Бейсенбі, 10 қазан, 10:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Әз-Наурызды асыға күттік

20.03.2021

1796 0

Биыл көпшілік наурыз мерекесін асыға күтіп жүр. Соның бірі – қаланың жас тұрғыны Аслан Нұржанұлы. «Тәте, білесіз бе, мен наурызды қатты сағындым» деген балдай сөзі құлағыма жағып кетті. Әдетте, кішкентайлар бұл мейрамға асықпайтын еді. Маған інімнің сөзі қызықты көрініп, қайта сұрадым:

– Аслантай, наурызды неге сонша күттің? – дедім таңырқай.

– Тәте, былтырғыдай үйде отырып тойлағым келмейді. Көп адам ауырып, мейрамды дұрыс тойлай алмай қалдық қой. Ешкім ауырмаса екен, – деген кезде көзіме еріксіз жас келді. Ойын баласы арманын жасырмады, ашық айтты. «Шіркін, сенің айтқаның болсын. Ешкім ауырмасын» деген күйі қалдым. Иә, расында да былтырғы сәт қайталанбаса дейміз. Алла амандығын беріп, бәрі Ұлыстың ұлы күнін аман-есен, мәз-мәйрам күйде атап өткенге не жетсін…

Дүйім жұрт күткендей бұл – көктемнің, жылылықтың, бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар.

Наурыз – бірінші ай

Наурыз – жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңелу сәті, халықтың ынтымақ күні. Сонымен қатар нау­рыз – табиғаттың мейрамы. Өйткені Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары бұл күнді «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те дәріптейді. Наурыз – қазақта бірінші айдың аты. Адамдар бір-бірінің қатесін кешіріп, татуласады, оның аяғы ойын-сауық, ән-жырға жалғасады. Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. Олар «Наурыз тойы», «Наурыз жыры», «Наурыз көже», «Наурыз бата» деп аталады.

Наурыз халықтық мереке бола тұра кеңестік саясат кезінде оны тойлауға діни мейрам есебінде тыйым салынды. Бірақ осы тұста Мағжан Жұмабаевтың мына сөзі еске түседі: «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» деген. 1988 жылдан бастап Наурыз мейрамы қайта тойлана бастады және ол барлық жерде кең қолдау тауып, халықты рухани жағынан байытты.

Наурыз – шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де күн мен түннің ұзақтығы теңеледі. Сол себеппен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың құт мезгілі есебінде наурызға бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай санаудың басы етіп алған.

Наурыз төл мен наурыз көк

Көктемнің шуақты сәті наурыз айында мал төлдей бастайды. Осы наурыз төлін төлбасы ретінде бағалап, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп-бағады. Төлбасы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбіне өз қызық, тойына немесе құрбандыққа жаратып, ырым етеді.

Наурыз көк – осы айда ұшып келетін көктем құсы. Көк бояуы басым шағын ғана қаракөк құс. Осы құсты шығыс халқы ерекше құрметтейді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырады. Наурызкөкті ешкім үркітпейді, оны киелі құс қатарына қосады.

Наурызшешек пен наурызша

Табиғаттың тағы бір сыйы – наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Әсемдік үшін үйде өсіріледі. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақ елінің таулы аймағында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

Наурыз айының ашық күндері қолдан ойғандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шағылысып, шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған.

Қыдыр атаны көрдіңіз бе?

Дүйім халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке сыйлаушы, қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қартты Қыдыр деседі үлкендер. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа барып, бата береді деп күтеді. Содан да болар, әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын да, қора-қопсыны тазартып, ағаш отырғызды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Сондай-ақ қонақжайлылыққа байланысты да Қыдыр ата ерекше құрметке ие. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз бар.

Наурыз думан

Бұл күн үлкен болсын, кіші болсын, осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауық ұйымдастырылады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жат әдеттерге тыйым салынған. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойын өткізіледі. Наурызда жұмбақ, ән, өлеңдер, Наурыз жырлары айтылады. Кішілер үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын үш-тоғыз күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын, той.

Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып, «ұйқыашар» әзірлейді. Ол сүр ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Осы күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылатын болған.

Наурыз көже

Наурыз тойының ажырамас белгісі – наурыз көже дайындау. Бұл көже азықтың жеті түрінен жасалады. Жеті түрлі азық халықтық дәстүрден шыққан. Көже бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су секілді тағамдардан жасалады да әр үй өз отбасынан дәм таттырады. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр етті де қосуға болады. Наурыз көже ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік сияқты бағалы дәстүрдің бірі – дәм таттырудың көркем көрінісі ретінде қалыптасқан. Өйткені қазақта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар.

Наурыз бата

Қазақ батаға бай халық. Соның бірі – Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізілгенде осы күнге арнап наурыз көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мәселен, «Өркенің өссін. Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын. Ұлың оңға, қызың қырға қонсын. Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол. Бақ берсін, қыдыр дарысын». Міне, осылайша жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Оған қоса наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Наурыз тілек

Әр адам өзіне, отбасына немесе ағайын-туыстары мен дос-жарандарына Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп, дәм татады. «Төрт-түлік ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!» деген ақ тілектер айтылады. Тілек – достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарастықты салтының бірі ретінде айтылған.

«Көк тәңірі, нұрыңды аяма,

Жер тәңірі, ырысыңды аяма!

Әділ жанды тағынан тайдырма,

Әз халықты бағынан айырма!

Басыма бас қос, жасыма жас қос, асыма ас қос!». Мұндай жақсылықты әр отбасы өз шаңырағында қол жайып, шын ниетпен, пәк көңілмен тілейді.

Тілші түйіні:

Мақаламыздың басында кішкентай кейіпкеріміз Аслан айтқандай, айналамыз аман болып, жылдан-жылға наурыз мерекесін тойлап, бір-бірімізге тілегімізді арнап, үлкеннен бата алуды бәрімізге бұйыртсын. Бала тілегі қабыл болсын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: