Әлемнің көптеген елінде оқушылар мектептен тыс қосымша сабақтарға қатысады. Жапония мен Оңтүстік Кореяда оқушылардың барлығы дерлік түрлі оқу орталықтарына барады. Қосымша білім беру индустриясы да қарқынды өсуде. «globenewswire» жариялаған зерттеуге сүйенсек, қосымша білім берудің жаһандық нарық көлемі 2022 жылы 106 млрд АҚШ долларына, 2028 жылға қарай 177 млрд АҚШ долларына өседі деп болжайды. Қазақстанда да соңғы жылдары академиялық пәндер, шет тілдері, өнер, STEM сияқты бағыттарда қосымша білім беру орталықтары көптеп ашылуда. Ата-аналар баласының үлгерімін жақсарту, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін арттыру үшін мұндай курстарға қомақты қаражат жұмсауға дайын. Ендеше, осы қосымша білім беру орталықтарының сапасы қандай, бағасы қолжетімді ме, кеңінен қамти алып отыр ма және оқушының жетістігіне шынымен әсер ете ме? Қазақстан және әлем тәжірибесі негізінде осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Сапа мен баға сай келе ме?
Қосымша білім беру орталықтарының білім сапасы көбіне ондағы мұғалімдердің біліктілігі мен бағдарламалардың мазмұнына байланысты. Көптеген орталықта мектеп мұғалімдері, тәлімгер мамандар сабақ береді, бірақ бұл салада бірыңғай стандарт жоқ. Нәтижесінде оқыту сапасы әртүрлі. Мысалы, тәжірибелі педагог жетекшілік ететін кейбір орталықтар оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, түрлі жобалар мен жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Дегенмен барлық оқу орталықтары жоғары деңгейде деп айту қиын. Кейбір коммерциялық бағыттағы ірі орталықтар жүздеген бала қабылдап, әр оқушының білім сапасына жеткілікті көңіл бөлмеуі мүмкін.
Қосымша білімнің қаржылық жағы да маңызды фактор. Қазақстанда көптеген отбасы балаларын қосымша оқыту үшін ай сайын қомақты қаражат бөледі. Баға деңгейі әр елде әртүрлі. Мысалы, білімге ерекше мән беретін Оңтүстік Кореяда қосымша білімге жұмсалатын шығын 2024 жылы рекордтық деңгейге жетіп, жалпы сомасы 20,1 млрд АҚШ долларын құрады. «Asia News Network» жаңалықтар сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бұл елде оқушылардың 80 пайызға жуығы қосымша сабаққа қатысады, әр студенттің жеке оқуына орташа айлық шығын 474 мың вон немесе шамамен 157 мың теңге құрап отыр. Жеке дайындықты қажет ететін жоғары сынып оқушылары арасында бұл сома тіпті 772 мың вонға (шамамен 270 мың теңге) жетеді. Ал Ұлыбритания сияқты батыс елдерінде баға біршама төмен болғанымен, жеке репетитор жалдау әдеті кең таралған. «The Sutton Trust» сайтындағы ақпарат бойынша, Англия мен Уэльсте 11-16 жастағы оқушылардың 27 пайызы кемінде бір рет жеке қосымша сабақ алған (Лондонда 41%). Жалпы, қосымша білім әлемде қомақты қаражат түсетін салаға, сондықтан оның тиімділігін таразылау қаржы салымының өтелуі тұрғысынан да өзекті.
Қолжетімділік тұрғысынан қарағанда, Қазақстанда қосымша білім барлық балаға бірдей жетіп жатқан жоқ. «finprom.kz» сарапшылары ақпаратына сүйенсек, ел бойынша мектеп оқушыларының небәрі 29%-ы ғана қосымша біліммен қамтылған. Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда өте төмен деуге болады. Мысалы, Германияда мектеп жасындағы балалардың 100%-ы, Норвегияда 90,6%-ы, Жапония мен Австралияда 90%-ы, АҚШ-та 83%-ы қандай да бір қосымша үйірме немесе курсқа қатысады екен. Көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 75%, Беларусьте 46% шамасында. Демек, көптеген мемлекетте балалар үшін сабақтан тыс дамыту үйірмелері қалыпты және қолжетімді нәрсе саналады. Ал Қазақстанда бұл бағыт әлі де даму сатысында.
Нәтиже бар ма?
Қосымша білім беру орталықтарының түпкі мақсаты – оқушының нақты нәтижеге қол жеткізуі. Ата-аналар баласының мектеп үлгерімі жақсарып, емтихандарды сәтті тапсырып, болашақта жақсы мамандық иесі болғанын қалайды. Зерттеулер көрсеткендей, сапалы ұйымдастырылған қосымша сабақтар шынында да академиялық көрсеткіштерге оң әсер етеді. Мәселен, АҚШ-та жүргізілген мета-зерттеу жоғары қарқынды (жеке немесе шағын топпен, тұрақты әрі бағдарлы) өткізілетін репетиторлық сабақтар оқушылардың бір оқу жылындағы үлгерімін қосымша 3–15 айға алға жылжыта алатынын, яғни оқушыны сыныптағы 50 пайыздық деңгейден 66 пайыздық деңгейге дейін көтеретінін анықтады. Сондай-ақ мектептен тыс үйірмелерге қатысатын оқушылардың сабаққа қатысуы тұрақты, мотивациясы жоғары болып, тіпті мектепті тастап кету көрсеткіші төмен болатыны байқалады. Яғни, қосымша белсенділік оқушыны мектеп өміріне тартып, білімге қызығушылығын арттырады.
Қазақстанда нақты статистикалық зерттеулер аз болғанымен, тәжірибеге сүйенсек, қосымша дайындық курстары ҰБТ сияқты маңызды емтихандарда жоғары нәтижеге жетуге көмектеседі. Елде ұлттық бірыңғай тестілеуге, Назарбаев зияткерлік мектептері мен басқа таңдаулы білім ордаларына түсуге дайындайтын ірі орталықтар қалыптасқан. Мысалы, 10 жылдан аса тәжірибесі бар «Зерделі» білім беру орталығы бүгінде республика бойынша 18 өңірде 56 филиал ашқанын мәлімдейді, бұл мұндай курстарға сұраныстың қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Мұндай орталықтар мыңдаған түлекке қосымша сабақ беріп, олардың беделді оқу орындарына түсу көрсеткіші жоғары екендігін жарнама етеді. Расында, қосымша сабақ арқылы көптеген оқушы математика, тіл сияқты пәндерден базалық білімін нығайтып, олимпиадаларда топ жарып, не халықаралық тесттерде жоғары балл жинап жүр.
Қосымша білімнің пайдасы емтихан нәтижесінен де кеңірек. Мысалы, бала музыка мектебіне немесе сурет студиясына барса, шығармашылық қабілеті дамиды, спорт секциясына қатысса, тәртіп пен еңбекқорлықты үйренеді, робототехника үйірмесіне барса, техника мен инженерияға қызығушылығы оянып, болашақ мамандық таңдауына ықпал етуі мүмкін. Бұл тұрғыда мектептен тыс ғылыми жобалар, тілдік сертификаттар, спорттық жетістіктер сияқты қосымша білім нәтижелері оқушының портфолиосын байытады.
Қосымша білім беру орталықтары оқушыға жаңа мүмкіндіктер ашып, білім көкжиегін кеңейте алады. Әсіресе сапалы білім бағдарламасы мен білікті мұғалімі бар орталықтар баланың мектептегі үлгерімін жақсартып қана қоймай, шығармашылық, кәсіби бағытын табуға көмектеседі. Алайда бұл жүйенің тиімділігі – қолжетімділігі мен сапасында. Егер қосымша сабақтар тек қалталыға тиімді болып, сапасы төмен болса, ол білімдегі теңсіздікті күшейтіп, ата-ана үмітін ақтамауы мүмкін. Ал қолжетімді әрі мазмұнды қосымша білім барлық балаға жетсе, оның нәтижесі де жемісті болмақ. Ең бастысы, қосымша білім негізгі мектеп бағдарламасын алмастырмай, оны толықтырып, баланы күйзеліске түсірмей, пайдалы болатындай ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана ата-ананың ақшасы мен баланың еңбегі өз жемісін беріп, қосымша білім болашаққа салынған тиімді инвестицияға айналмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!