымдары өздерінің, тұтынушылардың қауіпсіздіктері үшін заң талаптарын орындағаны дұрыс. Осы орайда барлық кәсіпкерлерді де, тексеруші орган өкілдерін де бізбен тығыз байланыста болып, жұміс істеуге шақырамыз, – деді П.Сыздық.

Кімдер айыппұл төлейді?

Бұл сұраққа облыс прокуро­рының аға көмекшісі Бекзат Орынбаев жауап берді:

–  Президент Жар­лығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субьектілерін, оның ішінде микрокәсіп­керлік субьектілерін тексерулерді және про­филактикалық бақы­лау­ды барып жүргізу тоқтатылған.

Соған орай биыл 1 қаңтардан бастап елі­мізде кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге жа­рияланған мораторий мерзімі аяқталды. Енді шағын және орта бизнес өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, айыппұл төлейді. Сондай-ақ тұтынушыдан шағым түсе қалса, заңмен шара қолдану тәртібі де қарастырылған. Осыған байланысты уәкілетті мемле­кет­тік органдар ҚР кәсіп­керлік кодексіне және қолданыстағы заңна­­маларға сәйкес ша­ғын кәсіпкерлік субьек­тілеріне тек­серулер жүргі­зіле­тін болады.

Мемлекет бас­шысы прокуратура орган­дарына бизнес­ті қорғау функциясын жүктеп, мемлекеттік органдардың заңсыз әре­кеттеріне қатысты кәсіп­керлердің шағым­дарын қарау­ды тапсырды. Сондықтан мем­лекеттік органдардың тарапынан заңсыз әрекеттер болған жағдайда прокуратураға жүгінуге болады, – деді Б.Орынбаев.

Кірістер басқармасының

айтары бар

Жалпы ел экономикасының дамуы, со­ның аясында мемлекет тарапынан кәсіпкер­лікті қолдауға бағытталған кешенді шаралар өз жемісін беруде. Өз кезегінде салық  төлеушілердің саны мен олардан түсетін салық көлемі де жыл сайын көбеюде. Тек 2023 жылдың ішінде мемлекеттік бюджет түсімі 95,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда түсім 17,6 млрд теңгеге артып отыр.  Бүгінгі күнге қаламызда шағын кәсіпкерлік субьектілерінің саны – 38 737, оның ішінде заңды тұлға – 7903, дара кәсіпкер – 30834.

Фердоуси Қожабергенов, қала бойын­ша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:

– Мораторийге келетін болсақ, осыдан үш жыл бұрын Президентіміз енгізген шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий бизнеске көмегін тигізіп, кәсіп­­керлердің пандемия және басқа да әлеу­меттік-экономикалық проблемалардан туын­дайтын шығыны азайды. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген тауар мен көрсеткен қызмет құны 2023 жылы едәуір өсіп, 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 123,2 пайызға артып отыр. Мұндай көрсеткіштер кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы тиісті байланыстың нәтижесі деп ойлаймыз, – деді басқарма басшысы.

Дегенмен мораторий аяқталды. Қалай болғанда да кәсіпкерлер кез келген уақыт­та тексерулер болатынын күтуі тиіс. Маңыз­дысы – кәсіпкерлер барлық талап пен заңдылыққа сай болып, өздеріне қатысты бизнес-процестердің заң талабына сай жүруін қамтамасыз етулері керек. Бұл да бас­қарма басшысының пікірі.

– Өкінішке қарай заңнама талаптарын сақтамай мемлекет алдындағы талаптарын орындауда керітартпа әдіске баратын салық төлеушілер жоқ емес. Ондай жағдайда заң­мен қаралған салықтық бақылау шаралары арқылы салықтан жалтаруға тосқауыл қойылып, салық берешегін мәж­бүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Атап айт­сақ, хабарлама қалып­тастырылады, касса және банк шоттары бұғатталады, олар­дың дебиторларына және банк шот­тары­на инкасса­­лық өкім қойылады, мүлкін сату есебі­нен салық берешегі өндіріледі.

Салық берешегін борышкердің банк шот­тарынан инкассалық өкім арқылы және олардың дебитор­ларынан 2023 жылы барлығы 1,3 млрд теңге өнді­рілсе, камералдық бақылау нәтижеле­рі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 4532 салық төлеушіге хабар­лама/хабарлаулар қалыптастырылып,   нәти­жесінде  бюджетке 4,6 млрд теңге  өндірілді.

Кәсіпкерлікке қолайлы жағ­дай жасау бағытында салықтан жалтарған салық төлеу­шілерді ерте сатыдан анықтау, сотқа мәмілелерін жарамсыз етіп тану бойынша талап-арыздар негізсіз беріл­меуін қадағалауды және адал бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғауды көздей отырып, облыстық прокуратура мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлескен үшжақты меморандум жасалды. Айта кету керек, қазіргі уақытта салық төлеушілердің көпшілігі адал жұмыс істеуге ынталы. Өйткені бүгінде бизнестің өзі «көлеңкелі бизнеске» қарағанда «ашық» салық төлеуші болудың дұрыс және тиімді екенін анық түсінуде.

Сонымен қатар биылдан бастап тек­серістер адам қатысуынсыз қайта белгіле­нетін болды. Елімізде сын-қатерлерді бас­қару автоматтандырылған жүйесі істейтін болады. Оның көмегімен тексерістер тек сын-қатер пайда болғанда, яғни берешек және айыппұл табылғанда немесе салыққа байланысты бұзушылық пайда болғанда ғана белгіленетін болады. Мемлекет бұл арқылы бизнес тексерістерін екі есе төмендетіп, айыппұл санын азайтуды көздеп отыр, – деді Ф.Қожабергенов.

Тілші түйіні

Иә, биылдан бастап кәсіпкерлер Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иеген құл болмайды» деген керемет сөзін жадында ұстап, басты ұстаным етулері керек секілді. Себебі мораторий мерзімі аяқталды, енді  тексерістер қайта жанданады.

Алайда кәсіпкерлерді бірден жаппай тексеру болмайды. Мораторийдің күші жойылса да кәсіпкерлердің бәріне тексеру қаупі төніп тұрған жоқ. Десе де мамандар айтқандай, әр кәсіпкер кәсібін заң аясында тәртіппен және адал жүргізгені абзал.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: