Сенбі, 20 сәуiр, 02:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Табиғат жарасым тапқан кез

16.03.2021

2643 0

Ел егемендікке ұмтылған сонау 1991 жылдың елең-алаңында Наурыз мейрамы  жұртшылықпен ресми түрде қауышты. 1991 жылдың 15 наурызында Елбасы, сол тұстағы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жарлық шығарып, Наурыз мейрамы шын мәніндегі халықтық, ұлттық мерекеге айналды. Биыл бұл жарлықтың шыққанына да 30 жыл толып отыр.

Наурыз мейрамы – табиғаттың шын мәнінде жарасым табатын кезі. Бұл күні ағайын-туыс, дос-жарандар бір-бірінің үйін аралап, ренжісіп қалған жандар болса кешіріп, үлкені кішіге ізет, кішісі үлкенге құрмет көрсететін, төс қағыстырып амандасып, саулық сұрасатын шақ.

Наурыз мерекесі қарсаңында ел ішін Қыдыр аралайды деген түсінік бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ Самарқанның көк тасы еритін күн тектен-текке – жыл басы саналмағаны белгілі. Бұл екі жүз не үш жүз жыл бұрын қолға алынған шаруа емес. Мұның тарихы тереңде. Кеңес үкіметі кезінде діни мереке саналып, көпке дейін тойланбай қалған. Тек туған елдің айбарын көтеріп, тәуелсіздікті жақындата түскен Желтоқсан оқиғасынан кейін екі жыл өткен соң мерекелене бастайды. Онда да қазақтың заңғар ұлдары Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шаханов бастама көтеріп, 1988 жылдан бері қайта тойлана бастады. Ал Елбасы жарлығы Наурызды шын мәнінде халықтық мерекеге айналдырды.

Ертеде осы күні ауыл ақсақалдары:

 «Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын» – деген тілек айтып, қырғи-қабақ болып қалған ағайын-туысты, дос-жаранды бір дастарқанға отырғызып, дәм таттырып, табыстырған.

«Қыдыр қонсын басыңа,

Жақсы келсін қасыңа» – деп  отбасын құруға шамасы келмеген жалғыз жүрген жетімдерді екеу қылып, өз алдарына жеке отау еткен. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жақын туыстарына арнайы аманаттап тапсырған, күйеуі не әйелі өлген жандарды әмеңгерлік жолымен үйлендірген. Осылайша, жетімі мен жесірін жылатпаудың тамаша әрі тиімді жолын тапқан. Мұнымен қоса жастар жағы сауық құрып, алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Қазақтың көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, ақ сүйек секілді басқа да ойындары ойналады.

Мақала дайындау барысында бірнеше адамның пікірін де білген едік. Біздің алғашқы кейіпкеріміз – қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов ағамыз.

– Наурыз – қасиетті мереке. Жалпы бұл мейрамның сан ғасырлық тарихы бар. Күн мен түн теңелетін уақыт, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді жыл басы деп есептеген. Бұрынғылардың данышпандығы сонда жатса керек. Кеңес үкіметінің тұсында Наурыз мерекесін діни мейрам санап, тойлатпай қойған. Халықтың дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, салт-санасымен астасып, біте-қайнасып жатқан Наурыздың мән-мағынасын халық жете түсінді. 1988 жылы Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шаханов сол тұстағы Орталық комитеттің бірінші хатшысы  Колбинге Наурыздың діни мереке еместігін дәлелдейді. Содан бері Наурыз халықтық мереке ретінде тойланып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бұл күн мемлекеттік мерекелердің тізіміне қосылды. Бұл мейрамның мәні де, мағынасы да терең екенін халқымыз жақсы ұғынады. Бұрындары үлкен кісілер наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні үйдің төріне Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп, төрге қос шырақ жағып қояды. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Қора-жайлары ретке келтіріліп, ағаш егіліп, ескі-құсқылардан арылып, жер көктемгі егіске дайындала бастайды.

«Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады», «жыл бойы ақ мол, дән-тасқын, жауын-шашын көп болсын» – деп Қызыр күні ыдыс атаулыны ырысқа (Бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, т.б), аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, т.б) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы болады» деп қуанған.

Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт жаңа киімдерін, таза бір  киерін үстіне іледі. Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар. Кісілер бір-бірімен кездескенде:

– Жасың құтты болсын!

Өмір жолың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле – жала жерге енсін! –

деп құттықтап, ер адамдар қос-қолдасып, төс қағыс­тырады, ал әйелдер болса, құшақтасады: ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

– Қос қолдап амандасып, төс қағыстыру – «өмір тіре­гім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді. Наурыз жырында:

– «Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар,

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар, – деп айтылған екен.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан  – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағам­дары мен жеміс-жидектен) және қызылдан (еттен дайындалатын тағамдар) жеті түрлі тағамдар қойылады.

Наурыз көженің қойдың басы мен сүр ет салып пісірі­луі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышудың мәнісін білдіреді. Ал наурыз көжені тойып ішу – «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды.

Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт,піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумалаған жігіттер, айнала төңірегіндегі су жолдарының көзін ашып, «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ақсақалдар есік алдына ағаш көшеттерін отырғызған. Әйелдер атып келе жатқан күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды күн – Ана!» деп иіліп сәлем береді, – деген ойымен бөлісті.

Ал сатирик Қазыбек Әшірбекұлы Наурыз дегеніміз жаңа күн дегенді білдіреді, – деп сөзін бастады. – Қазір көрісу күні деген шықты. Жалпы бұл мереке деп атауға болатын күн бе өзі? Оның түп-төркініне үңілген жан бар ма? Көрісу деген менің түсінігімде қайғылы жағдайда орын алатын ғұрыптық салт сияқты. Оны тойлап, мерекелеу дегенді түсіне алмадым. Мейрам деп Наурызды айтуға болады. Бұл – біздің жаңа жыл. Бар тіршіліктің бастауы. Менің өзім 75-ке келдім. Осы күнге дейін көрісуді мейрам ретінде атап өткенді көрген де, естіген де жан емеспін. Тек соңғы жылдары еліміздің батыс өңірі бастама көтеріп, көрісу амал мерекесі ретінде атала бастады. Бұрынғылар қалай еді?.. Наурыздың 18-іне тоқсан шығады. Осы күні Самарқанның көк тасы ериді. Тоқсан шыққаннан кейін ауа райы бірде мейіз, бірде киіз болады. Ары қарай сәуір болмай, тәуір болмайды деп жатады. Біле білген адамға Наурыз жыл­дың басы ғана емес, сонымен қатар тіршіліктің бастауы да. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы да осы кез,  – деп ағынан жарылды. 

– Тәуелсіздік алған жылы мектепке барған біз Наурызды­ ерекше күтетінбіз. Ұлыс мейрамы мерекеленетін күні ауыл­ға қарай тартатын едік. Ауылда аудан орталығында қы­зық болатындай көрінетін де тұратын. Ауылдағы стадион­да бірнеше киіз үй тігіліп, емен де семен наурыз көже дайындалатын. Сен іш те, мен іш деп  жүргенде «көже­ні тойып ішсең, тоқ боласың» деген үлкендердің сөзін естіп, екі-үш тостағанын тауысатынбыз. Бұл да бір қызық дәу­рен екен ғой, – дейді Сұлтанбек Үргенішбаев есімді азамат.

Кімнен сұрасақ та Наурызды бірлік пен татулықтың мерекесі деп айтады.  Наурыз жаңа күннің бастауы десек, онда жылдың да бастауы екені айдан анық. Қалай деген күнде де табиғат жарасым тапқан кез тіршіліктің бастауы болып қала бермек.

Ә.Жұмаділдәұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: