Сейсенбі, 11 ақпан, 22:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11,2124
11.02.2025
PDF мұрағаты

Назира Аймаханова, психолог: Адамның жаманы жоқ

11.02.2025

57 0

Біздің ұстаным – адамдарды жақсы болуға шақыру, жақсы адам болып қалуға үндеу. Осы мақсатта газет бетінен «Жүрек кілті» айдарын ашқанбыз. Адамдарға жақсылық жасап, өзгенің алғысын алғанды жөн көрейік. Адамдардың жақсы жаққа қарай өзгеруіне сеп болсақ, біздің де титтей де үлес қосқанымыз. Бүгінде көп адамға жылы сөз жетіспейді. Қара басының қамынан басқаны ойламайтындар кө­бейді. Жанына тыныштық іздегендер психолог көмегіне жүгінетіні белгілі. Сондықтан да оқырмандардың жүрек түкпіріне жетер әдемі әңгіме өрбіту мақсатында аймағымызға белгілі пси­холог Назира Аймахановамен әңгі­мелесуді жөн көрдік. 

Адамдардың жүрегі қатайып кеткен…

Психологпен әңгімеміз «Өмірдің мәні неде?» деген сұраққа жауап іздеумен басталды…

– Өмірдің мәні – даму. Біз дамудан артта қалып келеміз. Бұл ащы да болса шындық. Мұны көп адамдар мойындай бермейді. Адамдар қатып қалған қадағалауға үйреніп қалған. Сондықтан әрбір адам өзіне өзгеріс жасауды үйрену керек. Қазіргі кезде даму жолында өзіңнің болмысыңдағы бүкіл қасиетті ашуға мүмкіндік бар. Сол үшін барлық мүмкіндікті пайдалан, дамы. Ал даму үшін үнемі білімді толықтырып отыру қажет. Адамдардың жүрегі қатайып кеткені сонша, ештеңені де көрмей, сезбей, түсінбейтін болып барады. Қатайған жүректе махаббатқа орын бар ма? Жүрек жұмсақ болуы керек. Алайда жүрек түрлі жолмен жақсарады. Оның ішінде оқумен, біліммен. Өмірдің мәнін табу үшін дамыңыз. Ал даму рухани құндылықтарға әкеледі. Рухани даму арқылы өсетініміз белгілі. Сол үшін де рухани жағынан ізденуді, білімін жетілдіруді ұсынар едім.

– Дегенмен кейде осы жолда қателесіп жатқандар да бар. Мәселен, офлайн, онлайн психолог маманына жүгінетіндер көбейген. Психологтар адамға қаншалықты көмек бере алады?

– Онлайн сабақтың ең негізгі пайдасы білім алуға қашықтық кедергі болмайды. Еуропадағы мамандардан білім алып жүрмін. Иә, онлайн сабақта нақты қадағалау жоқ, энергия сезілмейді. Дегенмен онлайн оқудың екінші жағы өзің үшін оқуға, заманнан қалып қоймауға  ұмтыласың. Ал психо­логпен офлайн жұмыс істеудің пайдасы 90 пайыз болса, онлайн­ жұмыс істеу нәтижесі 30 пайыз болады. Сіздің қалау­ларыңызды орындайтын, көңілден шығатындай нәтиже бермейді.

Мен адамдарды 95 пайыз офлайн қабылдауға тырысамын. Ақшаны бірінші орынға қойсам, келісе берер едім. Онлайн арқылы өзіне қанағаттанатын нәтижесін алмаса, атыма сын келеді. Менің негізгі ұстанымым – тазалық, әділдік, шынайылылық, махаабатпен жұмыс істеу болғандықтан мен осыны қызметіме де ұран қылып алғанмын. Мысалы, бір айда 18 адам онлайн кеңесімді алуға хабарласыпты. Олардың барлығынан бас тарттым. Себебі жауапкершілікпен жұмыс істегенді қалаймын. Бірінші орынға ақшаны қоймау қажет. Сол үшін де өз жұмысымнан нәтиже көру үшін адамның өзімен кездесіп жұмыс істегенді қалаймын. Адамдардың қатайған жүрегін жібіте білу – біздің негізгі жұмысымыз. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысып, әдемі өмір сүруге қазір мүмкіндік өте көп.

Ата-ана психологтан да, коучтан да артық тәрбие бере алады

– «Өзіңді ойла». Осы мақсатта әлеуметтік желілерде көптеген видеолар тарап жүргенін байқаймыз. Бұл адамдарды өзімшілдікке апара жатқан секілді емес пе. Маман ретінде не айтасыз?

– Мұның негізгі себебі жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақтай көп адамның психологияны үшінші, төртінші мамандық етіп алуы. 3-4 айлық курстарды оқып алып «Мен психологпын» деп жүргендерді қабылдай алмаймын. Ақша табудың жолы деп есептеймін. Мен психология саласында он жыл қатарынан адамдарды тегін қабылдадым. Өйткені мен өзімді сол тәжірибеден өткізуім қажет болды. Ал қазіргі психологтар курс оқып алып, ақшасына адам қабылдап «тик-ток», «инстаграм» желісіне түрлі видеолар салып отырады. Мұндай психологтар біреудің тағдырына басқалай зияндарын тигізуі мүмкін. Психология деген оңай мамандық емес. Жантанушы болғаннан кейін адамның жан-дүниесімен жұмыс істейсін. Сондықтан дұрыс бағыт-бағдар бере алмасаң басқа арнаға қарай бұрылып кетуі мүмкін.

«Өзіңді ойла» дегеннің соңы өзімшілдікке әкеліп жатқанын мойындау керек. Міне, осы дұрыс бағыт бермегеннен. Мәселен, «мен дамуым керек» деп отбасынан ажырап кетіп жатқандар өте көп. Өзін тауып, өзіне қызмет еткенде ғана басқа мәселелер шешіліп ретін табады. Сондықтан өзіңді дамыту арқылы бір әулеттің шырағын жағып отыруға болады. Бүгінде психологтар туралы жұрт «ақыл айтқыштар көбейіп кетті» дейді. Біз ақыл айтпаймыз, кеңес береміз. Осы тұрғыда психологтар кеңес берерде абайлау керек. Мәселен, жақында жеті баласы бар отбасының екі жаққа кетуінің алдын алдық. Барлық кінә ер адамның өзінде болса да, әйелін кінәлай береді. Сондықтан ер адаммен төрт күн жұмыс істедік. Нәтижесінде әйелі екеуі қол ұстасып келіп тұр. Ер адам өзін қабылдады, кінәсін мойындады. Нәтижесінде жан-жағындағы адамдардың жақсы қасиетін көре бастады. 

Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз ерлер бір жақта, әйел­дер бір жақта түрлі психолог-коучтар каптап кетті. Мен кемінде 5 жыл тәжірибесі бар маманды ғана мойындаймын. Жақында бір коучтың мынадай видеосын көріп қалдым. «Қыздар, етек-жеңдеріңді жинаңдар, ажырасып, өздеріңді дамытыңдар, шетелге барыңдар» деп жатыр екен. Міне, осыны естіген әйелдің сол күні ұйқысы бұзылды. Ол балаға қарамайды, күйеуге бағынғысы келмейді. Сонда біздің қазақи тамырымыздағы, рухымыздағы, әдебіміздегі, санамыздағы әдемі әйелдің, әдемі қыздың бейнесі қайда қалды? Әлеуметтік тұрмыстық мәселелерді ерлі-зайыпты бірге шешуге бо­лады. Бірақ қазір көбі жеңіл жағын таңдайды. Психолог ретінде  айтар кеңесім: өмірдің мәні – өсу. Сондықтан білім алыңыздар. Инстаграмды қосып қойып жұрттың бәрін тыңдай беруге болмайды. Өзім инстаграмнан 2 маманды тыңдаймын. Білім алатын кезде де ұстазың болуы қажет. Ол рухани ахуалыңа, сана деңгейіңде өмір сүруіңе көмектеседі. Менің де ұстаздарым бар. Ал жастарға айтарым үйдегі ата-ана – сенің ұстазың. Олар психологтан да, коучтан да артық тәрбие береді. Ата-аналардың тәрбиесін ала отырып, психологпен жұмыс істей алсаң ғана дұрыс жолды таңдағаның. Ал өзімшіл адамның өмірінде қиындықтар көп болады. Шын мәнінде өзін қабылдаған адам эгоист болмайды.

– Қазір адамдар күйгелек, сабырсыз болып барады. Адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасаудың біз білмейтін қарапайым ережелері бар ма?

– Өте жақсы сұрақ. Сабырсыз болудың бір себе­бі – мида тыныштық жоқ. Ұйқыда тыныштық жоқ. Бүкіл энергиямызды әлеуметтік желі тартып алып жатыр. Біздің өмірімізде тәртіптің болмауынан, жоспар жоқтығынан кім болса соның жоспарында жүргендер көп. Телефонға күніне екі сағат қана уақыт арнау қажет. Онда да пайдасы бар, жұмысқа қажет болғанда ғана. Жұрттың өмірін тамашалап отыруға бүкіл энергияңыз жұмсалады. Өзгенің өмірін көріп «мен неге осындай болмадым» деп уайымға салынатындар бар. Әлеуметтік желіде адамның энергиясын ұрлайтын ақпараттар өте көп. Адамның энергиясы басқа жаққа кеткендіктен тынышсыздық пайда болады. Ал сабырсыздықты басатын бірінші – иманы. Уақытылы жоспармен, нақты қадаммен жүретін адам күйгелек болмайды.

Дүние жарыс болып жатыр

– Адамдарда рухани азық азайып барады. Жүректі жақсы ниетке толтыру үшін не істемек керек?

– Алласын таныған адам – өзін таныған адам деп есептеймін. Адамдардың көп қателігі материалдық дамуды алға қойды. Дүние-мүлік, «біреуден бір кірпіш жоғары салсам, анау алды, менде алуым керек» деп, дүние жарыс болып жатыр. Бұрын әжем «шелегің тесік, неменеге құм жинап жүрсің, ол таңнан кешке дейін толмайды» дейтін. Адамдарда рухани байлық жоқ, материалдық байлықты жинап жатыр. Бірақ ол бақытты емес. Адам материалдық және рухани жағынан тең болуы керек. Бірінші, өзінің жүрегіне тыныштық беру керек. Жанында тыныштық болмау деген сөз өмірінде тыныштық болмайды. Өмірінде тыныштық болмаған дегеніміз жалпы өмір сүрудің мәнін білмейді. Таң атып, кеш батуда. Қанағаттарлық дүниені қанағаттандырып жатырсың, болды. Сонда біз өмірге сол үшін ғана келдік пе? Ал тыныштықты табу үшін рухани бай болуы қажет. «Қолға ұстайтын байлықтан гөрі жүрегімдегі байлықты молайта гөр» деген сөз бар. Қазақтың әрбірінің бай болғанын қалаймын. Бірақ ол байлық қалай келіп жатыр? Ұрлықпен ба, соқырлықпен ба, зорлық-зомбылықпен келіп жатыр ма? Әлде адам еңбегімен бе? Адам не жасаса да өзінің ішіне үңілуі қажет. Балаға бай болудың жолындағы рухани білімді беріңіз. Сонда олардың барлығы бай болар еді. Қазіргі таңда тәрбиені де теріс беруде. Баланы ақшаң көп болуы керек деген ұстаныммен тәрбиелейміз. Рухани бай болу үшін кітапты көп оқу қажет. Күніне 5 бет кітап оқыған адам бір жылда 12-13 кітап оқиды екен. Мейірімділіктің алғашқы сатысы – ата-анасын құрметтегені. Неге қазір біз мейірімсіз болып кеттік? Неге адамдар қатігез? Туысқандар бір-бірінің үйіне кірмейді. Көшеге шығып, микрофонмен: «халқым, әдемі камзолдарыңды киіп, көшеге шығыңдаршы, құшақтасайықшы» деп айқайлағым келеді. Адамдардың қатігез болып бара жатқаны жаныма батады.  Бұл өмірде адамға адам ғана керек. Ол сенің бауырың, досың, ата-анаң, туысқаның, қазағың, әріптесің. Соны ойланатын уақыт келді. Кейбір пациенттер келеді. «Бауырыммен хабарласпағалы бір жыл болды» дейді. Бірі: «әке-шешемнен бөлек шығып кеттім, олар есіктің алдындағы сарайда тұрады» дейді. Осыдан кейін қатыгез болмаған несі қалды. Осының барлығының түбінде иманымыздың жоқтығы, эгоист болу, мен-мен деп бара жатқанның кесірі. 

Жақында ауылға бардым. Ауылдағы жаңалықтарды естіп жылап қайттым. Балалар арасында суицид көп. Қазір адам қайтыс болса да, елемей отыра беретіндей күйге түстік. Бәрін жеңіл қабылдаймыз. Осыдан кейін құлдырамаған, рухани жағынан төмен түспеген неміз қалды. «Қалай өмір сүріп жатырмыз?» десе, «жылайтын жағдайда тұрмыз» – дер едім. Мынау соғылған коттеждердің не қажеті бар? Ішінде өмір сүріп жатқан адамдардың рухани байлығы, иманы, мейірімі болмаса? Бүгінде адамдар табиғаттың да қадірін білмейді. Осы тақырыпқа келгенде жүрегім ауырады. Адамдарды рухани дамуға шақырамын. Рухани тұрғыдан бай болсаң, ризығың кем болмайды.

Табиғатты, жерді өзіміз қорлап отырмыз.  Қазіргі жастар жерде жатқан қоқысты көтермейді. Жоқтықтан емес, тоқтықтан адамдар есіріп барады. Көпқабатты үйлердің арасына тасталған қоқысты көрсең, шошисың. Нан, тамақ бәрін араластырып тастай береді. Қоқысты алып кетуге келген жұмысшылар біреудің анасы, біреудің әкесі екенін ұмытпауымыз қажет. Оларға көмек беріп, қоқысты бөлек-бөлек реттеп қойғаннан құл болмайсың. Осы мәселелерді адамдардың санасына жеткізіп тұрып айту керек. Біздің айтқанды да ұғатын адам ұғады. Алайда осыны оқыған адамның бес пайызының өзгеруіне сеп болсақ, ол да жақсы.

Тәкаппар болатындай сен кімсің?

– Психолог ретінде емес, күнделікті өмірде де жақсылық жасауға ұмтылатыныңыз байқалып тұрады? Жақсы адам болып жүру үшін күшті қайдан аласыз?

– Жақсы адам болу үшін күшті иманнан, білімнен, анам­нан аламын. Анама күніне жеті рет хабарласамын. Бауырларым­ды жақсы көремін. Бауырларыма үнемі жақсылық жасап тұрамын. Алланың маған аманат етіп берген тіршілігін­де жақсылық жасау – алғашқы ұраным. Жақсылық­ты жақыныңнан баста деген. Бауырларымның балаларына жұма сайын жақсылық жасап тұрамын. Ақша жинамай­мын. Жұртқа «жақсылық жаса» деп айтқаннан өзіңді тәрбиеле, өзіңнің иманыңды күшейт. Оң қолың берген садақаны сол қолың көр­месін. Жақсылық жасасаң да өзіңе, жамандық жасасаң да өзіңе. Әрбір адам үлгі бола білу қажет. Жақсылықтың сауабы мың есе болатынына сенімдімін. Жақсылық жасау – миллиондап ақша беру емес. Ол – ниетіңнің тазалығынан басталады. Ниетің жақсылық жасауға бұрылған кезде ризығың арта түседі. Соның көп пайдасын көрген адаммын. Жақсылықты есепсіз жасау керек. Не істесең де Алланың разылығы үшін істе. Есебін күтпейтін жақсылық жасаған кезде өзің де күтіп қалмайсың. Денім сау, он екі мүшем сау. Мен жақсылық жасаудан шаршамаймын. «Тәкаппар болатындай сен кімсің?» деп әрбір адам өзіне сұрақ қоюы керек. Адамдардың барлығы бірдей. Тәкаппар болатындай ешкім-ешкімнен артық емес. Адам өзімен жұмыс жасағанда осы сұрақты қою керек. Мен өзіммен осылай жұмыс істеймін. Адам өзімен жұмыс істегенде өзін табады. Ал біз біреулер үшін жұмыс істеп жүрміз. Біреулерге жақсы көріну, біреуді пайдалану үшін. Сені де солай пайдаланып кететіндер табылады. Адамдарға ренжімеймін, ренжітпеймін де.

Өзің өзгерсең,  өмір де өзгереді

– Мүмкіндігі болса да жақсылық жасамайтындар бар. Жалпы ниетті дұрыстау үшін алғашқы қадамды неден бастаған дұрыс?

 – Қолыңда бар болып тұрып көмектеспеудің кейде пайдасы бар. Өйткені өздері көп жолдан өтіп келіп, өзінен көмек сұраған адамға сол жолдан өтуге мүмкіндік береді. Психологияда мұны өсуіне, дамуына мүмкіндік беру деп атайды. Егер сізге жағдайы бола тұрып та, болмай тұрып та  көмек сұрап барған адамыңыз көмектеспесе, алғыс айтыңыз. Ол кісіге риза болыңыз. Өйткені ол адам сіздің өскеніңізді қалайды. Сәл қиындықты жеңіп, жоғары жетістікке жетуіңді қалағандықтан кей кезде қолұшын бермей қалуы мүмкін. Біз көмектеспеген адам жайлы теріс пікір туғызбауымыз қажет. Өйткені ол адамның да жолы бар. Адамға не берсе де ниетке береді деген сөзге жүз пайыз қосыламын. Сіздің ойыңызда кішкене арамдық тұратын болса, сізде құлдырау болады. Өзімшіл болмау, жақсылық жасау, ниетіңді дұрыстау адамдарға көмектесу – мұның барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Біздің ниетіміз тар. Басқаны талқылауды тоқтату керек. Отбасыңмен дамуды қолға ал. Жамандық жасама, өсек айтпа, аузыңды тый. Ешкімге ренжіме. Айтуға оңай, әрине, осының барлығы түбінде білімге келіп тіреледі. Тек өзімізбен айналысайықшы. Мәселен, біз әулеттің «whatsapp» группасына бір кітапты жібереміз, оқимыз, талқылаймыз. Балаларға балалар кітабын жібереміз. Әр үйде осындай рухани отырыс болу керек. Балаларға көңіл бөлу қажет.

– «Ешкімге ренжімей, әдемі өмір сүру керек» дегенді сөз арасында айтып қалдыңыз. Қазір ата-анасына өкпелі жастар бар. Сондай-ақ «бала кезден травма қалып қойған» деп көп айтады.  Кейінгі кезде ата-ана үшін де, бала үшін де осы сөз басты мәселеге айналды.

 – Әр адам өзінің ішіне үңілгенде жетіспейтін нәрсесін іздеп жүр. 1 жастан жеті жасқа дейін ата-анасының мейіріміне тойып өскен болса, мұны бала есінде сақтап қалады. Отбасындағы кикілжіңдер де баланың жадында сақталып қалады. Бала жеті жасқа дейін бәрін сіңіріп алады. Сондықтан жеті жасқа дейін үлкендер балаға барынша махаббат беру қажет. Жеті жастан он төрт жасқа дейін дос болу керек. Ал он төрт жастан кейін сену керек. Осы кезде ересек адамдармен жұмыс істегенде, бала кезден ішінде реніш бар екені байқалады. Бірақ мен әке-шешесі баласынан кешірім сұрау керек дегенді құптамаймын. Егер кішкентай кезіңнен ата-анамен бақытты сәттерің есіңде қалмаса, онда үлкейген кезде де ата-анаңа жақсылық жасауға, балалық шақты еске алып құшақтауға, сол кезде жетпеген мейірімді алуға болады. Кейбір отбасыларда қиындықтар болады. Сондықтан балаларға қандай жағдай болсын, үйдегі мәселені көрсетпей, ересектерше түзде шешіп, үйде оны сіңдірмей, баланың қабылдап алуына мүмкіндік бермеу қажет.

Барды бағалап үйрен

– Әлеуметтік желіден байқаймын, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүресіз. Айналаңызға мейірім төгіп тұратыныңыз сезіледі. Мұндай қасиет мамандығыңызға  байланысты ма?

 – Бұл менің бойымдағы қасиетім. Мектепте, университтетте көшбасшы болдым. Әжемнің тәрбиесінде болдым. Әкем – педагог. Қатал тәртіппен өстім. Жоқтықты көрген кездер де болды. Бірақ кішкентай нәрсені қиындатпай, әр сәтті бағалап, әр сәтке риза болуды сол кісілерден үйрендім. Әр сәт – Алланың берген нығметі. Маған көбісі «астыңда машина,  басыңда үйің жоқ» деп айтады. Мен бір-ақ сөйлеммен жауап беремін. «Мен адаммын. Өмірге жылап жүру үшін келген жоқпын. Мен өмірге ризамын. Менің  тренинг сабақтарымның тақырыбы  да «Мен өмірге ризамын» деп аталады. Өзімді қабылдаған адаммын. Алла мені адамзатқа қызмет етуді бұйыртқан шығар. Қаншама бала тәрбиелеп, дұрыс жол сілтедім. Әр нәрсеге шынайы риза болып, тәкаппарланбай өмір сүремін. Өз өміріңе риза болу – үлкен бақыт. Ол көп адамның қолынан келмейді.  Жақында «Өзіңе өзің психолог»  сабағым дайын болады. Бұл сабақты тегін бір адамнан өткізіп, тәжірибе жинақтадым. Нәтижесі керемет. 15 жылдық тәжірибемді жинақтап отырмын. Мені адамдар өздері іздеп келеді. Инстаграмға видео салып, өзімді жарнамалап отыратын уақытым жоқ. Мақтанғанғанды жек көремін. Болашақта кітап жазу жоспарымда бар.

– Дегенмен сол жақсы адам болуға ұмтылып жүргенде кедергі келтіретін жандар кездеседі. Сондай кезде қалай жақсы болып қаламыз?

– Жалпы ешкімге ренжімеу керек. Барды бағалап үйрен. Иә, ренжіп, жатып қалатын кездерім де болады.  Бірақ  өзімді тез қолға алам.    

– Біздің айдардың негізгі мақсаты – жақсылыққа үндеу. Осы тұрғыда жақсы адам болуға қадам жасау үшін бір-екі кеңес айтсаңыз. 

– Адамдарға кеңес бере отырып, оның өмірін қалыпқа келтіру оңай дүние емес. Адамның барлығы жақсы. Жаман ететін өзіміз. Ниетімізбен, көреалмаушылықпен, қызғаншақтықпен. Біреу үшін жақсы адам болуға ұмтылмай-ақ қойыңыз. Өзіңіз үшін жақсы адам болыңыз. Біреуге бірдеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Жұртқа жағынып, қалтасында ақша болса сонымен дос болып өмір сүргеннен, өзіңмен өзің өмір сүр. Өзіңді дамыт. Оқы. Табиғатқа қара. Жай ғана қолыңнан келетін іспен айналыс. Үлкендердің батасын ал. Біреудің хақысына кірмеуді үйрен. Ішіңе үңілші. Ішіңде махаббат бар. Сен соны көре біл, сол махаббатты отбасыға, жақындарыңа бөлші. Сол энергия қайтып айналып өзіңе келеді. Ешкіммен есептеспе. Өміріңізді шынайы жақсы көріңіз. Уақытты жоспарла. Өмірде қателестіңбе, сол сабақ деп ойла да, алға қарай жылжы. Біреу біз туралы теріс пікір айтса, сонымен алысуға дайын тұрамыз. Оған қанша энергия кетеді. Сені біреу сатып кетсе де, «ризамын, рахмет» деңіз. Одан кейін ол қатені кайталамауға тырыс. Кез келген сынақты сабақ деп қабылдағанда өмірің жеңілдей түседі.  Сондай-ақ жұмыс пен үйдің арасындағы энергияны далаға тастап кету қажет.

Үйге күліп кір. Жұмысқа күліп кір. Ата-ананың жүріс-тұрысы балаға сондай махаббатпен беріледі. Бала махаббатқа толып өскен кезде оның өмірінде қиындық болмайды.

Қазіргі жастардың өздерін дамытуға, өмірді жеңіл қабылдауға,  жақсы қаржы табуға, рухани білім алуға ұмты­лысы жоғары. Соңғы кездері психологқа ата-анасын әкелгісі келетін оқушылар көбейген. Үлкендер баланың балалық шағын ұрламау қажет. Өмірді қиындату да, оңай ету де – біздің қабылдауымызда. Өзіңде жоспар болмаса, өзге адамдардың жоспарында жүресің. Ал өмірдің мәні өсу дегенді ұғып алған адам артқа қарамайды.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: