Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мәһр сұрап жүрмеңіз…

07.12.2024

302 0

Фото: massaget.kz

Мәһр – соңғы уақытта қоғамның негізгі мәселелерінің біріне айналған тақырып.  «Мәһрге қымбат сыйлық сұрапты», «Мәһрге қымбат көлік сұраған қызды жігіті тастап кетіпті» деген тақырыпта түрлі жағдайлар әлеуметтік желіде толып жүр.  Мұны бірі дұрыс десе, енді бірі сынға алып жатыр. Жастар арасында мәһр сыйлығы үлкен мәселеге айналып бара жатқан секілді. Себебі қымбат сыйлық алып беруге кез келгеннің қалтасы көтермейтіні анық.  Жақында осы мәселеге нүкте қойылды. ҚМДБ мәһр мен қалыңмалды бір ұғым етіп бекітті.

– «Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін дүние. Екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды «мәһр» деп санауға болады. Ал «әке күші», «ана сүті» тағы да сол сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды» – деп жазылған мүфтияттың ресми сайтында.

Сонымен имамдар келген шешімге келсек, мәһр – неке қиғанда әйелге берілетін сый. Ол қалың мал немесе мәһр деп аталса да әбестігі жоқ деп отыр имамдар.

 – Мәһр де, қалыңмал да ақшалай немесе заттай берілетін дүние болғандықтан неке қию кезінде басын ашып алу керек. Мәһрің де, қалың мал да осы десе және қыз соған келіссе, онда қалың мал мәһр орнына жүреді. Ең бастысы өзара келісім болса болды, – дейді Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев.

Ал әлеуметтік желіде танымал Нұрлан имамның айтуынша, неке қияр алдында күйеу жігіт қалыңдығына белгілі мөлшерде сый беруі керек.

– Біздің дана халқымыз некенің шарты болған қыз балаға берілетін сыйлық қыздың қарға бауы, алқа таққан, мұның бәрі қыздың жеке мүлкі болған, қыздың өзіне берілген. Кейбір жерде қыздың қалың малы деп те аталған. Немесе әке күші, ана сүті деген атпен де аталып жатады. Осының бәрі некедегі мәһрдің жолы болып саналады. Мәһрді мәһр деп атау шарт емес. Қазір қалың мал жүз мыңнан миллионға дейін барады. Осы берілген ақыға қыздың ата-анасы жиһаз-жабдығын алып береді. Енді қалың малды да, мәһрді де алам деу бейбастық, өз білгенімен кету, ата-баба салтын аттау. Сондықтан шариғаттың шартын бабаларымыз даналықпен орындаған. Қазір шариғаттың жолын емес, арабтардың салт-дәстүріне еліктеп, «арабтар бүйтеді екен, арабтар сүйтеді екен» деп айтатындар бар, біз араб емеспіз. Өзіміздің салт-дәстүріміз бар, соның аясында жасауымыз керек. Шариғатта талап еткен әлеуметтік сақтандыруын ата-бабамыз даналықпен орнын айшықтап тұрып орындаған. Күйеу жігіттің қызға беретін сыйы мәһр орнына жүреді. Қыздарымыз мәһр сұраймын деп бақыр киіп қалмауы керек», – дейді Нұрлан имам

Қоғам талқысындағы пікірлерге сүйенсек, бұл шешімді қолдайтындар бар. Бір жағынан мәһр сыйлығының бөлек екенін айтып, дәлел келтіріп жатқандар да кездеседі. Қалай дегенмен, шешім шықты. Енді неке қиярда жігіт берген қалыңмалға риза болып, тек бақытты болуды ойлаған жөн. Әйтпесе, көп қыздар «сыйлық сұраған осы екен» деп шектен шықты. Шектен шыққанның әсері осындай шешімге әкелді. Жастар үшін осы шешім тиімді болар.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: