Қызылорда облыстық филармониясының әншісі, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаеваның есімін бүгінде ел біледі. Сырнаймен айтқан ерекше ашық дауысы, нақышына келтіре айтқан әсем әні сайраған бұлбұл үнімен теңескендей. Оның үстіне дәстүрлі әнді сырнаймен орындауға көп әнші тәуекел етпейтіні белгілі. Әншінің әкесі Әлмырза Ноғайбаев хас талант, жезтаңдай әнші екенін күллі қазақ біледі десем қателеспейтін шығармын. Тарлан талант иесінің «Жез киік» әнімен танылғаны белгілі. Ол кісі әнді домбырамен орындаса, Нартай атамыз дүниеге келген киелі мекеннің құдіреті болар. Ақмарал сырнаймен ән айтуды қалады
Ақмаралды әкесі Нартай әндерін орындауға бағыттап, аудандық музыка мектебінің аккардеон сыныбына береді. Алғаш Махмұт Асқаровтан тәлім алған. Аккардеон сыныбын бес жыл оқып, мектептегі ән кештерінде сырнаймен ән салған. Ең алғаш 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған кеште «Синий платочек» әнін айтқан кезде толқығаны сондай, көзін тарс жұмып алып орындағанын айтады. Бұл аккардеонмен ең алғаш ән салуы екен.
– Көрерменге лық толы зал тым-тырыс. Бұл не тыныштық деп көзімді ашсам, көрермен сілтідей тынып, ән тыңдап отыр. Ал ортада Нина Петровна Безгина деген орыс тілі пәні мұғалімі шыр айналып билеп жүр. Көрерменнің ықыласына тәнті болған мен әрі қарай әнімді сенімді түрде жалғастыра бердім. Себебі бұған дейін аккардеонмен тек нотамен шығарған шығарманы ғана ойнайтынмын. Ал бұл ән аспапты толық меңгермей тұрып, өздігімнен тыңдау арқылы шығарған алғашқы әнім еді. Оны мектеп сахнасында алғаш орындау мен үшін өте жауапты болды. Мектеп бітірген соң да бір жыл өз мектебімде әннен сабақ бердім. Осылайша аспапта ойнау шеберлігін дамыта жүріп, әкемнің алтын қорындағы Арзулла Молжігітов, Әбілаш Әбуов, Айзахан Бижанова, Тұрсынкүл Баяханова, Мұхаметжан Рүстемов үнтаспасынан Нартай әндерін тыңдап үйрене бастадым, – дейді әнші.
Қазір ел ішінде әлі де тұнып тұрған, зерттелмеген жыршылар мен олардың шығармашығын зерттеуді перзенттік парызы санайтын әнші бүгінде сол бағытта тер төгіп жүргенін айтады. Оның репертуарында Нартайдың барлық шығармасы мен халық әндері бар.
Бүгінде ұлағатты ұстаз ән додасына қатысып, сырнаймен төгілтіп ән салып топ жарған шәкірттерімен мақтанады. Алайда домбыраға қарағанда сырнаймен ән салу күрделірек болған соң көп шәкірт тәрбиелеу мүмкін емес екендігін айтады.
– Сырнайда ойнай отырып, шығарма орындау кейбір музыка мамандарын әлі күнге таңғалдырып келеді. Аспап пен дыбыстың үндесуі, шығарманы орындау мен аспапта ойнауды қатар дамыта отырып, бүтін бір дүниеге көрерменнің көңілін аудару көп жылдық еңбектің нәтижесі. Аспабын құшақтап келген талапкерге бағыт беруден шаршамаймын. Шәкіртім өте көп те, аз да болуы мүмкін. Дегенмен жоқ емес. Солардың арасынан Тоғжан Өтенова, Ізбасқан Дәулетхан секілді шәкірттеріме үміт артамын, – дейді әнші-ұстаз.
Өнерге адалдық, ізденімпаздық, шынайылық, сезімталдық, шыдамдылық қасиеті Ақмарал Ноғайбаеваның ел алдындағы абыройын асырып, мерейін өсіріп келеді.
Ақмаралдың ұстанымы өнерді мадақ, марапат үшін емес, киесі үшін құрметтеу керек. Құдай берген талант халықтың игілігіне жарауы керек.
Өнер иесі ән салғаннан бөлек, әр шығарманың түпкі негізін, шығу тарихын, оқиғасын зерттеп жүретінінен хабардармыз. Шығармашылықта, жалпы күндегі тіршілікте, мейлі шаруашылық өмірде болсын, әрбір істің жүйелі орындалғанын қалайды. Қолөнермен айналысып, сахналық киімнің үлгісін өзі сызып, әрбір элементіне мән береді. Бас киімдегі үкісі де өз қолынан шыққан. Қолы бос кезде асүйден шықпай, отбасы мен қонағына дастархан жаю – сүйікті ісі. Арасында ән салып жүріп, құрт, май, ірімшік істеп, дәмді ас пісіру – әншінің сүйікті ісі.
– Анамның құрсағына біткеннен өнер адамы болу тағдырыма жазылған деп білемін. Әкенің қанымен дарыған қасиет қой бұл. Әр нәрсенің сұрауы бар. Сол қасиетті өнерді ел игілігіне өз деңгейінде жарата алсақ, біз үшін бақыт сол. Ата-анаңнан тәлім тәрбие алып, ұядан ұшқан соң, ұшар биігіңде, қонар айдыныңда адамзаттың қажетіне жарау керек. Әулетіме адал келін, ұрпағыма асыл ана, сүйгеніме адал жар, ата-анамның абыройын асқақтатар ұрпақ болсам арманым жоқ. Шәкірттерге ұлағатты ұстаз, немерелеріме сүйікті әже, келіндерге ақылшы ене ретінде, халқыма өнеріммен қажет болсам дүниенің қызығы сол емес пе? Жолдасым Жолмырза екеуміздің отасқанымызға 30 жыл болды. Бір ұл, екі қыз өсірдік. Үш немереміз бар. Бүгінде Көркем, Бегімсұлу, Әдемі деген ханшайымдардың әжесімін, – деп ағынан жарылды Ақмарал.
P.S. Ақмарал Ноғайбаеваның орындауында, Нартайдың «Нақыл сөз» термесін QR кодты сканерлеу арқылы тыңдай аласыз..
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!