Облыс орталығында инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі – қала тұрғындарына жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен «Қызылжарма» каналын заман талабына сай қайта жаңғырту жұмысы. Каналды қайта жаңғырту су ресустарын тиімді пайдаланып, тұрғындарды аяқсумен қамтуға септігін тигізеді.
Қала әкімі Нұржан Ахатов мұндағы құрылыс жұмыстарын арнайы аралап көрді.
– Бұл жоба аймақ басшысының тікелей бақылауында. Соған сай жобада көрсетілген жұмыстар өте сапалы әрі мерзімінде атқарылуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, каналдың стратегиялық маңызы жоғары. Біз осы канал арқылы суды үнемдеп, «КБИ», «Коммунизм», «Шанхай», «Гагарин» шағын аудандары мен «Қызылжарма» ауылдық округінің тұрғындарын сапалы аяқсумен қамтамасыз ететін боламыз, – деді қала әкімі.
«Қызылжарма» каналы – ірі су айдындарының бірі. Оның ұзындығы 13 800 метрді құраса, ені 11 метр шамасында. Каналды ұзақ жылдар бойы пайдалану әсерінен науамен жабдықтау қажеттілігі туындап отыр. Бұған дейін суару маусымында бұл канал арқылы шамамен 9,3 млн текше метр су жіберіліп келсе, жоба толық жүзеге асқанда су шығынын 50 пайызға қысқартуға мүмкіндік болады. Алдағы уақытта канал аумағы абаттандырылады. Тұрғындар тынығуға арналған саялы орын ету жоспарда. Сонымен қатар жоспарланған жоба бойынша жаяу жүргішілер жолы салынып, заманауи жарық шамдары орнатылады. Бұл тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
