Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сыр бойына серпін берген кәсіпкерлік

25.05.2021

2027 0

Әлем елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатудың төте жолы – мығым экономикалық күш-қуат. Бәсекеге қабілетті елдердің ең негізгі көрсеткіші дәл осы салаға тікелей қатысты екені жасырын емес. Егемендікке қол жеткізген жылдары Қазақстан үшін де шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бірден-бір басым бағытқа ие еді. Бүгінде түрлі жобалар іске асып, жеңілдік пен субсидия еншілеген кәсіп иелері салада белгілі тұлғаларға айналып үлгерді.

Мұндай жетістіктің негізгі күші мемлекеттік бағдарламалар екені даусыз. Әсіресе, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлікке жаңа қарқын сыйлады. 2017 жылы бастау алған жоба елдегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың арасындағы кәсіпкерлікті арттыру, отбасылық және елді мекендегі шағын кәсіпкерліктің дамуына негізделді.

Сыр өңіріндегі кәсіпкерлік саласы да ауыз толтырып айтарлық жаңалыққа толы. Жыл сайын жүздеген тұрғын жаңа кәсіп бастап, аймақтың экономикалық әлеуетіне ықпал етсе, жаңа жұмыс орыны жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне сеп болды. Бүгінде облыста 48657 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Ал облыс орталығы – Қызылорда қаласында 22 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар екен. Аталған кәсіпкерлік нысанының 21 проценті шаруа қожалығы болса, 67 проценті жеке кәсіпкер, 12 проценті заңды тұлғалар. Тұрғындар кәсіп бастауда мемлекеттік бағдарлама игілігін көруде. Оған қоса кәсіпкерлерді қолдау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы жүйелі жұмыс істеп келеді. Былтыр палата кеңесшілері 1785 кәсіпкерге тиісті көмек көрсетсе, 4 мыңнан астам азаматқа осы бағытта қажетті кеңес берген. Нәтижесінде жаңадан 54 жобаны іске асыруға мүмкіндік алыпты. Мәселен, «Бастау» жобасы аясында жалпы сомасы 422,1 млн теңге болатын 746 жоба қаржыландырылған. Міне, осылайша кәсіпкерлік саласының өркендеуі 50 мыңнан астам қызылордалық тұрғынның нақты жұмыспен қамтылуына жол ашты.

Сонымен қатар «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы» да  тың өзгеріске ықпал етті. Үкіметтік және өңірлік бағдарламаларды біріктіріп, оны тиімді пайдалану және бағдарламалар шеңберіндегі қаражаттарды ауылдық елді мекендердің азаматтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жол картасы әзірленді.

Оған қоса, ауылдық жерлердегі жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қайтарымсыз гранттар мен шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм, типтік бизнес-жоспарлар дайындалып, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты тұлғалар бекітілген. Жалпы облыс бойынша 2,5 мың жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ісін бастауға мемлекеттік бағдарламалар аясында 1,7 млрд теңгеден аса қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

«Қарапайым заттар экономикасының» қарқыны

Қазақстанның кәсіпкерлік саласында ұстанған саясаты жан-жақты даму мен әртараптандыру жүйесіне құрылғаны анық. Соның бір жемісті дәлелі – «Қарапайым заттар экономикасы» үкіметтік бағдарламасы. 2019 жылыдан бастап өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға бағыт­талған аталған бағдарлама өз нәтижесін беруде. Мысалы, жыл көлемінде кәсіпкерлік нысандарының екінші деңгейлі банктер арқылы 1,9 млрд теңге несие қаражатымен қаржыландырылған 43 жобасы бағдарлама аясында субсидияланған. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен 193 жоба субсидияланса, алдағы уақытта тағы 161 жоба жүзеге асуы мүмкін. Бұл жобалар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жобалық кеңсенің қарауында талқылануда. Сондықтан аталған бағдарлама аймақтағы жаңа өндіріс көздерін ашып, экспорт көлемін ұлғайтуға және инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндікке айналды десек артық емес.

Кәсіптік оқыту – күткен нәтиже

Кәсіпкерлік негізіне оқулар ұйымдастыру саланың дамуына ғана емес, елдегі әлеуметтік-қоғамдық өзгеріске жол ашатын бастама қатарында. Бұл қолдау шарасы кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің біліктілігін және кәсіпкерлер қызметінің өнімділігін арттыру, сонымен қатар іскерлік байланысты орнату бағытында жүреді. Оны іске асыру кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар өңір тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие. Оқуға ниет білдірген тұрғындар санының өсімі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 3 мыңға жуық жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған болса, былтыр оның саны екі есеге ұлғайып, 6 мыңнан асты. Бұл – әрине, тек мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау шаралары.

Сондай-ақ облыста әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстар да жалғасын тауып, әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар, яғни, форумдар, семинарлар, көрме-байқаулар, тренингтер де өткізілуде.

2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары аясында кәсіпкерлік саласындағы барлық мекемелер бір бизнес орталыққа біріктірілген «Кәсіпкерлер үйі» ашылды. Онда әкімшілік кедергілерді барынша қысқарту, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау бағытында жұмыс жасап, өңір тұрғындарымен қатар, кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидаты негізінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы сапалы қызметтер ұсынып келеді. Мәселен, орталық өткен жылы кәсіпкерлерге жер мәселесі, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерге қосылу, мемлекеттік кірістер, қаржыландыру институттарының шарттары, инженерлік коммуникацияларға қосылу, банкке дейінгі және одан кейінгі жобаларды сүйемелдеу бойынша 10 мыңнан аса қызмет көрсеткен. Қазір орталықтың қызметін кеңейту бағытында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервис орталығын ашу жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, кәсіпкерлік саласындағы іс-шаралардың басым бөлігі осы «Кәсіпкерлер үйінің» қолдауымен ұйымдастырылады. Мысалы, бұл бағытта Қызылорда қаласындағы «Іскер әйел – кәсіпкерлер» облыстық форумы, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлер форумы», «Жас кәсіпкерлер форумы», «Өзіңе сене баста!» көрме-байқауын атауға болады.

Жаңашылдық – жаһан талабы

Аймақтағы жастар арасында кәсіпкерлікті дәріптеу, кәсіпкерлік және презентация жасау қабілеттерін дамыту, оған қоса бизнес-идеяларды тудыру қабілеттерін дамыту үшін көптеген жобалар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай маңызды бастаманың бірі – «Байқоңыр Start-Up 3» бизнес-идеялар конкурсы. Конкурс барысында жастар қызықты бизнес-жоспарлар мен болашақ өнімдер мен қызметтердің прототипін жасай алды. Жоба аясында көрерменге таныстырылған жобалар қатарында спорттық роботехника жобасы мен гипсті лепнинін шығарудан бастап, кинотеатрлардың жаңа нұсқаларына дейін алуан түрлі идеялар көрініс берді. Сондай-ақ, қатысушылар өңір тұрғындарына арналған бірнеше онлайн-сервис те ұсынып үлгерді. Міне, жаңа заманның жастарына қолдау көрсеткішін Сыр бойындағы осындай қадамнан-ақ аңғаруға болады.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның үздік тауары-2019» өңірлік тауар өндірушілер байқауы және кәсіпкерлік саласында түрлі семинарлар мен тренингтер де тұрақты өтіп тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кәсіпкерлермен кездесулер, бизнес-қауымдастық өкілдерінің бірыңғай есеп беру күні де дәстүрлі шара қатарында.

P.S. Аталған бастама мен жобалар аймақтағы кәсіпкерлік саласындағы жетістіктің бір парасы ғана. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі облыстағы кәсіпкерлік деңгейі айтарлықтай артып, өзге өңірлерден қалысқан емес. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы, шикізат өнеркәсібі секілді сала кәсіп көзін жетілдіріп, жетекші аймаққа айналары анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: