«Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған әр қазаққа ветеринар дәрігердің жұмысы жіті таныс. Қайнаған тіршіліктің қазанында «мал ашуы – жан ашуы» дейтін ел бүгінде малын қалай емдейді? Өңірде бұл саладағы мамандардың деңгейі қаншалықты? Дамыған қоғам бұл салаға қандай жаңашылдық әкелді? Осы сауалдар төңірегінде Қызылорда қалалық ветеринариялық стансаның эпизоотолог дәрігері Нұрбол Нағымадиновпен әңгімелескен едік.
– Нұрбол Жеткерұлы, былайғы жұрт мал дәрігерінің жұмысын біле бермейді. Негізгі жұмыстарыңызға не кіреді?
– Ә дегенде біздің ең басты міндет ауыл шаруашылығы жануарларына байланысты аса қауіпті аурулардың алдын алу десек түсінікті болар. Қала бойынша адам мен жануарларға ортақ 14 түрлі аса қауіпті әрі жұқпалы ауру бар. Қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде соларға қарсы вакциналарды жоспарлаймыз, егеміз. Бұл жұмыс әркез қадағалауда. Өйткені аса маңызға ие. Бір шалыс басқан қадам қоғамға зиян әкелуі мүмкін. Бірдейлендіру дерек қорына жаңа туған төлдерді тіркейміз. Кезең-кезеңімен вакцинациялаймыз. Осының барлығы жүйелі жүргізіледі. Біздің дерекқор базасында мұның барлығы тіркеліп, көрініп тұрады.
– Төрт түліктен береке тауып, мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе тағам еткен қала аумағындағы қазақтың мал басында өсім бар ма? Атакәсібіміз кейін қалып бара жатқан жоқ па?
– Мүлдем олай емес. Қазақ қазақ болғалы ұлтымызбен біте қайнасып келе жатқан кәсіп. Сондықтан қазақ барда мал шаруашылығы да тұраламайды. Заман талабына сай жаңартып, кәсіпті икемдеп келеді. Пандемия кезінде жұртшылық саумал іздеп сенделіп кетті ғой. Ата-бабамыз біліп айналысқан кәсіпті экономикасының нығаюына, халықтың қолы аузына жетуіне септігін тигізіп келеді. Міне, мұның өзі біздің атакәсіптен ажырамайтынымыздың, мал шаруашылығы күннен-күнге өзінің маңызын арттырып келе жатқанының көрінісі. Ал енді статистикаға мән берсек, осы күні Қызылорда қаласы және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде 27 мың бас мүйізді ірі қара бар. Ал уақ мал 33 мың басқа жетті. Түйе саны 2500 болса, 16 мың бас жылқы бар. Сондай-ақ 500 бас шошқа бар. Осы ауылшаруашылық жануарлары тұрғындар мен жеке қожалықтарда тіркелген. Олардың ветеринариялық іс-шараларының барлығы біздің мойнымызда. Көктем және күз мезгілдерінде қан сынамалары алынады. Арнайы лабораторияларда тексеруге жеткізіледі.
– Мал ұстаған жанның ең жақын досы ветеринар дәрігер болады ғой. Қазіргі шақыртулардың деңгейі қаншалықты? Дер кезінде барып көмектесуге мүмкіндіктеріңіз бар ма?
– Қалаға қарасты әрбір ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер жұмыс істейді. Малы ауырып тұрған тұрғын сондағы ветеринар дәрігерге хабарласады. Ал дәрігер ең әуелі науқас малды көріп шығу керек. Дәрігердің өзімен бірге ішіне ең қажетті деген дәрі-дәрмек салынған термочемоданы жүреді. Ауру анықталғаннан кейін емдеуге кіріседі. Аурулардың өршитін уақыты әртүрлі. Осы кезде біздегі жағдай тұрақты. Міне, осы тұрақтылық – елді мекендердегі ветеринар дәрігерлердің еңбегі. Олар барлық вакцинациялау мен іс-шараларды дер кезінде атқарып, уақытылы ем жасап жүр.
– Салт пен дәстүрді берік ұстанған халқымыз осы мал ауырған жағдайда да қазақы емге жүгінген. Мәселен, өт ауруы болғанда сиырдың аузына тірі құрбақа салатын. Мәселен, кейбір елдерде түйенің ауыр дертіне қарсы улы жыланды пайдаланатын көрінеді. Жалпы, мұндай емдер қазір қолданыста ма?
– Әрине, күн өткен сайын заман дамиды. Заман дамыған сайын біздің ғылым да көшке ілесіп келеді. Әрбір ауруға қарсы вакциналар да бар, тіпті ауырған жағдайда емдік препараттардың түр-түрі бар. Өзімнің тәжірибемде қазақы емге жүгінген емеспін. Бізге бекітілген емдеу түрі бар, соны қолданамын. Мәселен, өзіңіз айтып өткен өт ауруы күн ысыған уақытта пайда болады. Бізде бұл ауруға арнайы вакциналар мен дәрі-дәрмектер бар. Алдын ала егу жұмыстары тегін, бірақ мал ауырған жағдайда иесінің қаражаты есебінен біздің ветеринарлық дәрігерлер емдеп береді. Ал дәстүрлі емге келсек, қолданылмайды деп нақты айта алмаймын. Мүмкін, өздері қолданатын тұрғындар бар шығар. Ал біз ғылымда бекітілген жолмен емдейміз.
– Нұрбол Жеткерұлы, осы салада жүргеніңізге 20 жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында қызмет бабында есіңізден кетпейтін шақырту бар ма?
– Әрине… 2014 жыл болатын. Ақпанның ақырып тұрған суығы еді… Қыстың қытымыр мінезі далада бірер сәт бос тұруға мүмкіндік бермейді. Сықырлаған аязы бет қаритын сол жылдың қысы бір ерекше суық болды. Қарауылтөбеден шақырту келді. Тұрғынның айтуынша, сиыр іш тастаған. Бірақ бұзауы түспеген екен. Суы ағып кеткен. Оған екі күн уақыт өтіпті. Ішіндегі өлі бұзауды алу керек болды. Ал сиыр жатып қалған, тұрмайды. Шақыртуға Нұрлыбек есімді әріптесім екеуміз барғанбыз. Механикалық жарақат алған болуы мүмкін, әйтпесе, ішінде 3-4 айлық бұзауы бар. Сиырдың ішінен өлі бұзауды алу үшін үш жарым-төрт сағаттай акушерлік ота жасадық. Қыстың көзі қырауда осылай сағаттап арпалысқан ота әлі күнге есімнен кетпейді. Кез келген жұмыста халықтың алғысынан артық ешнәрсе жоқ. Біздің еңбегіміздің шынайы бағасы осы. Мен сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мамандығым тұрғысында сыналған сәтім екенін білдім және сол сыннан сүрінбей өттім. Арада қанша жыл өтсе де сол шақырту есімнен кетпейді…
– Әр мамандықтың өзінің қиындығы мен ерекшелігі бар. Ветеринар дәрігерге ең бірінші қандай қасиет керек?
– Ең бірінші табандылық керек. Алдыңа мақсат қойып, соған жете алатын, жолдан тайқымайтын, таймайтын осы қасиеттің арқасында мамандықтағы көздеген мұратыңа жетесің. Сосын жиіркенбеу керек. Өйткені ветеринар дәрігер мал емдеу кезінде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Ота жасау керек болады, емдеу кезінде мал дәрет жіберуі мүмкін. Осының бәріне дайын болып, мамандыққа келгенде жанкештілік керек. Мал дегенің адам тәрізді тыңдамайды ғой. Ауыздығымен алысқан жылқыларды ұстап емдеу керек кезде де ептілік пен жүректілік қажет-ақ. Қолыңызға инені ұстап алып, жылқыдан, сиырдан өзің үркіп жүрсең, малды кім емдейді? Жиіркеніп, табандылық таныта алмасаң, одан кейін бұл мамандықта уақыт өткізбей-ақ қой. Мамандығың – ол сенің өміріңнің бір бөлшегі. Ол жолда қандай қиындық көрсең де, шыдас беруің керек. Біз мал емдеуде адам мен малға ортақ көптеген қауіпті аурулармен күресеміз. Қауіпсіздік шарасын сақтамасаңыз, өзіңізге де жұғу ықтималдығы жоғары. Сондықтан әрбір қадамымыз тәуекелге толы. Міне, мамандығыңды сүйіп, өзіңді сол саладан көрген соң осындай қиындықтардың өзі сіздің ынта-ықыласыңызды төмендетпеу керек.
– Алдыңғы буынның мамандыққа ынтасын көрдік. Бүгінгі жастың көрінісі қалай? Қазір осы салаға кеп жатқан жас мамандарға көзқарасыңызды білсек… Не айтар едіңіз?
– Әрине, осы салаға келіп жатқан жас мамандардың қатары қалың. Қазіргі таңда жас мамандардың әрбір әрекеті, жұмысқа деген ықыласы адамды өзіне баурап алады. Мысалы, Қарауылтөбе ауылының ветеринар дәрігері өзінің білімділігі мен қабілеттілігін көрсетіп жүр. Осындай талантты жастар Абай, Досан елді мекендерінде, Тасбөгет кентінде бар. Олардың бәрі – оқу бітіргендеріне 3-4 жылдың көлемі болған жас мамандар. Ізімізден еріп келе жатқан білімді жасты көргенде қуанамын. Бұрын аға буын солай дейтін, бізге бар жақсыны үйретуге тырысатын. Енді біз де сол қатарға келе жатырмыз. Орнымызды басатын, ізімізді жалғайтын осындай білімді жастарға болашақты сеніп тапсыра аламыз.
– Қазақ «ашушаң адамға қой бақтыр, ынжық адамға жылқы бақтыр» деп айтады. Қой баққан адам төзімді, жылқы баққан адам рухты келеді дейтін. Осы рас па?
– Әрине, бәріміз ауылдан шықтық. Мен ән мен жырдың отанына айналған қасиетті Қармақшы топырағында туып-өстім. Бала күннен қой бақтым. Әкем кішкентайымнан еңбекке баулыды. Маңдай тердің наны тәтті болатынын ұғындырды. Өмір мектебінен алған әрбір сабағын санамызға сіңірді. Менің өмірлік ұстазым – әкем. Бала күнімде ауылдың қойын бағатынмын. Сол жауапкершілікті түсініп, 500-600 қойдың біреуін жоғалтпай, өріске жайып келеміз. Иә, әлгі сіз айтып отырған сөздің түп төркінін де түсініп отырмын. Қиындыққа мойымайтын, сынбайтын төзімді етіп тәрбиелейді. Біздің ұлтымыздың пәлсапасы бөлек қой. Әрбір әрекеттен сабақ алып, өмір мектебін қалыптастыра алады. Ауыл баласының көрген-баққаны мал шаруашылығы ғой, осы мамандықты өзім қалап алдым. Оқыдым, іздендім. Алматыдан оқу бітіріп келгенде де ең бірінші ауылда мамандарға көмекші болып, жұмысқа кірістім. Содан бері 17 жыл өтіпті…
– Әрине, сатылап өскен адамның қызмет жолынан бөлек, дүниетанымы мен көзқарасына да әсер етеді ғой… Қазір университет бітіргеніне үш жыл болғандар министр боп кетіп жатыр деп қынжылатын үлкендердің сөзін көп естиміз.
– Оныңыз рас. Жұмыс барысында көрген әрбір сабақ – өмірлік мектептің бір күні. Сатылап өскен жақсы, мамандығыңның қыр-сырына қанығасың. Барлық жұмысты көресің. Ысыласың, шыңдаласың. Өзің үшін тиімді. Қазір де әріптестеріміз осы бағытпен келеді. Есесіне, өмірлік тәжірибе қоржынын толтырып, өздерін мықты маман етіп бағыттауда.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Еңбегіңіз жемісті болсын.
Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНХАНҰЛЫ,
Абылайхан ТҰРСЫНҒАЛИ,
Суретке түсірген Ерасыл ТҰРСЫНБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!