Жексенбі, 28 сәуiр, 12:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Қаланы көркейтіп келе жатқан кейіпкер

04.04.2023

753 0

Гүлді жақсы көрмейтін жан бар ма? Оның әдемілігі, иісі, түсі, тіпті атауының өзі ерекше әрі әрқайсысы өзінше сыр шертері анық. Бірақ оны гүлді өсіріп баптаушылар ғана жақсы біледі. Гүл өсіру – ертеден келе жатқан шаруашылықтың әдемі саласы. Табиғаттың сәнін келтіретін, әлемге сұлулық сыйлайтын гүлді өсіру оңай емес. Ол өскеннен кейін емес, өскенге дейін де ерекше күтімді қажет етеді. Гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген жөн. 

Әрбір адам түрлі салаға, мамандыққа бейім. Оның үстіне мамандық та, кәсіп те көп. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің рөлі тым бөлек. Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы керек қой. Себебі кез келген адам гүл өсіре алмайды. Сондай ықыласты жанның бірі, өз ісін де, гүлді де ерекше жақсы көретін кейіпкеріміз – Үржан Әбзелова.

Әрбір тұрғын өз ауласына гүл егіп, көшет отырғызуды қолға алса…

Бұл – Үржан Оралбекқызының сөзі. Жаздың күні қаланың әр көше бойынан түрлі-түсті гүлдерді көре аламыз. Оған қоса аллея, скверлердің хош иісті гүлдермен әсемденген сәтін көріп жүрміз. Міне, осы еңбекке өз үлесін қосып келе жатқан кейіпкеріміз Үржан Әбзелова 36 жылдан бері абаттандыру-көгалдандыру, санитарлық-тазалық саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Жылдың төрт мезгілінде де оның қолы босамайды. Көктем мен жаз айларында көркейту саласында жүрсе, қалған мезгілде қаланың тазалығымен жүреді. Қарбалас тірлік арасында Үржан Оралбекқызы бізбен әңгімелесуге алтын уақытын бөлді. 

– Жақында алпыс жасқа толдым. 1963 жылы 19-наурызда қазіргі Түркістан облысының Мыңбай ауылында дүниеге келдім.1980 жылы Ж.Жабаев атындағы 10 жылдық мектепті бітірген соң «Комсомол жастары» бригадасында еңбек еттім. Одан кейін Алматы ауыл шаруашылығы мемлекеттік институтының өсімдікті қорғау факультетіне түстім. Оны 1987 жылы тәмамдап, мемлекеттің бағыттауымен Қызылорда қаласына мамандық бойынша көгалдандыру мекемесіне орналастым. Сол уақыттан бері осы шаһардың көгалдануына үлес қосып келемін, – деді кейіпкеріміз.

Негізі ол алғашқы еңбек жолын қаладағы «Көгалдандыру» мекемесінен бастады. Содан соң аллеяларға түрлі гүл тұқымдарын отырғызып, оларды күтіп-баптау арқылы туған жеріміздің келбетіне сән қосқан кейіпкеріміз қазіргі таңда мекемеде тазалық шебері болып жұмыс істейді. Бірақ әлі күнге дейін өзінің сүйікті ісінен айнымаған еңбек иесі, жыл сайын ауласына түрлі гүлдер мен ағаш көшеттерін отырғызуды игі дәстүрге айналдырған.

– Көгалдандырушылардың жұмысы – қала, ауыл, елді-мекендерде ауаны тазарту, көлеңкелеу үшін тал бұтақтары мен түрлі гүл тұқымдарын егіп, олардың құлпырып өсуіне жағдай жасау. Бұл жұмыстардың жүйелі атқарылуына баршамыз жауаптымыз. Яғни, аймағымыздың жасыл-желекке оранып, мекенжайлардың әсем көрініске бөленуі өз қолымызда. Оған тек жалқаулық танытпай, көгалдандыруды өз ауламыздан бастауымыз қажет. Мәселен, көптеген жеке сектор ауласына қарапайым үй жағдайында гүл өсірмек былай тұрсын, ағаш көшеттерін отырғызуды білмейді. Егер де әрбір тұрғын көктем мезгілінде есігінің алдына ағаш көшеттерін отырғыза бастаса, оның еш қиындығы жоғын бірден түсініп, шаһарымыздың шырайлануына сүбелі үлесін қосқан болар еді, – деді Үржан Оралбекқызы. Себебі кейіпкеріміздің өзі де ауласына түрлі гүлдер егіп, таза аулаға сән қосушының шеберіне айналған.

