Сәрсенбі, 21 қаңтар, 01:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Ғалым ұстаз бейнесі

21.01.2026

39 0

Ұлы Абайдың ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста деген үштік формуласы бүгінгі ғылым әлемінде кеңінен таныла бастаған EQ (Emotion Quality), яғни эмоциялық зердемен қатар SQ (Spirit Quality) – рухани интеллектіні де қамтиды.  Әсілінде, адамның рухани байлығы болмаса, оның алған терең білімі де, мықты эмоциялық зердесі де толыққанды жұмыс істемейді. Яғни, SQ болмаса, IQ, EQ-дың пайдасы аз.

Абай он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүректің айтысына ғылымды төрелік еттіреді. Ғылым үшеуінің де жақсылы-жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынай келіп, олардың басын қосып, жүрекке билету керектігі жайында үкім етеді. Демек, Абай қазіргі ғылым тілімен атайтын SQ-ді – рухани интеллектіні, яғни жүректі, адамның адамды сүюін, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Олай болса, рухани жағынан бай адам ғана «Адамды сүйіп, Алланың хикметін сезе алады», адамға қалтқысыз, қатесіз қызмет ете алады, ұрпаққа дұрыс тәрбие бере алады. Ондай жандармен өмір нұрлана түседі. Сондай ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі, қазақ лингвистикасында өзіндік орны бар ғалым ұстаз, филология ғылымдарының докторы,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының мүше-корреспонденті Жеңіс Сәдуақасұлы биыл 80 жасқа толып отыр.

Сыр елі өзінің ғылымдағы ғибратымен, өмірдегі өнегесімен алты алаштың рухани қазынасына қомақты үлес қосқан талай тегеурінді таланттарды, тұғырлы тарландарды берді. Жеңіс ағай өзінің «Сағыныш сазды сырларым» атты өмірбаяндық-танымдық эссесінде екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талған жылдың аяғында «Ұялы» аталатын Арал ауданына қарайтын балықшылар ұжымшарының «Жалпақ» деп аталатын кіш­кене аралшығында балықшылар отбасында дүниеге келгенін жазады. Ол кезде осындай кішігірім мекенде дүниеге келген шынашақтай ұлдың ұлттың сөздік қорын, қазақтың «сөз құдіретін» (Р.Сыздық) жинақтап, зерттеп, ғылыми негіздеп, талдап, жүйелеп отыратын феномендік сипаты бар ғылым саласы – тіл білімінің нағыз жанашыры, зерттеушісі болатынын кім білген?!

Жеңіс ағай 1964 жылы Қазалы станса­сындағы №420 орта мектепті бітіре сала, 1964-1967 жылдар аралығында Қазалы ау­даны, «Қызылқұм» сегізжылдық мектебінің мұғалімі болады. Ол кезде оқуға түсу арман­ға жетудің ғана жолы емес, қазақы ұғым тұрғысынан қарағанда, ел үмітін ақтап, адам болудың, өзінен кейінгі іні-бауырларына қамқорлық жасаудың, туған жерде өнегелі ұрпақ өсіп келе жатқанын дәлелдеудің бір үлгісі еді.

Осындай ел үміті мен ата-ана сенімін арқалаған Жеңіс Сәдуақасұлы 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атын­дағы пединституттың филология факульте­тіне Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1971 жылы үздік бітіріп шығады. 1971-1979 жылдарда Қызылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. 1979 жыл­дың қыркүйегінен бастап пединституттың педагогика және психология кафедрасына оқытушы болып орналасады. Осы уақыттан бастап, ғалымдық пен ұстаздық қызметінде тек биіктерге қарай өрлеу басталады.

Жеңіс Сәдуақасұлы – кәсіби жолын мұғалім болып бастап, үлкен әріппен жазы­латын ұстаз дәрежесіне жеткен тұлға, ұлағатты ұстаздық қызметін ғылыми жұмыстармен сәтті жалғастырған ғалым.  Ғылым жолы қашан да талмас еңбек пен табандылықты қажет етеді. Ғылымға ғашық ғазиз жан филология ғылымдарының докторы, профессор М.Т.Томановтың жетек­шілігімен «Қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы» тақырыбында кандидаттық дис­сертациясын табысты қорғайды. Қызмет ете жүріп, 1989 жылдан бастап филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Есеновтің кеңесшілігімен докторлық ғы­лыми жұмысын бастайды. Нәтижесінде 1997 жылы «Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері» тақы­рыбындағы докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғап шығады.

Тіл білімінің қыры мен сырына үңілген ширек ғасырға таяу уақытта ғалымның қаламынан туған грамматика  мәселелері, сөзжасам, сөйлеу мәдениеті, ономастика, аударма тілі, педагогика мәселелері, қазақ тілін оқытудағы мектеп пен институттың сабақтастығы, мемлекеттік тілде іс қағазда­рын жүргізу мәселелері, латын графикасына қатысты ой-толғаулар, тіл білімінің жаңа бағыттарына арналған қаншама ғылыми ең­бектері ғылымға қосылған сүбелі жаңалық болып есептелініп, ғылыми көпшіліктің тәлім алар, тәжірибе алмастырар мұрасына айналды. Әсіресе, қазақ тілі біліміне қосқан 100-ден аса ғылыми мақалалары мен монография, оқулық, оқу құралы, сөздік сияқты сүбелі еңбектері бүгінгі таңда барша ғылыммен айналысып жүрген лингвистердің зерттеу еңбектерінің ғылыми дереккөздеріне негіз болуда. Олардың қатарында: Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы, Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдер, Жай сөйлемнің құрылымдық түрлері (оқу құралы), Тілдік талдау түрлері (әдістемелік құрал),  Тілдік талдау практикумы, Жіктік жалғау парадигмасы: синтаксистік және семантикалық қызметтері, жай сөйлемнің құрылымдық түрлері, қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар, Қазақ тілі мәсе­лелері ғылыми-зерттеу, әдістемелік еңбектер мен мақалалар жинағы бар. Сонымен қатар енді жарыққа шығатын «Тілім – тіре­гім» (ғылыми мақалалар, сұхбаттар мен естеліктер) кітабы. Бұл ғылыми еңбектерінде ғалым тіл білімінің өзекті мәселелерімен қатар қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше  саналатын, әсіресе сөйлем талдауда қиын­дық келтіретін фонетикалық, лексикалық талдау, сөзді морфемдік құрамына талдау, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік талдау, стильдік қателер, оларды болдырмау жолдары, мәтін талдау үлгілерінің прак­тикалық жолдарын ұсынады. Сонымен қатар ғалымның Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ-ат тауарих» атты еңбегіндегі тіл­дік деректер жағын тереңдетіп, ондағы син­таксис мәселесіне ден қоюын да ерекше атауға болады. Үнемі ізденіс үстінде жүре­тін ғалым ұстаз 60-тан астам доктор­лық және кандидаттық диссертацияларға пікір білдір­ген. Ғалымның сарапшылық жасауымен 25 дис­сертациялық жұмыс қорғалған, тіке­лей же­текшілігімен 1 аспи­рант кандидаттық, 20 ма­­гистрант дис­серта­цияларын қорғаған.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналықты өмірінің бағдаршамына айналдырған Жеңіс ағамыз ғылымдағы табыстарын өзінің ұстаз­дарының қажырлы еңбегінің жемісі деп бағалайды.

– Профессор Ә.Қоңыратбаевтың, ғылым кандидаттары Н.Жүнісов, М.Бимағам­бетов, Н.Нұржанов, А.Шамшатова, Ә.Байжолов­тардың есімін ешқашан естен шығарған емес­пін. Керісінше, шәкірттерімнің алдында бол­сын, кездесулерде болсын, үнемі айтып та келемін, баспасөзде мақалалар жариялап та келемін. Қазіргі кезде өзімді өмірден өтіп кет­кен осы ұстаздарымның кафедрадағы «көзі­мін» деп есептеймін, – деп тебіренеді ағай.

Демек, адамның өмірге келгендегі мінде­ті – басқалардан пайда көру емес, керісінше, айналасына қызмет етіп, пайдалы өмір сүру. Осыны толық түсінген кезде ғана ол шынайы бақытқа қол жеткізеді, көкірегі қуанышқа толады. Бұл жолда кездесетін қиыншылық пен сәтсіздікке мойымайды. Ұлы миссияны, яғни адамзатқа қызмет ету миссиясын орындау жолында бойына сарқылмайтын жігер мен алапат қуат ұялайды. Нәтижесінде ол сөзсіз жетістіктің тұғырынан көрінеді. Бүгінгі таңда 80 жасқа толып отырған Жеңіс ағамыз сол жетістік мінберінде тұр.

Қадірлі аға, мерейлі жасыңыз құтты бол­сын, отбасыңызға береке мен бірлік, деніңізге саулық тілейміз. Ғылымда жаққан шырағыңыз мәңгілік өшпесін!

Күлдірсін САРЫШОВА,

ф.ғ.к., Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: