Жұма, 26 сәуiр, 22:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Құс өсірсең, түйеқұс өсір, пайдасы оның көл-көсір

18.02.2023

898 0

Бүгінде көптің әңгімесі – Бесарық ауылындағы түйеқұс шаруашылығы жайында. Аймаққа алғаш рет түйеқұсты әкеліп, жерсіндіріп жатқан шаруашылық жұмысына біз де қызықтық. Сондай-ақ Африкадан келген түйеқұсты көзбен көруге асыққанымыз өтірік емес. Сонымен, ауыл іргесіндегі шаруашылыққа бас сұғып, түйеқұсты өсірудің қыр-сырымен танысқанды жөн көрдік. Суреттен кішкентай болып көрінгенімен, көзбен көргенде әжептеуір алып құс. Бізді жатсынып, кәдімгідей мойнын созып, тістеп алатындай сыңай танытады. Ал біз қорқып жүрміз. Африканың түйеқұсын бұрын-соңды көріппіз бе?

«Абай-Дәулет» ЖШС осыдан бір ай бұрын Сырдария ауданы, Бесарық ауылына 12 африкалық түйеқұсты әкеліп, жерсіндіреді. Оларды өсіріп, бағу қиынға соқпайтынын білген соң тағы да алдыртқан. Қазіргі таңда шаруашылықта 26 түйеқұс бар.

– Кәсіпті бастамас бұрын түйеқұспен айналысып отырған шаруалармен алдын-ала ақылдастық. Осылайша бұл шаруаны да бастап көруге шешім қабылдадық. Көпшілікке таңсық құс болғандықтан, алдын-ала зерттеулер жасалды. Бастапқы кезде Сарыағашта бір ай бойы қолға үйретілді. Өзбекстан арқылы әкелдік. Бір түйеқұстың бағасы – 400 мың теңге.  Алдағы уақытта тағы 100 бас түйеқұс әкелінеді. Инкубатор алып,  оларды екі есеге көбейту жоспарда бар. Басты мақсат – еті мен жұмыртқасын өндіріп, нарықты қамтамасыз ету және экспортқа шығару. Түйеқұс етінің бағасы шамамен 1 келісі 7 мың-12 мың теңге арасында екен. Ал жұмыртқасының бағасы 3-5 мың аралығында. 1 жұмыртқасының салмағы 2,5 келіден 4 келіге дейін болады. 1 аналығынан маусымына 50-60 дана жұмыртқа алуға болады екен. Түйеқұстар күз-көктем айларында жұмыртқалайды. Жоба жүзеге асса, қосымша жұмыс орны ашылады. Алдағы мақсатымыз – негізінен құс шаруашылығын дамытуды қолға алу. Оның ішінде бөдене, қырғауыл түрлерін өсіру жоспарда бар, – дейді шаруашылықты жүргізіп отырған «Бесарық» ЖШС директоры Мақсат Биболатов.

Түйеқұсты ауылға әкелмес бұрын алдын-ала зерттеулер жасалған. Мәселен, түйеқұс бұл аймақтың қатаң климатына тез бейімделеді екен. Өйткені ыстық пен суыққа төзімді. Азық та талғамайды. Төрт түлікке беретін жоңышқа мен құрама жемді жей береді. Бір түйеқұс күніне 3 кг шамасында жем жейтін көрінеді. Яғни, бұл құсқа әжептеуір күтім қажет. Сонымен қатар өздеріне қарайтын адамдарға тез үйренісіп кетеді екен. Демек, басқа адамдар келген кезде мінезін көрсетуі мүмкін. Түйеқұстарға әзірге екі баптаушы қарап жүр.

Алғаш рет көрген түйеқұстың ерекшеліктерін біз де байқадық. Алып құс туралы зерттеулерге сүйенсек, оның етінің құрамында май мен холестерин деңгейі аз болғандықтан денсаулыққа өте пайдалы, әсіресе жүрек ауруларына емі мол екен. Сондай-ақ түйемен ұқсастығы тек атында ғана емес, аяқтарының ұзындығы, денесінің ірілігі, түйеге ұқсас мойнымен «түйеқұс» деген атқа әбден лайық. Оның жұмыртқалары үлкен көрінеді және түрлі дәрумендерге бай екен.

Түйеқұсты жерсіндіріп, оның еті мен жұмыртқасын нарыққа шығарса пайдасы көл-көсір болатыны анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: