Жұма, 27 желтоқсан, 04:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кез келген адам құтқарушы бола алмайды

19.10.2024

651 0

Сурет:Нұрболат Нұржаубай

Құтқарушы – мамандық емес,
ол – адамның жүрек төріндегі жақсылық жасауға ұмтылған болмыс. Арпалыс үстінде қиындықтан қорқуға емес, оны жеңуге, қауіпті сейілтуге қадам басатын жаужүрек жандар. Бейбіт күннің батыры деп бағалап жататын осы азаматтық қорғаныс саласы өкілдерінің
бүгін – төл мерекесі.

Кез келген адам құтқарушы бола алмайды

Қауіппен күн сайын бетпе-бет кездесетін сала мамандарының қажырлы еңбегін, жұмыстағы қиындығы мен қызығын айтып, тауысу мүмкін емес. Десек те бүгінгі күннің батыры тақырыбының тиегін ағыттық.
Жедел құтқару жасағы қауіппен әр күні бетпе-бет кездеседі

Еліміздің бірқатар өңірін су басқан сәтте сүңгуір досым Ержан Уәлиев ел басына төнген қауіпті сейілтуге аттанған. Хабар алып, есен-амандығын біліп тұрдық. Тікесінен тік тұрып, ұнжырғасы түскен халықтың еңсесін тіктеуге аттанғанын, сондағы елге титтей де болса көмегіміз тисін деп барғанын оның әрбір әрекетінен таныдық. Саламен таныс емес біз үшін бар көрген-баққанымыз – құтқарушы Ержан. Одан басқаны көрмедік те, білмедік те. Бұл жолы редакция тапсырмасымен құтқарушылар күніне орай қаламыздағы төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағына ат басын бұрғанда, Ержанның әріптестерімен таныстық. Иә, мұнда өзгенің өмірін аман алып қалу үшін өз өмірін қатерге тіккен нағыз азаматтар жетерлік екен.

Адам өмірін алты минутта
құтқарып үлгеру керек

– Ағын су қателікті кешірмейді. Осы жерде мықты бір жүзгіш болатын. Республикада талай байқаудан топ жарған көрінеді. Дарияны кесіп өтіп, әрлі-берлі жүзіп қоймады. Барып ескерту жасадым. Ал ол тыңдамады. Белгіленбеген жер екенін айтып едік, сен маған үйретпе деп кеудесін соқты. Білесіз бе, сол жігіт суға кетіп, денесін үш күннен кейін таптық, – деді сүңгуірлік құтқару бөлімінің басшысы Ролан Абдикалыков.
Сырдария үнсіз ағып жатыр. Талай сырды ішіне бүккен осы өзеннің бойында жігіттер қанша адамның өмірін аман алып қалды десеңші… Жігітімен ұрысып қалып, көпірден секірген қыздардың да көрер жарығы бар екен. Балық аулап отырған азаматтардың да қармағы әлденеге ілініп қалып, өз бетімен соны босатамын деп те батып бара жатқан жерінен алып қалып, екінші өмір сыйлады. Міне, сүңгуірдің мойнындағы жауапкершілік жүгінің қаншалықты екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Біз барған кезде ол Жанарыс есімді жақында келген қызметкерді жұмысқа бейімдеп, үйретіп жатыр екен. Роланның білікті маман, іскер басшы ғана емес, мықты ұстаз екенін де көрдік.
– Сүңгуір суға түскенде өзімен бірге бір адамның салмағын қоса артып кетеді. Ауа толтырылған баллонның салмағының өзі 14,5 килограмм. Ағыс алып кетпес үшін ауыртпалық байлаймыз. Киімнің де салмағы бар. Өздеріңіз көріп тұрған мына арқанды дабыл ұшы деп айтамыз. Сүңгуірдің беліне оралып, ол сол арқылы белгі беріп отырады. Біздің салада бұл бағытта көп белгі бар. Соның барлығын оқып-үйренеді. Өйткені біз таңертең жұмысқа келгенде алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, – дейді Р.Абдыкалыков.
Мұнда 75 қызметкер жұмыс істейді. Құтқарушылар тек судан ғана емес, барлық жағдайда адам өмірін сақтап қалуда еңбек етіп жүр. Құрлықта, жолда, тауда, суда, оларға бәрібір. Бастысы, адам құтқарудағы еселі еңбек.
– Адамды құтқару судан жағаға алып шығып, тастай салу емес. Небәрі алты минутта құтқарып үлгеруің керек. Сосын жағаға әкеп өкпеге жиналған суды шығарамыз. Жасанды дем беріп, оны тірілтіп алу керек, – деген Роланның сөзінен көп нәрсе ұқтық.
Еліміздің су басқан аймақтарына ең көп барған құтқарушылар – қызылордалықтар. Біздің жігіттердің біліктілігі мен тәжірибесінің молдығын осыдан-ақ байқауға болатын тәрізді. Үш айға жуық уақыт үй көрмей, қара орман халықтың қауіпсіздігін ойлады. Міне, бейбіт күннің батыры деген атқа лайық екенін әр күні дәлелдеп жүр осылай.

Патрульдік бақылау көп қауіптің
алдын алады

Мекеме басшысының орынбасары Тілеген Қойшықараев саналы ғұмырын азаматтық қорғау саласына арнап жүр. Қатардағы құтқарушыдан бастап сатылап өскен ол бұл күнде ізінен ерген мамандармен тәжірибесімен бөліскенді жақсы көреді. Әрбір күні жүгіруден басталатын сақа жігіттер бір күнде кемінде 25 шақырым жүгіреді. Физикалық дайындық олардың жұмысының жүйелі жүруіне септігін тигізеді.

– Үлкеніміз бар, жасымыз бар, қашан да қандай іске де дайын боп жүреміз. Сондықтан таңымыз жүгіруден басталады. Күнделікті 15-25 шақырым аралығында жүгіруден бастаймыз. Біз жұмысқа келгенде алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз.
Осы салада жүріп, басымыздан талай оқиға өтті. Біраз жыл бұрын Өскемен, Семей қалаларын қалың қар басып, қалааралық қатынастар тоқтады. Сол уақыттарда науқастарды, үлкен кісілер мен балаларды, аяғы ауыр келіншектерді аудан орталықтарына тасымалдадық. Күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмыттық. Тынымсыз еңбектеніп, елдің алғысын алғанымыз бар. Ал 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласын су басу қаупі төнді. Біз ол кезде де тәулік бойы жұмыс істедік. Халықтың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, өз міндетімізді бұлжытпай орындадық. Сондай сәттерде біз ең алдымен халықтың алғысын бірінші орынға қоямыз. Өйткені дана халқымыз «Батаменен ер көгерер», «Қарғыс алма, алғыс ал» деп тегіннен-тегін айтпаса керек-ті, – дейді Тілеген Шақарұлы.
Бүгінде облыс аумағындағы белгіленбеген жерлерде суға түсетін жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, патрульдік бақылау күшейген. Соның нәтижесінде адамдардың суға кету саны азайып, көрсеткіш едәуір деңгейге жақсарды.
– Патрульдік бақылауда біздің жігіттер таңертеңгі 10-нан түнгі 23.00-ге дейін аралықта жүрді. Соның нәтижесінде бізде адамдардың суға кету көрсеткіші төмендеді. Әрине, көрсеткішке жұмыс істемейміз, бірақ еңбектің нәтижесін айтып жатқаным. Кейбір жерлестеріміздің дөрекі мінезіне де шыдас беріп, олардың амандығы жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлеріміздің еңбегі ерен. Халық тыңдағысы келмейді. Патрульдік топты аңдып, олар жоқ жерге барып суға шомылады. Қаладағы жағажайдың құтқарушыларын да біз үйретіп, тәжірибесін арттырып, сабақ өткізіп тұрамыз. Олар да бізге үлкен көмек. Негізінен құрлықта жоғалған адамды бірінші ит табады, ал судағыны сүңгуір іздейді. Біз тек суда ғана емес, құрлықта да құтқарамыз, – дейді мекеме басшысының орынбасары.

Суда да, жолда да, мұзда да…

Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілдің бірі – Қызылорда-Жезқазған жолының жөндеу көріп жатқаны жақында ғана. Бұған дейін жыл сайын күз-қыс мезгілдерінде осы жол бойында қалған жолаушыларды тасуда төтеншеліктер тыным тапқан емес.
– Мына автокөлікті өздеріңіз көріп тұрсыздар, жолсызбен де жүре алады. Оған қоса, мына вагонның ішінде адамдар отырады. Бұл техникамен біз Қызылорда-Жезқазған секілді автожол бойында қалып қойған адамдарды құтқарып, осында әкелеміз. Арал ауданында мұз үстінен көлікпен өтемін деп, теңізге түсіп кететіндер де бар. Балыққа, аңға шығып та жоғалып кеткендерді іздейміз. Квадроцикл, үлкен доңғалақты автокөліктер мұндайда үлкен көмек. Әсіресе, кинологтарымыздың еңбегін ерекше атап өтуге болады, – дейді Тілеген Шақарұлы.

Кез келген жағдайға дайын болу керек

Біз мінген автокөлік қаланың батыс бөлігін туралап келеді. Дарияны жағалап, үлкен көшенің бойындағы көк қақпаға кеп тірелдік.
– Бұл жерде біздің жігіттер жаттығады. Физикалық тұрғыда дайындықтан өтіп, өздерін шыңдайды, – деді жол көрсетуші Әлия Қайратқызы.
Қалың қолдың ішінде жалғыз өзі қызғалдақ болған қазақ қызының есімі де тауып қойылған екен. Қазақтың батыр қыздарының символына айналған атақты Әлия. Біздің Сырда да осындай Әлияның бар екеніне шынымды айтсам, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
– Жақында ғана өткен «Қазқұтқару» халықаралық сарбаздар сайысында біздің жігіттер І орынды жеңіп алды. Мына өрмелеп бара жатқан құтқарушы Шерхан Тастемір – сол сайыста Сырдың даңқын асқақтатқан азаматтардың бірі. Енді бұл жаттығу алаңында мен сізге айтып таныстырмай-ақ қояйын, бәрін өз көзіңізбен көріңіз. Көліктер соқтығысып, ауыр апат болған жағдайда да біздің қызметкерлер сақадай сай болып барып, адамдарды аман алып қалуға жұмыс істейді, – деді Әлия Қайратқызы.
Уаз автокөлігінің алдыңғы бөлігіне он шақты адам отырып келгенбіз. Бірақ ауыл шаруашылығында мұндай автокөліктердің артқы бөлігі жүксалғыш болатын. Мұныкі басқаша. Кейін білдім, артқы бөлікте апатқа ұшыраған көліктердің есігін ашуға арналған гидравликалық құрал-жабдықтар мен генератор, темір кесетін құралдар тұр екен. Кәдімгі бес қаруын сайлап, кез келген іске дайын, мығым мамандар екенін айқын көресіз.
Жаттығу алаңында бірі ескі көлікті аударып, ішінен адам құтқарып жатса, тағы бірі биіктікке өрмелеп, жылдамдығын байқатты. Тағы бірі тросс арқылы салбырап, тартылып өтті де, қауіпті аймақтан секіріп өтті. Айтпақшы, кейбір апаттарда түрлі жағдайдағы жарақаттың салдарынан адамдардың ауыр халін көреді. Сол жерде жан тапсырғандарды шығарады. Мұның барлығы жақында ғана жұмысқа орналасқан маманға оңай тимесі анық. Ал психолог мамандар осы кезде көмекке келеді.
Иә, бұл жігіттер – бейбіт күннің батыры деген атаққа әбден лайық. Олардың әрбір жұмыс күні бейқам өтпейтініне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Өзге үшін өз жанын қатерге тіккен азаматтар

Қоңырау шырылдады… Рацияға да дамыл болмай кетті. Жігіттер бес қаруын сайлап, дайын боламын дегенше көлік те стартта тұрған жүйріктей осқырынып тұрған еді. Сақадай сай тұрған команда дереу жолға шықты. Талсуаттың тұсында Ақтөбе-Алматы пойызының тепловозы жанып жатыр екен. Сағаттар секундтай сырғыған кезде маңдайдан аққан тер жерге тамшылап, өрт сөндірушілер ең алдымен пойыз вагондарын аман алып қалу жолында арпалысты. Жігіттер ерледі. Тілсіз жау дер кезінде ауыздықталып, вагондар аман-есен қалды.
Бүгінде Қызылорда қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Олжас Ахметов сол оқиғаның күні бүгінгідей есте екенін айтады. Мұндай жағдайдың сан түрі болды. Әрбір өрт жаудың қалың қолы тәрізді. Оның бетін қайтарып, тойтарыс бере білу асқан шеберлікті, еңбекқорлықты, жанқиярлықты қажет етеді.
2022 жылдың 30 шілдесі болатын. Өрт сөндіру бөліміне жедел шақырту келіп түсті. Абай даңғылының бойындағы көпқабатты үйлердің бірінің 4-қабаты отқа ораныпты. Өрт сөндірушілер барған сәтте «ішінде адам бар» десіп жатты жұрт. Олжас Ахметов көп ойланбады. Оның ойында тек іштегі адамды аман алып шығу ғана болатын. Арнайы сатымен көтеріліп барып, терезеден кірген ол жатын бөлмедегі адамды аман алып шығып, жедел-жәрдемге табыстады.
– Біздің жұмыста күніге 2-3 шақырту түседі. Шырылдаған халықтың қиындығын түсінеміз. Оларға қолдау көрсеткіміз келеді. Дүние-мүлкін, үйін аман алып қаламыз, әйтеуір, көп шығынға батпасын дейміз. Ал ең негізгісі – адам өмірі. Өмір – бәрінен қымбат. Біз сол құндылықты аман алып қалу үшін күресеміз, – дейді Олжас Сабырұлы.
Бөлім кейінгі уақытта жаңа келбетке ие болған. Ғимараттың іші-сырты күрделі жөндеуден өтіп, жинақталған. Ең әуелі шақырту кезекші бөлімге түседі. Телефонмен де, рациямен де хабарлана береді. Ал кезекші қолына жол қағазын беріп, өрт сөндіруші бригадасына ұсынады. Ары қарай команда мекен-жайға кетеді. Бүгінде осы салада табысты еңбек етіп жүрген жастардың бірі Мырзағали Жылқыбаев өзінің мамандығымен мақтанады. Ол бұл жұмысты тек нәпақа табу ғана емес, айналаға өз жұмысың арқылы қуаныш сыйлау деп біледі.
– Шақыртуға шыққан сәтте алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бастысы, сондағы адамдардың амандығын тілеп бара жатамыз. Әрине, өрт оқиғасы қуанарлық жағдай емес. Бірақ сондай қауіп-қатерлі шақта сондағы жұртты аман алып қалуды ойлап тұрамыз, – дейді Мырзағали Амандықұлы.
Мұндағы техникалық база талапқа сай. Өрт сөндіруші автокөлік бір уақытта 5 тонна сумен бара алады. Ал қалған суды өрт гидранттарынан, өзен-көлдерден тартып алуға толық мүмкіндік бар. Десек те өрт гидранттары тақырыбы мезгіл мәселесі мінберінен түскен жоқ. Қала деңгейінде шет аймақтарда өрт гидранттарында су қысымы жоқ есепті. Тек осындай жағдайлар жұмысқа кедергісін келтіретіні қиын.

Дәулет ҚЫРДАН,

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: