Сәрсенбі, 04 желтоқсан, 13:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Көлік нарығы: отандық өнімге үміт арта аламыз ба?

03.12.2024

225 0

«Ер қанатыат» деп білген қазақтың қанына мен жанына көліктің қай түрі де жат емес. Аттың күшін автокөліктерге ауыстырған технологияның жетістіктері нарықты жаулап қоймай, өзіміздегі өндіріске де себеп бола бастады. Бұған жыл сайын саны артып жатқан көлік сатып алушылар дәлел. Биылғы жылдың көрсеткіштері қандай? «Қазақстанда жасалған» көліктер қаншалықты сұраныста? Темір тұлпар өндірісі бойынша қай елдер көш бастап тұр? Осы сұрақтар төңірегінде тақырыпты тарқатайық.

«Тәй-тәй басып келеміз»

Көлікқұмар қауымның сүйікті автопорталы «Колеса.кз» сайтының тілшісі, алғашқы қазақтілді автожурналист, автоблогингтің атасы Олжас Оқастың айтуынша, қазақстандықтардың көлігі жыл санап қалтаның қалыңдығына қарай өзгеруде.

– Көлігі бар адам қандай машинамен жүргенін үйде отырғанда терезеге қарап біле алады. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, әркім ақшасы жеткен көлікке мінеді. Баға да әртүрлі: 500 мың тұратын ресейлік тіркеудегі «ЛАДА»-дан G63 AMG-ге дейін. Халықтың басым бөлігінде сапалы, қымбат машинаға ақша жоқ. Дегенмен ресми статистика бойынша 2022 жылы Қазақстанға шетелден 63000 авто­мобиль кірген. Оған дейінгі көрсеткіш 10 мыңнан аспайтын-ды. Был­тыр Қазақстанда сатылған жаңа автомобиль саны 120 мыңнан асты. Бұл 2021 жылғы сатылымнан 10%-ға көп. Ал биыл әдеттегідей арзан седандар, компакт-кроссоверлер сұраныста болады деп ойлаймын.

Қазақтар негізінен Қытайдың көліктерін менсінбейді. Бірақ өзіміздегі көлік өндірісі ше? Кезінде корей көлігін де менсінбегенбіз. Ал қазір «Sonata», «К5», «Tucson» мен «Sportage» екінің бірі қол жетпейтін арман көрінеді. Қытайлармен де дәл сондай жағдай. Себебі әлемдік нарықта ханзулар ойып тұрып орын алуда. Қазір олардың өнімдері сапалы, жоғары технологиямен жасалған. Қазақ автопромы енді ғана «тәй-тәй» басып келеді. Бастапқыда SKD технологиясымен ғана жұмыс істеген зауыттар CKD-ге көшіп, майда торапты құрастыру әдісін меңгеріп жатыр. Модель саны да артуда. Мұның еш жамандығы жоқ. Өндіріс болса, зауыттағы жұмыс тоқтамайды, қызметкерлердің жалақысы төленеді, бюджетке салық түседі. Қазіргі таңда автомобильдер әлемнің түпкір-түпкірінде жасалатын компоненттерден құралады. Сондықтан «100% Қазақстанда жасалған көлік» болуы мүмкін емес. Бұл – жаңсақ ұғым, – дейді ол.

Биыл қанша көлік өндірдік?

 Әлемде жыл сайын 60 миллионнан астам жеңіл автокөлік шығарылады, ал көліктердің жалпы өндірісі 85 миллионнан асады. Көлік шығаратын зауыттар әр елдерде 4 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ІЖӨ-нің 10%-ын құрайды. Автокөлік өндірісі үш маңызды бағытты қам­тиды: өнеркәсіпті дамыту, мобильділік және адами капиталды дамыту. Осылайша, әртүрлі елдердегі автокөлік өнеркәсібінің өсуі фак­торлардың жиынтығының нәтижесі: халық санының өсуі, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жалпы барлық про­цестерді автоматтандыру деңгейін арт­тыру, экологиялық проблемалардың туындауы, табысты халықаралық ынтымақтастық, локализация дең­гейінің жүйелі түрде жоғары­лауымен байланысты. Мұның бәрі Қазақстан үшін де, елі­міздің автокөлік өнеркәсібі үшін де өзекті.

Қазақстандық авто­кө­лік өнеркәсібі де 2003 жыл­дан бастап елімізде жылы­на 3-4 мың ғана «Нива» маркалы авто­көлік құрастырудан бастап, бүгінгі күн­­ге дейін іс жү­зінде ұзақ жолдан өтті. Осы жылдар ішінде елімізде жеңіл де, жүк көлік­тері де, арнайы көліктер, автобустар, ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын және т. б. өндіріс орны ашыл­ды. Қазақстанға шетелдерден бірнеше брендтер келді. Елі­міз­­дегі негізгі зауыттар – Қостанай, Алматы, Семей және Көкшетауда.

