Биыл көктемгі дала жұмыстары Сыр өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды кезеңдердің бірі болып отыр. Аймақтың аграрлық әлеуеті, су ресурстарына тәуелділігі және егіс құрылымындағы өзгерістер бұл науқанның тек өндірістік емес, стратегиялық маңызын арттыра түседі. Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде егіс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, негізгі ресурстармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдануда.
Егін шаруашылығында өзгерістер байқалады. Мәселен күрішке тәуелділікті азайту үшін басқа да дәнді дақылдарға көңіл бөлінуде. Биыл облыс бойынша 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 89,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,2 мың гектар, майлы дақылдар – 6,1 мың гектар, ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектарды құрайды.
Алайда басты назар аударатын өзгеріс – күріш алқаптарының қысқаруы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі 10,9 мың гектарға азайтылып, 70 мың гектар деңгейінде жоспарланған. Бұл қадам аймақтағы су тапшылығы мәселесіне жауап ретінде қабылданып отыр. Күріш – су ресурстарын көп қажет ететін дақыл, сондықтан егіс құрылымын әртараптандыру ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін маңызды.
Сонымен қатар ерте егілетін дақылдар бойынша да нақты нәтиже бар. Атап айтқанда, мыңдаған гектарға жоңышқа, бидай, арпа және мақсары егіліп үлгерген. Бұл мал шаруашылығын дамытуға бағытталған саясаттың да жалғасы екенін көрсетеді.
Тұқым қоры жеткілікті ме?
Көктемгі егіске қажетті тұқым қоры толық қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 20,4 мың тонна күріш тұқымы құйылды. Мұндай көрсеткіш аграршылардың тәуекелдерді алдын ала ескеріп, тұрақты өнім алуға ұмтылысын білдіреді.
Сондай-ақ тыңайтқыш пен гербицидтер мәселесін айта кетуіміз керек. Облыс тиісті мөлшерде тыңайтқыштарды сатып алуға барынша күш салуда. Мысалы, қазір 65,6 мың тонна минералды тыңайтқыштар керек. Бүгінде облыс олардың 81 пайызы немесе 53,1 мың тоннасы сатып алынған. Бұл көктемгі науқан басталғанға дейін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал гербицидтер бойынша көрсеткіш төмендеу, бар болғаны 8,5% сатып алынған. Дегенмен жауапты органдар көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін толық жеткізіледі деп отыр. Бұл бағытта логистикалық немесе қаржылық кідірістер орын алса, арамшөптермен күресте қиындықтар туындауы мүмкін.
Қазір егін науқанына ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайыз дайын. Жалпы саны 3975 техника толық жөндеуден өткен. Оның ішінде тракторлар, соқалар, тұқым сепкіштер және жүк көліктері бар.
Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету де алдын ала жоспарланған. 2026 жылға 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Дизель отыны «Шымкент мұнай» өңдеу зауыты арқылы жеткізіледі, бұл қажетті жанар-жағармайды жедел жеткізуге мүмкіндік бермек.
Әрине, бұл орайда қаржыландыру шешуші рөл атқаратыны анық. Себебі көктемгі дала жұмыстарының келешегі мемлекет қолдауына қарап отыр. Бұл бағытта облыста «Кеңдала-2» бағдарламасы аясында 7,6 млрд теңге бөлініп, 36 шаруашылық қаржыландырылған.
Шаруаларға қаржы институттары жүйелі жәрдемдесіп келеді. Оның ішінде Аграрлық несие корпорациясы және Фридом банк белсенді. Бұл ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру тетігін әртараптандыру сәтті жүріп жатқанын көрсетеді.
Қызылорда қаласына қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарында да көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл барлығы 8227 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 3200 гектар күріш, 296 гектар дәнді дақылдар, 2281 гектар мал азықтық дақылдар және 2450 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілмек. Шаруашылықаралық және ішкі каналдар тазартылып, 54 мың текшеметрден астам топырақ шығарылған. Сонымен қатар 2 гидротехникалық нысан толық жөндеуден өткізіліп, су жүйелерінің дайындығы қамтамасыз етілген.
Ерте егілетін дақылдар бойынша нақты нәтижелер бар. 1476 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, жаңа жоңышқа 537 гектарға егілген. Бұдан бөлек, 50 гектарға қант құмайы, 90 гектарға арпа, 70 гектарға жаздық бидай және 60 гектарға судан шөбі орналастырылған. Биыл 939 тонна күріш тұқымы дайындалып, оның басым бөлігі ресейлік сорттардан құралған. Отандық тұқым сорты «Сыр сұлуы» мен «Маржан» болса, ресейлік сорттар «Лидер» және «Янтарь» .
Өнімділікті арттыру үшін минералдық тыңайтқыштар толық көлемде сатып алынды. Жалпы қажеттілік 3500 тоннаны құрап, бүгінде 100 пайыз қамтамасыз етілген. Сонымен бірге көктемгі дала жұмыстарына 164 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 98 трактор, 23 соқа, 10 тұқым сепкіш және басқа да техникалар бар. Шаруашылық көліктерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге қажетті 245 тонна дизель отынын жеткізу үшін «РК Мұнай» және «Жібек Жолы LTD» серіктестіктері анықталған.
Қала аумағында күріш егу жұмыстарын сәуір айының екінші онкүндігінде бастау жоспарланып отыр.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
