2025 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жинақтау бағдарламасы туралы заңға қол қойды. Мұндағы мақсат – балалардың жоғары оқу орындарында білім алу үшін қаражат жинауға мүмкіндік беретін бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу. Заң бойынша мемлекет әрбір 5 жасқа толған бала үшін бастапқы білім беру капиталын тағайындайды. Бұл қаражат баланың білім алуына жұмсалады. Сонымен қатар әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балаларына қосымша жеңілдіктер қарастырылған. «Келешек» бағдарламасы мемлекеттің білім беру жүйесіне жаңа серпін беріп, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Шарты мен мөлшері
Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлағандай, «Келешек» бағдарламасы қазақстандықтарға балаларының білім алуы үшін қаржы жинауға көмектесуі тиіс. Бағдарлама бойынша әрбір 5 жасқа толған бала үшін бастапқы білім беру капиталы тағайындалады. Жиналған қаражатты Қазақстанның білім беру ұйымдарына ғана емес, шетелде білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Бастапқы капитал мөлшері жыл сайын бекітілген тәртіп бойынша есептеледі. 2025 жылы бұл қаржы 60 айлық есептік көрсеткішке (235 920 теңге) тең болса, жетім балалар үшін бұл сома 120 айлық есептік көрсеткішке (471 840 теңге) жетеді. Сонымен қатар балалардың білім алуына арналған депозиттерге мемлекеттік сыйақы қосылады. Сыйақы 5% болып белгіленсе, әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға жыл сайын 7% мемлекеттік сыйақы беріледі. Әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін жыл сайын 12 айлық есептік көрсеткіш бөлшерде ай сайын шамамен 4 000 теңгеге (12АЕК – 47 184 теңге) дейін жарна енгізу талап етілсе, өзгелер үшін бұл сома айына 8000 теңге немесе бір жылда 24 айлық есептік көрсеткішке (24 АЕК – 94 368 теңге) дейін болады. Жинақтау мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін болуы мүмкін.
Қаражатты қалай жұмсайды?
«Келешек» бағдарламасының басты ерекшелігі – жинақталған қаражатты тек бір ғана мақсатқа, білім алға жұмсауға мүмкіндік бар. Бұл қаражатты тек Қазақстандағы білім беру мекемелерінде ғана емес, сонымен қатар шетелде оқу үшін де қолдануға болады. Егер бала мемлекеттік грант иеленсе, жиналған ақшаны қайда жұмсайды деген сұрақ туындауы мүмкін.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Қалыбекқызының айтуынша, бала мектеп бітіргеннен кейін білім грантын жеңіп алған жағдайда, жинақталған қаржыны магистратурада, докторантурада, тұрғын үй жағдайын жақсартуға құқылы.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың мәлімдеуінше, 18 жасқа дейін балалардың шотында шамамен 3,6 миллион теңге жинақталуы мүмкін.
– Жинақталған қаражатты колледждер мен университеттерде оқу үшін, Қазақстанда немесе шетелде білім алу үшін пайдалануға болады. Егер бала мемлекеттік білім грантын алса, жинақталған қаражатты басқа деңгейдегі білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар бұл қаражатты үшінші тұлғалардың салымдарына аударуға, сыйақы алу үшін оны жинақтау шарттарымен алуға, немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалануға болады, – деп мәлімдеді вице-министр Талғат Ешенқұлов «inbusiness.kz» сайтына берген сұхбатында.
Сонымен қатар жинақталған қаражатты үшінші тұлғалардың білім алуына бағыттауға немесе жеке жинақтарын жалғастыруға болады. Бағдарламаның артықшылығы – мемлекеттік сыйақы мен банктердің немесе сақтандыру компанияларының сыйақысы, олар салық төлемей есептеледі. Қаражатты түрлі мақсаттарда пайдалану үшін нақты ережелер мен шарттар белгіленген.
Келешегіңді ойласаң…
Заң бойынша ата-аналар немесе қамқоршылар депозитті жыл сайын көрсетілген сомада толықтырулары тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет бастамашылық жасалған бастапқы капиталды қайтарып алады. Яғни егер жыл сайынғы жарна енгізілмесе, балалардың білім алуына арналған депозитке мемлекеттік сыйақы қосылмайды. Сонымен қатар депозиттерге мемлекеттік қорғау кепілдігі беріледі. Бұл дегеніміз, салымшылардың қаражатты 10 млн теңгеге дейін қорғауға алынады. Жинақталған қаражат үшінші тұлғалардың, мемлекеттік органдардың немесе басқа да талап қоюшы тараптардың талап етуінен қорғалған. Бұл заңның басты артықшылығы – балалардың болашағына бағытталған қаржылардың толық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы.
– Менің ойымша, «Келешек» бағдарламасы – баламның болашағына жасаған үлкен қадам. Өзім де осы бағдарлама арқылы балама жинақ ашуды жоспарлап отырмын. Бұл балаларымның жоғары білім алуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың болашақта жақсы өмір сүруіне, қоғамда өз орнын табуына да көмектеседі. Бағдарлама арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды пайдаланып, болашақта балаларымның сапалы білім алуына қаржы жинай аламын. Бұл мен үшін өте маңызды, себебі баламның арман-мақсатына жетуіне көмектесетін дұрыс таңдау болар еді, – дейді қала тұрғыны
Ата-ананың қаржылық сауатын арттырады
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Экономика және құқық» институтының директоры Гүлшат Дүзелбаеваның айтуынша, елімізде жақында 5-18 жас аралығында балаларға арналған «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Ұрпақ тәрбиелеп отырған кез келген ата-ана үшін қуанышты жаңалық.
– Мемлекеттік қолдауымен баланың кішкентай кезінен келешегіне аз-аздан белігілі бір мерзім аралығында қаржы жинауға мүмкіндік туды. Бұл білім беру жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған жоба деп есептеймін. Өз кезегінде елімізде жұмыс күшінің сапасын арттырып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай кадрларды қамтамасыз етеді.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы ата-аналардың қаржылық сауаттылығын арттырады. Бұл өз кезегінде, экономикалық тұрақтылықты сақтауға ықпал етіп, ел экономиканың өсуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар бағдарлама Қазақстанның білім беру жүйесіне бәсекелестік тұрғысынан оң әсер етпек. Өйткені есепшотында білім алуға қажетті қаражат бар балада таңдау болады. Осы арқылы ел ішіндегі білім сапасының артуы және шетелде білім алуға мүмкіндік болады. Нәтижесінде студенттер мен ғалымдар өз әлеуетін толық пайдаланып, Қазақстанды білім мен ғылым саласындағы жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті елдер қатарына қоса алады. Шетелдік білім беру жүйелерімен ынтымақтастық еліміздің білім саласындағы ашықтықты арттырып, халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді, – дейді Гүлшат Дүзелбаева.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!