Жұма, 26 сәуiр, 13:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Отырардың жасыны»

02.02.2021

1741 0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық жастар театрының ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Отырардың жасыны» атты тарихи драма сахналанды.

Оған қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, жазушы Сайлаубай Жұбатыров және басқа да зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Қойылымда шығыстың ғұла­ма ойшылы, математик, астролог, Арис­тотельден кейінгі екінші ұстаз са­налған Әбу Насыр әл-Фараби өмі­рі мен өз дәуірі шебер суреттеледі. Көрермендердің ба­сым бөлігі жас­тар болғаны көңіл қуантады. Бұл  – жас жеткін­шектеріміздің рухани мұра­мызға деген құрметінің артып, қызығушылығы жоғары екен­дігінің айғағы.

Қойылым Отырар қаласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің жастық шағынан бастау алады. Бұхара, Шаш қаласынан білім алып кел­ген жас өрен қару-жарақ пен со­ғыс даласын емес, ілім жолын таңдағанымен өрбиді. Әке жолын ұстанып, батырлыққа бет бұрмай ілім-ғылымның ізіне түскені оны әлемнің екінші ұстазы атан­дырады.   

Әкесі көз жұмар алдында ұлы Әбу Насыр әл-Фарабиге білім жолына біржола бет бұрып, алдына қойған армандарына жету үшін батасын беріп, әке үмітін ақтауды аманаттайды. Өз кезегінде Әл-Фараби әке сеніміне селкеу түсірмей әлемдік деңгейдегі білім нәрін толық меңгеруге Бағдат қаласына аттанып кете барады. Ол туған шаһары Отырар қаласымен қоштасар сәтінде «Мен туған топырағымнан қуат алып, Отырардың жарқылдаған жасы­ны болуға сөз беремін» деп жүріп кетеді. Міне мәрттік. Әке үміті ақталды. Кешегі Әбу білім кеңістігінде атын алтын әріппен жазып қалдырған дана болып дәріптелді.

Драмалық қойылымның негізгі мақсаты осы болатын. Бұл білім, ғылым мен діннің ара жігін дұрыс ажырата білу екендігін айғақтай түседі. Құндылықтарға негізделген қойылым талантты жастардың шынайы шеберлігімен көркем бей­неде көрерменге боямасыз тарту етілді.

Режиссер Оңталап Нұрмаханов­тың жетекшілігімен сахналанған спектакль осылайша Сыр төрінде тың серпін алып, жастар театрын жаңа қырынан таныта білді.

– Әбу Насыр әл-Фарабиді әлі де тани түсуіміз керек. Грек ғалымы Аристотельмен тең дәрежеде та­нылған тұлға. Қойылымды тебіре­ніспен тамашаладық. Режиссер  – драматург шығармасына екінші өмір сыйлаушы. Бұл тұрғыда ре­жиссер Оңталап Нұрмахановқа риза­шылығымды жеткіземін. Шы­­ғарманы шыңына жеткізіп орындай білген жастар театры ұжымына мың алғыс. Өнері өрісті елдің келешегі кемел. Театрдан рухани қуат алып, жанымыз жадырап қалды. Сыр төріндегі спектакль әлемдік деңгейде әспеттелді, – дейді драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жолтай Әлмашұлы.                                                          

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: