Қызылорда қаласының дамуындағы оңтайлы өзгерістер соңғы жылдары алға басуда. Шаһарымыздың шырайы келісіп, көркіне көрік қосты. Соңғы жылдары жаңа нысандар салынып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Құрылысы қарқынды қаланың көркейіп, көшелері кеңейіп жатқанын айтпау мүмкін емес. Қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуы әрбір тұрғынға қуаныш сыйлары хақ. Орайы келгенде қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Қай басшының болсын, жұмыс нәтижесі елмен етене араласумен байланысты. Қала әкімінің орынбасары ретінде тұрғындармен байланысыңыз қандай деңгейде?
– Облыс орталығы өзге қалаларға үлгі боларлықтай өркендеп, өсіп келе жатыр. Бұл тұрғыда жүйелі жұмыс істеп, сапаға мән берудеміз. Қала тұрғындарының игілігі жолындағы тоқтаусыз тірліктер кезең-кезеңімен жасалуда. Соңғы уақытта халықпен байланыс орнату жақсарды. Тұрғындармен жиі кездесу ұйымдастырылады. Қаланың өркендеуі, дамуы, көркеюі – бұлардың барлығы тұрғындардың талап-тілектеріне сай орындалуда. Тұрғындар кездесуде немесе хат арқылы, одан бөлек әлеуметтік желі арқылы өз аймақтарындағы мәселені жеткізеді. Сол жұмыстар бойынша, олардың талап-тілегін орындауға күш саламыз. Қазіргі уақытта халықпен ашықтық бағытында жұмыс істеп отырмыз.
– Қалада спорт пен мәдениет саласының дамуы үшін жасалып жатқан қамқорлық туралы айтсаңыз...
– Қазіргі таңда қала мәдениеті жоғары дәрежеде елге қызмет етіп, мәдени-рухани азық сыйлап келеді. Оның бәрі мемлекет қолдауын жүйелі түрде үйлестіріп отырған аймақ басшысының мәдениет саласына деген оң көзқарасынан деп білеміз. Бүгінде қалаға қарасты 12 мәдениет ошағы халыққа мәдени-рухани азық сыйлап келеді. Балалар мен жасөспірімдердің, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ашылған 97 үйірменің 1249 қатысушысы бар. Қала мәдениетіне қатысты өзге де біршама жағымды жаңалықтар, толымды тірліктер жетерлік.
Қала бойынша мәдениет ошақтарының ең басты жаңалығы деп – Талсуат және Қарауылтөбе ауылдарында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа мәдениет үйлері бой көтеруін айтсақ болады. Сондай-ақ барлық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар басталды. Ойға алған шаруалар өз нәтижесін берді.
Мәселен, Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйіне лэд экран құрылып, көрермендер залының төсеніштері жаңартылды. Абай, Ақсуат, Қызылжарма ауылдық мәдениет үйлерінде жыл соңына дейін лэд экран құрылады. Компьютерлер мен ноутбуктер, қосымша жарық қондырғыларымен жарақтанған мәдениет үйлері табысты еңбек етуде.
Шаһар аумағындағы мәдениет үйлері мен клубтар жыл басынан бері 966 шара ұйымдастырып, оған 159841 көрермен қамтылған.
Бұқаралық спортты дамыту үшін – спорт нысандары баршаға қолжетімді болуы қажет. 2023 жылдың қорытындысымен бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 141161 адамға жетіп, 39,5 пайызды құрады. Биыл межені 40 пайызға жеткізу тапсырылды. Қала тұрғындарын қолдау мақсатында ай сайын аз қамтылған, көп балалы отбасылардағы және мүгедектігі бар балаларға «Евразия» және «Мұз айдыны» спорт кешендеріне барлығы 17600 жолдама беріледі.
Бүгінге бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл басынан 154 спорттық іс-шара өткізіліп, 11181 спортшы тартылды. Бөлімге қарасты «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клуб» КММ-де спорттың 11 түрінен үйірме ұйымдастырылды. 1404 қала тұрғынына спортпен айналысуға мүмкіндік берілген. Жергілікті тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалғанның бір дәлелі осы.
– Халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – бүгінде маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет осы бағытты назарға алып, тиісті бағдарламалар ұсынды. Бұл тұрғыда қаламызда қандай жұмыстар атқарылды?
– Жыл басынан бері қалада 16 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылды. Оның 13 мыңға жуығы ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында ашылған жұмыс орындарына жолдануда. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 85 жоба арқылы 1266 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, бүгінгі күнге Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 1256 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 468-і тұрақты жұмыс орындары.
Сонымен қатар «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орны» бағыты бойынша 5462 жаңа жұмыс орны ашылды. Мекемелерден келіп түскен бос жұмыс орындарына 3664 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Мемлекеттік бағдарлама аясында «Жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға» 520 адамға мемлекеттік гранттар берілді. Жұмысқа тартудың белсенді түрлерінің бірі – қалада ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу болып табылады. Мұнда жұмыссыздарға жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік беріледі. Осы жылы 12 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 280 мекемеден жұмыс берушілер мен қадр қызметкерлері қатысқан. Соның нәтижесінде 1977 бос жұмыс орнына сұраныс түссе, 184 адам тұрақты жұмысқа орналасты, оның ішінде жастары – 67.
– Осыған дейінгі жасаған қызметтерде сізге мықты ұйымдастырушы, білікті басшы деген баға берілген екен. Мұндай баға алу үшін адамда қандай қасиет болуы қажет?
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруы тиіс. Шын мәнінде, жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және адал еңбек ету», – деген сөзін халық арасында кездесулерде жиі айтып жүр. Сол секілді абырой мен бедел – еңбекпен, маңдай термен келеді. Мықты ұйымдастырушы және білікті басшы болу үшін адамда бірнеше маңызды қасиеттер болуы қажет. Яғни топты басқару, адамдарға бағыт-бағдар көрсету, ортақ мақсатқа жету үшін команданы үйлестіру. Өзгерістерге және жаңалықтарға жылдам жауап беру де маңызды. Өз ұжымын жоғары нәтижелерге ынталандыру және жұмысқа қызығушылық тудыру – білікті маманның бойынан табылатын қасиетке жатады. Осы қасиеттер мықты ұйымдастырушы мен басшы болуға көмектеседі. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегендей, мықты басшы бола білу үшін жақсы мінез болуы керек. Әсіресе, адамгершілік қасиетті жоғалтпау керек.
– Қала әкімінің орынбасары ретінде айналаңыздағыларға қаталсыз ба? Жұмыс барысында қандай талаптар қоясыз?
– Қала әкімінің орынбасары ретінде қатал болу маңызды. Бірақ бұл қаталдықтың артында үнемі халықтың тыныштығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсаты жатыр. Халықпен тіл табысу, олардың талап-тілектерін түсіну, және уақытында шешім қабылдау – менің жұмысымның негізгі аспектілері. Ең басты талап – кәсібилік. Алдағы міндеттерді тиімді орындап, өз саласының маманы болуы керек. Екіншіден халықпен және әріптестерімен тиімді қарым-қатынас орната білу керек. Үшінші, жауапкершілік: Өз міндеттерін уақытында және сапалы орындау қажет. Төртінші, жаңа идеялар мен тәсілдерді ұсынуға дайын болу қажет. Тағы бір талап этиканы білу. Жоғары моральдық нормаларды сақтау керек.
– Жұмыстың ең ауыры – халықпен тіл табысып, жұмыс істеу. Уәдеде тұру сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Уәдеде тұру қай кезде де маңызды. . Әр уәде – бұл сенім, әрі ол халықтың билікке деген сенімін арттырады. Сондықтан уәдені орындау өте маңызды. Уәде – бұл сенімнің негізі және адамдар арасындағы байланыстарды нығайтатын фактор. Егер біз уәде берсек, оны орындау арқылы біз өзіміздің жауапкершілігімізді көрсетеміз және басқалардың бізге деген сенімін арттырамыз. Әсіресе, халықпен жұмыс істегенде, уәдені орындау – қоғам мен қарым-қатынасты жақсартуға, оның деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
– Немен мақтанасыз?
– Менің мақтанышым – командадағы жетістіктер, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамалар. Сондай-ақ халықтың қажеттіліктерін тыңдап, оларға жауап беруге мүмкіндік беретін көпшіліктің қатысуымен ашық диалог жүргізу. Өз жұмысымда тиімділік пен жауапкершілікті алға қойғаным үшін, халықтың сеніміне ие болу мені қуантады. Жүйелі жұмыстың нәтижесін тұрғындар көре білсе, халық үшін пайдалы қызмет жасасақ соның өзі үлкен мақтаныш.
– Қазір «Адал адам» орталықтары ашылып жұмыс істеуде. Адал адам дегенді сіз қалай сипаттар едіңіз?
– Өздеріңізге белгілі, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, зерделі, озық, адал қазақстандықтарды тәрбиелеуге бағытталған келелі ойларын айтты. Бұл – мемлекеттік сектор үшін идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттары бойынша нақты іс-қимыл бағдарламасының бір түрі. Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінің негізгі бағыты – өмірде адамгершілік заңдары мен биік құндылықтарды шешуші әділетті тұлға – «Адал адам» идеясы. Ел Президенті өскелең ұрпақ тәрбиесін, оның рухани дамуын, ұлттық сана мен патриотизмді нығайтуды ерекше атап өткен болатын. Бұл ретте аймақ басшысы биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялады. Білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжілісте биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен жас ұрпақты отаншылдық және патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» рухани-мәдени орталықтарын ашуды тапсырды. Мінекей, соның нәтижесінде бұл жобаның 7 бағыты бойынша қала және қалаға қарасты мәдениет ошақтарында нақты жұмыстар басталып кетті. Күн санап жаңадан үйірмелер ашылуда. Жыл басынан бері жоба аясында 688 шара ұйымдастырылса, оған 69 709 көрермен қамтылған. Оның ішінде балалардың үлесі 34 469-ды құрайды.
Жалпы, адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы. Адалдық біздің жан дүниемізден басталады. Ол адами қарым-қатынастан және іс-әрекетімізден көрінеді. Ал менің сипаттауымдағы адал адам – өзіне де, өзгеге де шындықты айтып, сын көзбен қарай алатын, көзге көрінген кемшілікті айту ауыр болса да тартынбайтын, елдегі игі істердің насихатшысы бола білетін адам.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!