– Гүл өсіру хоббиіме айналып кетті. Әр адамның сүйікті ісі болады деп жатады. Негізі ондай іс болған да дұрыс. Тек қаланы ғана көркейтпей, кейде есік алдындағы аулама да мән беру керек деген жауапты жұмысым бар. Үйде аула гүлдерімен бірге бөлме гүлдерін де өсіремін, – деді әңгіме барысында.

Қызылордаға қандай гүлдер төзімді?

Қызылорданың жазғы аптап ыстығы белгілі. Маманның айтуынша, осы ауа-райына төзімді гүлді де еккен дұрыс.

– Көбіне қалаға егілетін гүлдің түрлері – питуния, сальвия, кан, герань, көпжылдық раушан гүлдері. Арасында бархат, шафран гүлдерін егуге болады. Бірақ олар ыстыққа қатты шыдай бермейді. Күннің салқын кезінде әдемі болып өсіп тұрады да шілденің ыстығына шыдас бере алмайды, –  деді.

Маман кеңесі

Әңгіме барысында маманнан кеңес сұрамасқа болмады. Өйткені бәріміз де есік алдын әртүрлі гүлдермен көркейткіміз келетіні рас.

– Негізі гүлдерді тегіс жерлерге егуге болады. Бірақ біздің жерге жаңбыр жиі жаумағандықтан арық қазып еккенді жөн көреміз. Айталық, арық тым терең болып кетпеуі керек, 0,5 сантиметрдей етіп қазып дайындау қажет. Ал арықтың жиегіне егілген гүлдер суды жақсы ішеді. Кейде қатты ыстықта біраз гүлдерден айырылып қалатын кездер де болады. Сол үшін де екі мезгіл суару керек. Айтпақшы, есте сақтайтын нәрсе, жерді аударып, жұмсартып алғаннан соң көң салу керек. Оның үстіне ағаш үгіндісін салуға болады. Себебі ағаш үгіндісі жерді босатып, сорды ұстап тұрады. Пайдасы зор. Өйткені біздің жер тұзды болған соң осыны ұмытпау қажет.

Гүл егуге қай кез қолайлы десеңіз, сәуір айынан бастап қолға алынады. Мамыр айына дейін толық егіліп болуы қажет. Көбіне гүлдің көшеттері де егіледі. Бірақ олар кейде тез алып кете алмайды. Сол сәтте мен әлсіз өсіп келе жатқан гүл көшеттерінің бойына солардың тұқымдарын егіп жіберемін. Сенесіз бе, әлгі тұқымнан егілген гүл көшеттегі гүлден озып кетеді. Сонымен қатар тұқымға да аса мән берген дұрыс. Өйткені олардың арасында да майда дәндер болады. Кейде тұқымды жинап, әр жерге тастай салғандықтан оның дәндерін тышқан жеп қояды. Ал өзім тұқым жинаған сәтте осыған қатты мән беремін.

Базардан алған тұқымдардан гүл өспей қалды дегенді көп адамдардан естіп жатамыз. Әрине, өспей қалады. Өйткені тұқымды әр жерге тастағандықтан сапасы болмайды, – деген кеңесімен бөлісті маман.

Әңгіме соңында…

– Мамандықтың арқасында қала сәулетінің артуымен бірге отбасымның да гүлденуін қатар ұстаудамын. Бүгінде үш баланың анасы, аяулы жар, немерелердің әжесімін. Осылай гүлденіп жатқан жайымыз бар, шүкір, – деп әңгімесін әдемі аяқтады.

Бір байқағанымыз, кейіпкеріміз күнделікті тір­шілікте гүл секілді күлімдеп, көңілді жүреді екен. «Көңілді жүреді екенсіз» деп жағымды ойымызды жасырмадық та.

– Иә, ол рас. Өйткені көңілді жүріп кіріскен кез келген іс жақсы болады, жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Бұл өмірдегі гүл өсіру секілді екінші ұстанымым, – деп күлімдеп жауап қатты кейіпкеріміз. Расында, өзі де гүл секілді…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: