Бейсенбі, 21 қараша, 23:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Балалық шақтың бал дәмі

05.11.2024

937 0

Қалада дүниеге келсем де, балалық шағым ауылда өтті. Содан да болар, таза ауасымен, тұнық суымен, көк майса шөбімен ауыл көрінісі есімде қалды. Оған қоса, атам мен әжемнің тұңғыш немересі болдым. Барлық құрметтің, сый-сияпаттың, еркелету сөздерінің бәрі менікі… Әкем – сегіз ағайынды. Әрқайсысының маған деген махаббаты бөлек болды. Әкем мен анамнан жиі еститін әңгімемнің бірі: «Сен дүниеге келгенде атаң ауылдың шабандоздарын жинап, көкпар берді. Сөйтіп, құндақтаулы жатқан сені қолына алып көтеріп, үлкендердің ақ батасын алды. Қап-ай, сол кезде осы күнгі ұялы телефон немесе камера болғанда ғой. Естелікке түсіріп алатын едік», – деп қызықтыра айтады. Иә, расында да бұл мен үшін әдемі естелік…

Шұлғауды шыр айналдырып…

Атам мал бағатын. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп жүретін. Ал әжемнің орны тіпті бөлек еді. Ол кісінің берген тәрбиесі, аялы алақаны, еркелеткені ерекше болатын. Үнемі «Жасаған бере салған» дейтін марқұм әжем. Сол баға жетпес асыл сөзі әлі құлағымда.

Ауылдың ажары болған Сайыпжамал әжемді ағайын-туыстың бәрі құрметтейтін. Осы кезде де көзін көргендер «Сайжа өте керемет адам еді» деп айтып жүреді. Расында да қазақылығы, қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, жақсы қасиеттің бәрі сол кісінің бойынан табылатын. Бір сөзбен айтқанда, көркем мінезді әжем көпшілікті өзіне осылай баурап алатын.

Ал ешкімге арамдығы жоқ, аңқылдаған Итемір атам мал бағатындықтан көбіне сыртта жүретін. Атам мен әжем қайда барса, мен сонда жүремін. Есімді білгеннен әжемнің сары самаурыны қайнап тұратын. Ол самаурын маусымға қарамайды, қайнай береді, қайнай береді… Әжем де жарықтық, шайды өте жақсы көретін. Сол кезде үйге жолаушылап көп адам келетін. Бірі қонақ болып келсе, енді бірі жоғалған малын іздеп, әжемнің қолынан шай ішпей кетпейтін. Үйге сырттан адам келсе, әжем балаша қуанып, алдына барын қойып, дастарханын жайып, күтуші еді.

Әжемнің басынан орамалы түспейтін. Тіпті түнде ұйық­таған кезде де орамалмен жататын сәті әлі есімде. Сол әсер етті ме, мен де бала кезден басыма орамал тартқанды жақсы көрдім. Бір күні мынадай қызық болды. Орамал таппай қалдым. Сөйтсем, үйдегілер бар орамалды жинап, қол жетпейтін жерге қойыпты. Бойым кішкентай, жоғарыға жетпейді. Ал өзім қырсықтаумын, қалай болғанда да, басқа бірнәрсе тарту керек болды. Содан бар тапқаным – майлық болды. Әйтеуір, басыма бір матаны ілу керек. Соны тарта салдым. Сөйтіп жүргенде үйдегілер майлықты да тығып тастайтынды шығарды.

Орамал тартқым келетінін үйдегілерге дұрыс жеткізе алмаймын. Тілім анық емес. Тек былдырлаймын, бірақ оған ешкім мән бермейді. Білмеймін, кеш сөйледім бе, әйтеуір, еркелік басым болатын. Содан орамал да, майлық та жоқ. Әйткенмен амалын табатынмын. Тапқанда да қалай десеңізші?

Ол кезде жайлауда едік. Күндіз үйге малшылар жиі келетін. Әжемнің дастарханы үнемі жаюлы, шайы дайын. Ал мен жүрмін, орамал таппай… Содан көзім есік алдындағы малшылардың шаң басқан керзі етігіне түсті. Ішінде шұлғауы бар екен. Қуанып кетіп, шұлғауды басыма орап алдым. Бір кезде малшылар үйден шығып, шұлғауын іздеп әлек. Содан әжем маған ұрысып-ұрысып, басымнан жұлып алды. Сол оқиғадан кейін менен орамалын тықпайтын болды.

Бұзық бұзау

Бірде ауылға жиен апам келді. Сиыр сауатын уақыт. Әжем жиен апам екеумізге:

– Ана бұзауды ұстап тұрыңдар, анасына қарай жіберіп қоймаңдар, – деді.

Мен бұзаудың жібін апама ұстатып қойдым да, әңгімені жібергенмін ғой. Не айтқаным есімде жоқ. Әйтеуір, балпылдап сөйлей беретінмін. Апам маған еріксіз қарап тұрған кезде бұзау қолынан шықты да, қашты дерсіз.

– Неғып тұрсың? Бар, қу. Әйтпесе, үйдегілер өлтіреді, – деп қоямын өзімше тапсырма беріп. Жиен апам бұзаудың соңынан жүгіре жөнелді.

Бір кезде бұзаудың ұзын жібін ұстады. Мен тұрмын, төбеге шығып, «енді жіберме, жіберме» деп қоямын. Бұзау да бой берер емес. Әбден ығыры шыққан апам жерге отыра қалды. Бірақ бұзау тоқтасын ба, апамды одан әрі сүйрей жөнелді. Құмды жер ғой, қанша дегенмен. Әйтеуір, түбінде апам жеңді-ау… Бұзауды әкелді де, мықтылап байлады. Жәймен жанына бардым да:

– Не ғой, менің бағана әңгіме айтқанымды үйге айтпа, – деп оқытып қоямын.

– Неменеге? – деген қоңыр даусы баж ете қалды. Әбден шаршаған. Өзі көп сөйлей бермейтін.

– Айтсаң, саған ұрысады. Мен кішкентаймын ғой, – деп ақталдым. Әйтпесе таяқтың бір ұшы маған тиетінін де біліп тұрмын ғой.

Ғұлы-ғұлы…

Әжем дүние салған соң мен қалаға қайттым. Ата-анам қалада тұрса да, қала сыртында бақша егетін.

– Ғұлы-ғұлы деген жәндік бар. Інін ағашпен шұқысаң, ақырындап шығады. Сосын оны алып, табанына жақсаң, қатты жүгіретін боласың, – деп әкем бір інді көрсетпесі бар ма… Әкемнің айтқанын естіп алып, соны жасауға құмартып тұртатын бала емеспіз бе? Әрине, маған ол қызық көрінді. Оның үстіне інінен шығарар кезде айтатын сөзі де бар екен. «Ғұлы-ғұлық әкең өлді, шешең өлді, шық…» деп әрмен қарай жалғаса береді. Оны енді сол кезде ойнағандар біледі.

Содан түсінгенім, ғұлы-ғұлы құмды жерлерде жатады. Ұясында шұңқырлай жасап, өткен-кеткен майда жәндіктерді аңдиды. Сол «окопта» жатқан жәндіктің өзін ұстап алып, табанға жағу ойымнан шықпай қойды. Әкем де бұл ойыма қарсы болмады. Не керек, әкем айтқандай, әлгі жәндіктің інін де, өзін де тауып, шығарып алып, жерге отырып, табанға ысқылап жаға бердім. Сөйтіп әкеме айттым, «мотоциклмен кете беріңдер. Мен соңдарыңнан жүгіріп көрейін» дедім. Сондағы ойым, желаяқ болып, олардан озып кету еді. Әкем де келісе кетті. Мотоциклмен жарыса жүгірдім. Бір кезде әкем қалып қойды. Мен жол жиегінде зымырап, ешкімге қарамастан жүгіріп келемін. Іштей озғаныма мәзбін.

Бір кезде әкем ақырын келіп, қасыма тоқтап, мотоцикліне мінгізіп алды. Әжептеуір шаршағаным рас, енді. Қалаға жеткенше өз-өзіме ризамын. Расында да ғұлы-ғұлыны жағып, қатты жүгіруге болады екен деп ойлап қоямын. Сөйтсем, әкем мені озсын деп тасбақа аяңға салған екен. Аңқаулық-ай десеңші…

Құрт ұрлаған қыз

Бала кезде тым ерке, одан қалды тентектеу болдым. Үндемей тындыратынмын. Сосын дым болмағандай көзім бақырайып отыра беремін. Сұлутөбеден кейінгі жаныма жақын ауыл Абай елді мекені болды. Себебі Темірхан және Мәлике есімді нағашы атам мен әжем сол жақта тұрды. Ол кісілерді мен көке, апа деп атайтынмын, оларды да өте жақсы көрдім.

Бәрінен бұрын маған нағашы апамның құрт жайғаны ұнайтын. Сол кезде жанында жүретінмін. Өзі тазайым әрі тамаша кісі еді. Құрты да дәмді.

Жаздың кезі. Үйдегілердің бәрі демалуға кетті-ау дегеннен мен жорыққа шығамын. Мен үшін жайылған құртты ұрлап жеу – бір ғанибет! Пысықтығым ба, қулығым ба, білмеймін,  әйтеуір, қалғанын басқа жерге жасырамын. Сондағы ойым, қалаға әкету ғой. Соны сұрасам да, береді. Бірақ маған ұрлап жеген қызық еді.

Бір күні апам өзінен-өзі сөйлеп жүр…

– Осы сауысқаннан-ақ бәлеге қалдым-ау… Жайған құртыңды қоймайды, тегі, – деп бұлқан-талқан…

Мен көлеңкеде отырмын, үнсіз…

Малдың келер уақытын күтіп жүрген нағашы атам:

– Әй, кемпір, қойшы. Ертең тағы жаярсың. Қоймаған несі, – дейді.

«Сауысқанға не болған?» деп ренжіп қояды. Сол құрт ұрлаған сәтімді апам ақыры білмей кетті. Осы күні Абайдағы қарашаңыраққа барсам, осы оқиғалар есіме түседі.

Р.S. Бүгінде сол балалық шағымның куәсі болған ата-әжелерім өмірден өтті. Бірақ сол қымбат қазыналарымның арқасында менің де балдай тәтті қайта оралмас балалық кезім әлі күнге дейін жадымда. Бұл оқиғалар мендегі керемет шақтың жартысы ғана. Ал сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ,

Суретке түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: