Сейсенбі, 14 қаңтар, 21:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3-2116
14.01.2025
PDF мұрағаты

Мәртебелі мамандыққа айнала ма?

14.01.2025

146 0

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

2025 жыл қарапайым еңбек адамдары үшін жақсы жаңалықпен басталды. Себебі биыл жұмыс­шылардың мәртебесі артып, олардың еңбегіне қоғамның назары ауды.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында қарапайым еңбек адамдарын қуантып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялайтынын айтқан еді.

– Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деген болатын Президент жолдауда. Яғни қоғам­да еңбек­қорлық, кәсібилік сияқты қасиет­тер өте жоғары бағалануы тиіс.

Мемлекет басшысының айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсіп­қойлық идеясын ілгері­летуге ықпал етеді. «Адал әрі табанды еңбегімен табыс­қа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деп атап өтті президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануына орай, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – өзекті мәселе. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадр даярлауды қолға алмақ. Бұл мақсатта кәсіптік білімді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.

– Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі, – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар екен. Оқу орындарында 565 мың студент білім алуда. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құраған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақтарда бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынды. Жұмысшы кадрларын даярлау, жаңа педагогикалық техно­логиялар мен сұранысқа ие дағдыларды оқыту, колледждердің материалдық-техникалық базасын дамыту, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және басқа да маңызды мәселелер жан-жақты көтеріліп, жоспар құралған. Бүгінде әр аймақта «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты ашылуын ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 

Сыр өңірінде 28 колледжде 97 мамандық, 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда. Оның ішінде 19 колледжде 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы мамандарды дайындап шығуға үлестерін қосуда. Атаулы жылда облыстық іс-шаралар жоспары мен комиссия құрамы бекітілген. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс істеу үшін жергілікті бюджеттен 899,9 млн теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Аталған қаржыға колледждерді күрделі жөндеуден өткізеді. Мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашады. Сонымен қатар «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізу жоспарланған.

Осы орайда айта кетейік, алдағы уақытта колледждерді үздік бітіруші 100 студентке тұрақты жұмыс­қа орналасуға жолдама беріледі. Осы мақсатта өңір­дің ірі кәсіп­орындарымен ар­найы келісім-шарт жасау жос­парлануда.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде 34 мамандық бойынша білім беру лицензиясы алынған. Қазіргі уақытта 1800 студентті кәсіби маман етіп шығару мақсатында жүйелі жұ­мыс жүруде. Оқу орны алдағы уақытта қоғамға  қажетті жұмысшы мамандарды даярлауда өз үлестерін қоса бермек.

– Колледж білім алушыларын кәсіптік машықтанудан өткізу және жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда механикалық заводы «Квант» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды. Заман талабына сай мамандар даярлауда колледж бітірушілерінің еңбек нарығына бейімделуіне көмек көрсету, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша білім алушыларға  кеңес беру, лайықты бос жұмыс орындарын іздеуге жәрдемдесу, колледж бітірушілерінің жұмысқа ор­наласуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Кол­леджде «Жас маман» жобасы шеңбері аясында «Электр құрасты­рушы» біліктілігі бойын­ша құзі­реттілік орта­лығы ашылған. Құзірет­тілік орталығының негізгі мақ­саты – еңбек нары­ғындағы сұранысқа ие бі­лікті маман даярлау, қайта даярлау курстарын ұйым­дастыру, AgroSkills және  WorldSkills  халықаралық стан­дарттарына сай мамандар даярлау, чемпионаттарға қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қатысушыларды даярлау инфрақұрылымын қалыптастыру. Жұмысшы мамандығының беделін көтеру, оны насихаттау мақсатында жүйелі түрде өткізілетін «Worldskills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңдерінде колледж білім алушылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Колледж ұжымының алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, теориялық білімді, кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді еркін меңгерген, мамандығы бойынша  әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін, өз бетінше шешім қабылдай алатын жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанына осы мамандықта оқып жүрген студенттердің қуанғаны да анық. Себебі  алдағы уақытта мемлекет қолдауы мен қамқорлықтың арқасында мамандық мәртебесі артады. Яғни жұмысшы мамандар үшін мүмкіндік жылы. Қарапайым еңбек адамдарына бірдей құрметпен қарау, әрбір маманның еңбегін бағалау – қоғамның дамуы үшін маңызды қадам, – дейді И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі директорының орынбасары  Бақдәулет Дүрман.

Ел Президентінің жұмысшы мамандықтар жылын жариялауы бекер емес. Елімізде су, энергетика сияқты салалар бойынша маман тапшы. Сондықтан кәсіптік білім беруге де көңіл бөлінуі қажет. Бұл тұрғыда кәсіптік білім беру мекемелері де білікті мамандар даярлауды мықтап қолға алу керек. Қаламыздағы «Орда» жоғары колледжінің директоры Гүлжамила Досжанова жұмысшы мамандарының мәртебесін арттыру үшін жұмыс істеу басты міндетіміз деп санайды.

– Жұмысшы біліктілігі бойынша бізде техникалық мамандықтарымыз бар. Автомобиль көлігін жөндеу, автоэлектрик, автослесарь деген сияқты. Сонымен қатар электр монтаждау және IT мамандықтарына басымдық беріліп жатыр. Атап айтатын болсақ, электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша бізде тіпті студенттеріміз іс-тәжірибеден өтіп жүріп жұмысқа орналасып кетеді. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл жұмысшы мамандығы сапасының жоғарылауына және жұмысшы біліктілігінде оқып жатқан студенттердің мәртебесін көтеруге арналған бірден-бір мүмкіндік деп айтуға болады. Ең бастысы әркім жауапкершілкті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Біз де қоғамға жаны ашып, шын еңбек ететін нағыз еңбек адамдарын дайындауды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Орда» жоғары колледжінің директоры Гүлжамила Досжанова.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Яғни кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Еңбекқор, нағыз кәсіби мамандардың мәртебесі артып, абыройы арта түспек.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: