Жұма, 26 сәуiр, 12:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сатирик Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста

28.09.2021

1312 0

Биыл Сыр өңіріне белгілі сұңғыла сатирик, ақтаңгер ақын Қазыбек Әшірбекұлы 75 жаста. Ақынның мерейтойына орай «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде рухани кездесу шарасы өтті.

Басқосуда облыстық мәслихат депутаты, ҚР Журналистер Одағының аймақтың филиалының директоры Аманжол Оңғарбаев мерейтой иесіне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы Алғыс хатын табыстады. Аманжол Сақыпұлы қаламгер шығармашылығындағы салмақты ой мен ұтымды пікірлерді тілге тиек етіп, дәстүрге сай шапан жапты.

– Құрметті Қазыбек Әшірбекұлы! Сізді мерейлі 75 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! 20 жылдан астам уақыт Қызылорда облысында ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып, қоғам тыныштығын сақтауға елеулі үлес қостыңыз. Құқық қорғаушы ретінде абыройлы еңбек етіп қана қоймай, қаламгерлік қырыңызды да халыққа таныта білдіңіз. Әзіл-оспақ, сын-сықақ материалдарыңыз республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Халық», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде, «Ара», «Әлімсақ» журналдарында және басқа да басылымдарда үзбей жарық көріп тұрды. Көз майыңызды тауысып жазған «Күлкі керуен», «Жебе», «Ұрт пен жұрт» кітаптарыңыз бүгінде оқырманның олжасына айналды. Еңбегіңіз еленіп, талай марапатқа ие болдыңыз. Сыр өңірінің саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласып келесіз. Сізді осынау мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық шабыт, отбасыңызға құт-береке тілеймін! – делінген алғыс хатта.

Аймақ басшысының марапатына қаламгерлер қауымы да алғыс білдірді. Жиында ардагер журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Жолдасбек Ақсақалов мерейтой иесі Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылық жолы туралы естелікпен бөліссе, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбет ақынға ақжолтай тілегін білдірді.

Қазыбек Әшірбекұлы – аймақтағы алғашқы тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінде қызмет атқарған кезінде де өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкейге түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тастаған қаламгер. Осы ретте кездесуде қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков Қазыбек Әшірбекұлының басылым тарихында алар орны туралы айтты.

Өз кезегінде қаламгер облыс әкімінің арнайы марапаты мен шығармашылық ұжым ықыласына алғыс білідірді. Сондай-ақ, сақшылық қызмет пен сатиралық өнерді қатар алып жүрген қаламгер өз болмысынан сыр ақтаратын «Өткен шаққа саяхат» атты өлеңін оқып берді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: