Сәрсенбі, 02 шiлде, 19:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48,2161
01.07.2025
PDF мұрағаты

Қызылорда қаласының Астана кезеңіндегі қазақ зиялыларының шығармалары

20.05.2025

285 0

1925-1928 жылдар аралығында Алаш қайраткерлері жаңа астана Қызылордада саяси-мәдени орта қалып­тастырды. Алашорда көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов  ұлт жұмысының көшбасында тұрса, ал Міржақып Дулатов қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ зиялыларының саяси және ағартушылық қызметі баспадан шыққан материалдарда өз жалғасын тапты десек қателеспейміз.

1925 жылы Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылордаға көшкеннен кейін ұлт зиялыларының көптеген еңбегі мен шығармасы кітап ретінде басылып, халық игілігіне пайдаланды. 1925-1932 жж. аралығында қаламыздағы сол кезеңде қазақ мемлекеттік баспасы аталған мекемеден Алаш қайраткерлері А.Байтұрсы­нов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров т.б. еңбектері шықты.

Қазіргі таңда Ақмешіт музейінде төменде көрсетілген кітаптардың біршамасы сақталған.  Бұлардың көбісі көшірмесі екенін айта кеткен жөн болар.

1926 жылы Қызылорда қаласынан Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліп-бій, Жаңа құрал» оқулығы жарық көрді.  1925-1928 жылдар аралығында бұл  Әліп-бій 3 рет басылып шығады. Әр басылым сайын Ахмет Байтұрсынұлы оқулығын жетілдіріп, толықтырып отырған. Ұлт ұстазы мұғалімдерге «Дыбысты әдіс» негізінде сауат ашу үдерісі негізгі бес әрекеттен тұратынын талдап, нақтылап береді. Олар:  

1. Балалармен әңгімелесу;

2. Оқу үйретуге даярлайтын жұмыстар;

3. Сөзден дыбыстарды айырып шығару;

4. Әріптермен таныстыру;

5. Берілген әріптерден сөз құрау.

Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы қаладағы қазақ мемлекеттік баспасынан «Психология», қазақ романының төлбасы «Қартқожа» шығармасы, 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары» атты еңбектері жарық көрді.

1927 жылы Қызылорда қаласындағы қазақ мемлекеттік баспасынан Халел Досмұхамедовтың «Адамның тән тірлігі» атты кітабы жарық көреді. Кітап 126 беттен тұрады. Бұл еңбекте бүкіл адам анатомиясы, адам денесінің ішкі және сыртқы құрылысы, қан айналымы, тамыр, жүйке, ми құрылымы сияқты күрделі медециналық анықтамаларға жүйелі түрде түсініктеме жасайды.

1929 жылы қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің «Новый аул» атты қазақ балаларына арналған орыс тілінде кітабы жарық көрді.

Мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 1926 жылы «Экспресс» өлеңдер жинағы, «Ұйым мен еңбек шарт жалшылар қорғаны» кітаптары, 1927 жылы Қазақ мемлекеттік баспасынан «Атаман Анненковтың азап вагоны», «Тар жол тайғақ кешу» атты кітаптары жарық көрді.      

1925 жылы Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік баспасынан белгілі жазушы Бейімбет Майлиннің «Бейімбеттің өлеңдері», «Ел мектебі», «Қос қақпан» «Бөлік»  шығармалары, 1928 жылы «Құрақ» атты кітабы жарық көрді.

1926 жылы мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың Ұлт театры туралы ұсыныстары мен ойлары жинақталып «Ұлт театры туралы» атты кітапша жарық көрді. Кітап араб әрпімен жазылған. Кітаптың мазмұнына қысқаша тоқтала кетсек. Театрда тойды да, қазақ тұрмысында көруге болады дей келіп нағыз ұлт театрын қалай жасау керек екенін ашық көрсетіп берген. Соңғы бөлімінде қазақша пьесаға бәйге жариялап қаламақысынан бөлек, бірінші бәйге мың сом, екінші бәйгеге бес жүз сом тігілгенін жария етеді.

1928 жылы Қазақ мемлекеттік баспасынан жазушы Ілияс Жансүгіровтың «Сағанақ» атты шығармасы жарық көрді.

1925-1929 жж. Қызылорда астана болған кезеңде Қазақ мемлекеттік баспасынан жарық көрген кітаптарды әлі де жинақтап жатырмыз. Еліміздің орталығы  Алматыға көшірілгеннен кейінде Қызылорда да баспа жұмысы тоқтамаған. Нақты зерттеулерге сүйенсек, 1932 жылға дейін баспахана арнайы тапсырыстарды қабылдаған. 

Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай облыс­тық музей қорындағы жоғары да аталған қазақ зиялы­ларының еңбектерін баспадан қайта шығарып, музей экспозициясына орналастыру жос­парлануда.

Гүлзира Әубәкір,

Ақмешіт музейінің ғылыми қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: