Паркинсон ауруы – адамның ерік-жігерін шынжырлайтын күрделі нейродегенеративті процесс. Соңғы жылдары әлемдік деңгейде бұл дерттің жасарып бара жатқаны және диагностикалық әдістердің эволюциясы медицина қауымдастығын тың шешімдер іздеуге мәжбүрлеп отыр. Бүгінде елімізде бұл дертті емдеу жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе, еліміздің жетекші медициналық мекемелерінің бірі – ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында Паркинсон дертімен күрестің ең озық технологиялары, соның ішінде мидың терең стимуляциясы сияқты жоғары технологиялық оталар жасалуда. ҚР Президенті Іс басқармасы ауруханасының білікті дәрігері, невролог-паркинсонолог дәрігері Давлат Мариповпен сұхбаттастық.
– Қазақстанда соңғы онжылдықта бұл дерттің көбеюіне не себеп болып отыр?
– Паркинсон ауруына қарсы күрестің халықаралық күні – қоғамның назарын осы дертке аударып, ерте диагностиканың маңызын түсіндіруге мүмкіндік беретін маңызды күн. Соңғы онжылдықта елімізде Паркинсон дертіне шалдыққандар санының артуының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығының өсуі мен медициналық диагностиканың сапалық жаңа деңгейге көтерілуін атап өткен жөн. Оған қоса, неврологиялық көмек бүгінде әлдеқайда тиімді бола бастады. Егер бұрын бұл бағытта жалпы бейіндегі неврологтар жұмыс істесе, қазір үлкен қалаларда қимыл-қозғалыс бұзылыстарына маманданған бейінді паркинсонолог мамандар бар. Бұл ауруды ерте кезеңде дәл анықтауға мүмкіндік берді. Бүгінде елдегі көрсеткіш әр 100 мың тұрғынға шаққанда 120 жағдайды құрап отыр. Ресми дерек бойынша 11 мыңнан астам науқас тіркелсе де, көмекке жүгінбегендерді ескерсек, бұл сан 30 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жыл сайын анықталатын 2000-ға жуық жаңа жағдай – бұл медицина үшін үлкен жүктеме әрі ерте диагностика жүйесін әлі де жетілдірудің кезек күттірмейтін өзекті мәселесі екенінің айқын дәлелі. Статистикалық көрсеткіштердің құбылуын, ең алдымен, отандық диагностиканың сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерілуімен байланыстырған абзал. Жасыратыны жоқ, бұрын бұл дерт көп жағдайда назардан тыс қалып, нақты диагноз кеш қойылатын. Ал бүгінде бейінді мамандардың шоғыры қалыптасып, ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі еселеп артты. Десе де мұны тек бір ғана фактормен шектеп қоюға болмайды. Оның астарында өмір салты, созылмалы стресс, экологиялық ахуалдың нашарлауы және агрессивті химиялық заттардың әсері сияқты себептер бар. Сондықтан аурудың өсу динамикасына жан-жақты әрі терең талдау жасаған жөн.
– Паркинсон ауруының негізгі себебі қандай? Ми жасушалары неден зақымданады?
– Паркинсон ауруы – дофамин (ләззат пен мотивация гормонын) өндіретін нейрондардың біртіндеп жойылуына байланысты дамитын нейродегенеративті ауру. Паркинсон ауруының табиғаты өте күрделі. Мидағы дофамин тапшылығы іркілгенде, адамның қимыл-қозғалыс еркіндігі шектеліп, денеде діріл пайда болады және бұлшықеттердің қатаюы байқалады. Бұл дерттің дамуын тек бір ғана себеппен байланыстыру мүмкін емес. Бұл жерде бірнеше қауіп факторы шешуші рөл атқарады. Олардың қатарында жас ерекшелігі, генетикалық бейімділік пен қоршаған ортаның агрессивті әсері, сондай-ақ созылмалы стресс пен қазіргі өмір салтын ерекше атап өткен жөн. Әдетте бұл ауру 60 жастан асқандарға тән деп есептелсе де, соңғы жылдары клиникалық тәжірибемізде 40-50 жас аралығындағы пациенттердің де жиілеп кеткені алаңдаушылық тудырып отыр. Демек, дерттің жасару үрдісі – заманауи медицина алдында тұрған үлкен сын-қатер.
– Тұқым қуалаушылықтың, яғни генетиканың рөлі қаншалықты? Егер жақын туыстарда бұл дерт болса, сақтанудың жолы бар ма?
– Генетикалық фактор шамамен 10-15 пайыз жағдайда кездеседі. Әрине, жақын туыстар арасында осы дертке шалдыққандар болса, қауіп деңгейі артатыны рас, алайда бұл міндетті түрде қайталанады деген үкім емес. Дерттің генетикалық табиғатына күмән тудыратын нақты клиникалық белгілер болады. Мәселен, аурудың 50 жасқа дейін ерте анықталуы немесе бір әулетте бірнеше адамның осы дертке шалдығуы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Алдын алу шараларына келер болсақ, бұл адамның өмір сүру салты шешуші рөл атқарады. Тұрақты физикалық белсенділік, сапалы ұйқы мен теңгерімді тамақтану, сондай-ақ сыртқы ортадағы токсиндерден барынша қорғану – дерттің белең алуына тосқауыл болатын негізгі фактор. Сондықтан гендік бейімділігі бар жандар өз денсаулығына ерекше ұқыптылықпен қарауы тиіс.

– Қоршаған орта, экология немесе кәсіптік зиян факторлар аурудың дамуына әсер ете ме?
– Иә, әсер етеді. Қоршаған орта мен экологиялық факторлар паркинсон ауруының пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе пестицидтермен, улы химиялық заттармен жұмыс істейтін адамдарда, сондай-ақ экологиясы нашар аймақтарда тұратын тұрғындарда қауіп жоғарырақ болады. Сондықтан кәсіптік зиян факторларды да ескерген жөн.
– Көпшілік паркинсонды тек қолдың дірілдеуі деп түсінеді. Сөйлеу мәнерінің өзгеруі немесе тепе-теңдікті жоғалту аурудың қай сатысында көрініс береді? Оны инсульт пен эпилепсиядан қалай ажыратуға болады?
– Көпшілік арасында қалыптасқан жаңсақ түсінікке қарамастан, паркинсон дерті тек аяқ-қолдың дірілдеуімен ғана шектелмейді. Бұл дерттің клиникалық көрінісі әлдеқайда терең. Бұлшықеттердің сіресіп қалуы мен қимыл-қозғалыстың айтарлықтай баяулауы аурудың негізгі діңгегі. Дерт асқынған сайын пациенттің сөйлеу мәнері де өзгере бастайды. Егер бастапқы кезеңде дауыстың сәл бәсеңдеуі мен сөзінің соңын жұтып қою байқалса, артикуляцияның бұлыңғырлануы анық көрінеді. Ал үшінші сатыдан бастап адамның тепе-теңдік жүйесі сыр беріп, жүріс-тұрыстың тұрақсыздығы мен теңселу пайда болады. Медициналық тұрғыдан паркинсонды ұқсас белгілері бар инсульт немесе эпилепсиямен шатастырмау өте маңызды. Олардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Инсульт – бұл қас қағым сәтте болатын дерт. Сөйлеудің кенет бұзылуы, қан қысымының көтерілуі, әлсіздік, беттің қисаюы мен дене мүшелерінің бірден жансыздануы шұғыл көмекті талап етеді. Ал паркинсон белгілері жылдар бойы, біртіндеп, байқатпай дамиды. Сол сияқты, эпилепсия ауруының ұстамасына тән сананың өшуі немесе ұстамадан кейін ештеңені еске түсіре алмау секілді симптомдар паркинсонға мүлдем жат. Көбіне ұстама кезінде науқас өзін білмейді, сұрақтарға жауап бермейді, ұстамадан кейін не болғанын есіне түсірмейді. Ұстама ұзақтығы әр адамда әртүрлі болуы мүмкін, бірнеше секундтан 30 минутқа дейін созылатын түрлері бар. Сондықтан паркинсон мен эпилепсияның айырмашылығы өте үлкен. Әр дерттің табиғаты бөлек болғандықтан, ұстамасы бар науқастар міндетті түрде мамандандырылған эпилептологтың бақылауында болуы тиіс. Бұл дұрыс диагноз бен тиімді емнің алғышарты.
– Бүгінгі таңда медицина бұл дертті толық жеңе ала ма?
– Қазіргі таңда паркинсон ауруын толық жазып жіберетін ем жоқ. Бұл – созылмалы және үдемелі ауру. Бүгінгі медицинада қолданылатын ем түрлері негізінен симптоматикалық, яғни науқастың жағдайын жеңілдетуге, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Паркинсон ауруын емдеуде арнайы клиникалық сынақтардан өткен дәрілік препараттар бар.
– Дофамин деңгейін реттеуден бөлек, ҚР Президенті Іс басқармасы ауруханасында қолданылатын бірегей немесе инновациялық әдістер бар ма?
– Біздің аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде паркинсон, тремор, дистониямен ауыратын науқастарға «мидың терең стимуляциясы» атты жоғары технологиялық ота жасалады. Бұл ем мультидисциплинарлық тәсілмен жүргізіледі. Яғни науқаспен невролог-паркинсонолог, нейрохирург, психиатр, логопед, реабилитолог сияқты мамандар бірлесе жұмыс істейді. Отадан кейін науқастың өмір сапасы жақсарып, қабылдап жүрген дәрілердің дозасы азаяды. Сонымен қатар жүруі жақсарып, қол-аяқтағы бұлшықет қаттылығы төмеңдейді. Алдымен науқас міндетті түрде невролог-паркинсонологтың консультациясына келуі керек. Егер ота жасау қажет болмаса, дәрілік емнің дозасын түзетіп, қажетті емдік көмекті көрсетеміз.
– Салауатты өмір салты немесе арнайы жаттығулар бұл дерттің алдын алуға көмектесе ме?
– Аурудың алдын алуда салауатты өмір салтының рөлі үлкен. Тұрақты дене белсенділігі, дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану, зиянды химиялық заттардан қорғану ауру қаупін төмендетуге ықпал етеді. Әсіресе қозғалыс белсенділігі өте маңызды. Бұл тек алдын алу үшін ғана емес, ауру анықталғаннан кейін де науқастың жағдайын жақсартуға көмектеседі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
