(Бүгінгі ертегі)
– Анашым, ертегі айтыңызшы.
– Баяғыда Асан мен Үсен деген бала болыпты.
– Ой, бұл ертегіні көп тыңдадым ғой.
– Онда «Бауырсақты» айтайын.
– Жаңа ертегі айтыңызшы. Өзіңіз «сендердің замандарың басқа» дейсіз ғой.
– Онда жаңа ертегілер іздейін.
Бес жастағы бүлдіршін анасын ойлантып тастады. Сөзі түйеден түскендей. Кейде осылай састыратыны бар. Өзі ақылды-ақ.
***
– Анашым, ертегі таптыңыз ба?
– Иә, мен саған бүгін жаңа ертегі айтамын.
– Алақай, тез айтыңызшы.
***
Баяғыда Ізгілік атты хан өмір сүріпті. Атына заты сай ханды барша ел жақсы көріп, қатты құрметтейді екен. Себебі ол ешқашан дәулетіне масаттанып, асып-тасыған емес. Бүгінгідей жетістігіне тек жақсы тәрбие, адал еңбекпен жетіпті. Сол себепті әрдайым адал еңбек, адалдық, ізгілік пен қайырымдылықты насихаттайды екен. Көпке сөзімен емес, ісімен үлгі болыпты. Жалқаулықты жаны сүймейтін хан әрдайым еңбекқор халықтың жанынан табылады екен. Тіпті, нағыз еңбек адамының атын әлемге таныту үшін арнайы сый тағайындапты. Еңбек адамын төрге шығарып, оларға үлкен құрмет көрсетуі, сый-сияпат жасауы ақсаусақтарға ұнай қоймай, қызғаныштан іші қыжылдайды екен. Ал адал еңбек иелері күн санап көбейе беріпті. Жағдайлары жақсарып, әрдайым Ізгіліктің шапағатына бөленіпті. Ізгілікпен бірге қайырымдылық, мейірім, жомарттық адалдық, тазалық, кішіпейілділік қатар өмір сүріпті. Ал ақсаусақтар ше? Олар қалай күн көреді? Қолынан іс келмейтін, өзгелерді көре алмайтын ақсаусақтар айласын асыруды ойлапты. Бір күні олар ойласа келе араларынан біреуін Ізгілік ханның қарамағына жұмыс істеуге жіберіпті. Ондағы ниеті Ізгіліктің ойын өзгерту болса керек. Ойласа келе, Құлқын атты көмекші Ізгіліктің алдына жұмыс сұрай барыпты.
– Адал еңбекті бағалайтын атағыңызды естіп, сізден тәрбие алсам деп келдім. Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын, – дейді Құлқын.
– Жарайды, бізге бағбан керек еді.
– Қолымнан келеді.
– Ендеше, іске кіріс.
Құлқын ханның сеніміне кіру үшін барын салады. Алақанының ойылғанына қарамастан шөп жұлып, гүлдерді баптайды. Ерте келіп, кеш қайтады. Осылайша күн артынан күн өтеді. Қандай іске жұмсаса да иіліп тұрады. Ай артынан ай өтіп, жыл артынан жыл өтеді. Елгезек Құлқын да еңбегімен елге танылып, ханның сенімді көмекшісіне айналады. Еңбекпен жетістікке жетуге болатынына Құлқынның көзі жетсе де өзінің арам пиғылын іске асыруды ойлайды. Оның ойы – оңай жолмен байлыққа ие болу. Өз ниетін жүзеге асыруды ойлаған Құлқын Ізгіліктің санасын улай бастайды.
– Сіз шартарапқа белгілі хансыз. Ал сіздің жағдайыңыз кетпен шапқан жұмысшымен бірдей. Үнемі жаяу жүресіз. Хан деген атқа лайық болуыңыз керек. Әуеліде бұл сөздер ханның ызасын туғызады. Қатты ашуланады. Алайда Құлқынның күн сайын әңгіме арасында «Сіз хансыз. Сіз бәрінен биік болуға лайықсыз» деген сөзі оны ойландыра бастады. Кейде бұл ойынан ұялып, мен жақсылықтың, еңбектің жаршысымын десе де, Құлқынның күн сайынғы сөзі Ізгілікті де жеңе бастады. «Сіз халықпен бірдей емес, олардан биік болуға тиіссіз. Аты аңызға айналған ханды көргісі келгендер алтынмен апталған, күміспен қапталған сарайды тамашалайтын болсын» дегенге Ізгілік те ойлана келе бұл жұмысты Құлқынға тапсырды. Тапсырма алуға зар болып жүрген Құлқын іске білек сыбана кірісті. Көзді ашып-жұмғанша зәулім көкпен таласқан сарай салынды. Ізгілік еліне тек зәулім сарайдың биігіне шығып қарайтын болды. Халықпен күн сайын емен-жарқын сөйлесетін ханның есігіне кіру қарапайым жұртқа мұң болды. Ізгілік кейде мұным дұрыс болмады-ау деп ойлана бастаса, Құлқынның сүйектен өтер сөзі санасын улап, мойын бұрғызбайтын болды.
– Ел сізге сый-сияпат жасап жатыр. Бұл ең еңбекқор адамның ісі, – деп, Құлқын ханның айналасына жағымпаз, жалқау, екіжүзді, айлакер, қу достарын әкеле бастады. Уақыт өте келе Ізгілік құрған қоғам да өзгерді. Бұрынғыдай адал еңбектің емес, айлакер мен қудың заманына айналып, ел қиын уақытты бастан кеше бастады. Баяғыдай еңбекке жұмылған ел жоқ, адал еңбекке құрмет жоқ, бәрі де бір Құлқынның құлына айналды. Тіпті Ізгілік те Құлқынның дегенінен шықпай, байлыққа масаттана бастады. Кейде өзінің адасқанына өкініп, өзіне айналғысы келсе де бүлкілдеген Құлқын қалай айнытып жібергенін өзі де түсінбей қалады.
Ал халық Ізгіліктің өз болмысына қайта оралуын күтіп үмітін үзбейді.
– Анашым, ертегіні өзгертсек болады ма?
– Қалай?
– Ізгілік Құлқынмен дос болмай-ақ қойсыншы.
– Ендеше, ертегіні қалай аяқтауды оқушының өзіне қалдырайық…
Гүлбибі Мұрат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!