Жақында кезекті Үкімет отырысында көлік өндірісі талқыланды. Саланы дамыту үшін 2028 жылға дейін бекітілген кешенді жоспар бар. Бұл жобаларды іске асыруға жыл сайын 60 млрд теңге бөлінуі тиіс. Қомақты қаржы мыңға жуық кәсіпорын ашып, өңірдегі экономикалық ахуалды жақсартуға сеп болу керек еді. Алайда тиісті шаралар атқарылмаған.

– Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Бірақ кәсіпорынға байланысты әлі сот жүріп жатыр. Сот аяқталғаннан кейін осы кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз.

Былтыр көлік нарығына 621 млн дол­лар тікелей инвес­тиция тар­тылған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ал отандық кәсіпорындар биыл 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарды. Десе де, импортталған автомобильді сатып алу­шылар да аз емес. Үкі­мет басшысы осы рет­те отандық өнім­ді қолдауға ша­қыр­ды. Олжас Бектенов әлемдік стандарттарға сай келетін көлік құралдарын шығаруға еліміздің қауқары жетеді деп есептейді. Оған бүгінде қолданысқа енген отандық аккумулятор, трансформаторлар мен кабель, локомотивтер дәлел, – дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, биыл 9 айда елдегі кәсіп­орындар 82 мыңнан астам жеңіл көлік шығарған.

– 2028 жылға қарай отандық машина жасау өнімдерінің көлемін екі есе арттыруды жос­парлап отыр­­мыз. Бүгінде елімізде өңдеу өнер­кәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұ­рақты өсім көрсетіп отыр.

Өз кезегінде машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің 20 пайыз үлесін алады. Сала­дағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мың­нан астам адам жұ­мыс іс­тейді, – деді министр.

Көш басында қытайлықтар

«OICA» автокөлік өндірушілерінің халықаралық ұйымында автокөлік құрастыратын, өндіретін немесе сататын 50-ден астам ел бар. Оның ішінде тек 15 ел ғана нөлден бастап түпнұсқалық өндірістегі көліктерді жасай алады. Олардың қатарында көршіміз Қытай да бар. Қытайлықтар көлік өндірісімен әлемді жаулап келеді. Қытайдың автоөнеркәсібі биік белесті бағындырды: егер 1985 жылы небәрі 5,2 мың жеңіл автокөлік шығарса, ал 1992 жылы өндіріс алғаш рет миллион автокөліктен асып, 2000 жылдардың аяғында Қытай әлемдік автоөндірісте бірінші орын иеленді. Оның үстіне өткен ғасырда Қытай автокөлік өнеркәсібінің міндеті саланың қалыптасуы болса, осы ғасырда 2012 жылдан бастап «таза» автокөліктерге, электрокөліктерге көшті. 2030 жылға қарай іштен жану қозғалтқыштары (ІЖҚ) бар автокөліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. 2023 жылдың қарашасында Қытайда 2,9 млн жеңіл автокөлік сатылды, оның 1 млн-нан астамы немесе 35,1%-ы электрокөлік. Айтпақшы, әлемдік электрокөлік нарығының 35%-ын қытайлық BYD бренді алып жатыр.

Қазірдің өзінде елімізде іргеміздегі көршіміз шығарған көліктер көшеде көптеп кездеседі. 75 жыл ішінде ҚХР өзінің көлік саласын дамытуда үлкен серпіліс жасады. Ел жол инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жаңа пойыздар, кемелер мен машиналар жасады. Статистика көрсеткендей, 2013 жыл көлік өндірісі мен сатылымы статистикалық жүйе­ге енгізілген алғаш­қы жыл болды. 2018 жылға қарай жылдық өнім бір миллион данаға жетті, ал 2022 жылға қарай жылдық өнім 5 миллионға жеткен. Жыл бітуге әлі бір жарым ай бар болса да биылғы өндірілген жаңа энергетикалық көліктер саны 10 миллион бірліктен асып түсті. Мамандар бұл сан жыл соңына дейін 12 миллион көліктен асады деп болжап отыр.

Айта кетейік, көлік желісінің ұзындығы 6 млн шақырымнан асатын Қытайда бүгінде 440 млн көлік бар, оның 345 млн-ы жеңіл автомобильдер. Өткен жылдың қорытындысы бойынша көлік инфрақұрылымына салынған инвестициялардың күнделікті көлемі 10,7 млрд юаньды құраған. Бұл Қытай үшін жаңа рекорд. Қытайда қоғамдық көлік желісі қала тұрғындарының 90% -ына қызмет көрсетеді. Бұл АҚШ, Австралия және Африканың ірі қалаларына қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: