Сейсенбі, 21 қаңтар, 13:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№5,2118
21.01.2025
PDF мұрағаты

Саф ауа, таза су, қоқыссыз әлем – арман ба?

21.01.2025

83 0

Еліміздің экологиялық жағдайы соңғы жылдары өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе ірі қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарда ауаның ластануы, су ресурстарының азаюы, Арал теңізінің тартылуы және қоқыс өңдеу мәселелері елдің экологиялық ахуалын күрделендіре түсуде. Бұл мәселелер тек табиғатқа ғана емес, халықтың денсаулығына да қауіп төндіреді. Осыған байланысты Қазақстанда экологияны қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірқатар шаралар қолға алынғанымен, оларды жүзеге асыруда әлі де кедергілер бар.

Ауаның ластануы

Қазақстанның ірі қалалары мен өнеркәсіптік аймақтарында ауаның ластануы өзекті мәселе. Ауаның ластануының негізгі көздері – өнеркәсіптік кәсіпорындар, көлік құралдары және энергетикалық сектор. Ауаның ластануы – экологиялық мәселелердің ең күрделі және шешуді талап ететін бағыттарының бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлем халқының 99%-ы ауаның ластану деңгейі жоғары аймақтарда өмір сүреді. Бұл әсіресе табысы төмен және орташа елдерде байқалады. Ауаның ластануы ауа мен климаттың өзгеруіне ғана әсер етпей, сонымен қатар адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, ауаның құрамындағы ластаушы заттар адам денсаулығына айтарлықтай зиян тигізеді. Осы ұсақ бөлшектер өкпеде жиналып, қанға енген соң жүрек аурулары, инсульт, қант диабеті және созылмалы аурулардың қаупін арттырады. Қазақстандағы ауа сапасы – әлемдік деңгейдегі экологиялық мәселенің бірі. Өнеркәсіптік қалдықтар мен көлік құралдарының шығарындысы – ауаның ластану деңгейін арттырушы негізгі фактор. Қазақстанда ғарыштық мониторинг деректері бойынша, әсіресе Қарағанды облысында ауаның ластану деңгейі өте жоғары. Бұл аймақтарда көмір мен мұнай өндіретін кәсіпорындардың көптігі ауаға зиянды заттардың шығарылуына себеп болып отыр. Еліміздегі ауаның ластануы жыл сайын миллиардтаған теңге шығынға алып келетін, денсаулыққа зиян, климаттың өзгеруін тездететін факторларға айналып отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстан ауаның ластануын азайту үшін түрлі шаралар қабылдауда. Бұл шаралар ауа сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және климаттың өзгеруін баяулатуға бағытталған. Олардың бірі – өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық стандарттарын күшейту, зиянды шығарындыларды төмендету және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану. Елімізде ауаның ластануы мен оның зиянды әсерлерін қысқартуға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Қазақстан үкіметі ауаның сапасын жақсарту үшін түрлі шаралар қабылдауда, бірақ бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқару қажет. Мысалы, көлік құралдарын газға көшіру, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін төмендету және жасыл желектерді көбейту мәселелеріне басымдық берілуі тиіс.

2024 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандарттарға сәйкес, адамдар ауаның ластану деңгейі рұқсат етілген нормалардан асқан ауамен тыныс алды. «IQAir» ұйымыжүргізген зерттеуіне сәйкес, көптеген елдерде атмосферада PM2.5 – 2,5 микронға дейінгі өте ұсақ қатты бөлшектердің мөлшері нормадан бірнеше есе жоғары болған. Мысалы, Бангладеште – 79,9 мкг/м³, Пәкістанда – 73,7 мкг/м³, Үндістанда – 54,4 мкг/м³ ең жоғары көрсеткіш көрсетеді.

– Бұл дегеніміз, ауаның құрамында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормалардан асып кеткен ластаушы заттар бар және ең көп зардап шегетіндер – табысы төмен және орташа деңгейдегі елдер, – дейді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғылыми қызметкері Лоренцо Лабрадор.

ДДҰ деректері бойынша, 2019 жылы сыртқы ауа ластануы бүкіл әлемде 4,2 миллион адамның ерте өліміне себеп болған. Бұл жағдайлардың шамамен 89%-ы табысы төмен немесе орташа елдерде орын алған, әсіресе ДДҰ-ның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және Батыс Тынық мұхиты елдерінде орын алған.

Қандай ауа жұтып жүрміз?

Өңірдегі ауа сапасы да өзекті мәселе. Өнеркәсіптің дамуы мен көлік құралдарының санының артуы ауаның ластануына себеп болуда. Сонымен қатар мұнай өндіру мен химиялық өндірістердің қалдықтары да қоршаған ортаға зиянды әсер етеді. Бұл әсіресе Қызылорда қаласында және облыстың өнеркәсіптік аймақтарында байқалады. Казгидромет сайтына жарияланған деректерге сүйенсек, 2024 жылдың желтоқсан айында Кызылорда облысының атмосфералық ауасының сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері өңірдегі экологиялық ахуалды талдауға мүмкіндік берді. Бақылау стационарлық және жылжымалы станцияларда жүзеге асырылды, ауаның негізгі ластаушы заттары ретінде ұсақ бөлшектер (РМ2.5 және РМ10), азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді және озон анықталды. Кызылорда қаласында ауа сапасы «төмен деңгейде» деп бағаланды. Қаладағы ластану көзі ретінде азот диоксидінің концентрациясын атап айтуға болады, кей жерлерде рұқсат етілген шекті деңгейден асқан. Бұл автокөліктерден, өндірістік кәсіпорындардан және тұрмыстық шығарындылардан туындайтын мәселе. Басқа ластаушы заттардың деңгейі қалыпты шектерден аспағанына қарамастан, бұл көрсеткіштер қала экологиясын жақсарту үшін қосымша шаралар қажеттігін көрсетеді. Қармақшы ауданы Ақай ауылы және Төретам кентінде атмосфералық ауаның жағдайы тұрақты деп бағаланып, «төмен деңгейдегі» ластану анықталды. Бұл елді мекендерде барлық негізгі көрсеткіштер рұқсат етілген шектерде қалып, ауаның салыстырмалы тазалығын көрсетті.  Шиелі ауданының ауасы да негізінен таза болғанымен, озон концентрациясының айтарлықтай жоғары деңгейде болуы байқалды. Бұл озонның атмосфералық реакциялар нәтижесінде қалыптасатындығын және оның көзі тек өндірістік немесе тұрмыстық шығарындылармен шектелмейтінін көрсетеді.Арал қаласында ластану деңгейі «орташа» деп бағаланған. Көрсеткіштер ауаның экологиялық жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды қажет етеді. Қала экологиясына жағымсыз әсер ететін факторлар өндірістік шығарындылар мен автокөлік санының артуына байланысты болуы мүмкін. Жалпы облыстағы экологиялық жағдай тұрақты деп бағаланғанымен, кейбір аймақтарда белгілі бір ластаушы заттардың концентрациясының артуы байқалуда. Бұл өңірде экологиялық мониторингті күшейту, өндірістік және тұрмыстық шығарындыларды азайту жұмысын жетілдіру қажет екенін көрсетеді. 

Қоқыс өңдеуде қалыс  келеміз

Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі де өзекті. Қазақстанда қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі төмен. Қоқыстың көп бөлігі арнайы полигондарға тасталады, бұл топырақ пен судың ластануына әкеледі. Сондай-ақ елімізде қоқысты өңдеуге арналған инфрақұрылым жеткіліксіз. Бұл мәселені шешу үшін қайта өңдеу және қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту қажет. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қоқысты қайта өңдеу және энергия алу тиімді әдіс саналады. Қазақстанда да қоқысты қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру қажет. Бұл үшін қоқысты сұрыптау және қайта өңдеуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды күшейту, қоқыс өңдеу зауыттарын салу, қалдықтарды тиімді пайдалану әдістерін енгізу маңызды. «Eco Network» ұйымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда қазіргі уақытта 3200-ден астам қоқыс полигоны бар, оларда шамамен 120 миллион тонна қоқыс жиналған және қоқыс орындары әлі де өсуде. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметіне сәйкес, еліміздің көпшілік өңірлерінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 15%-дан аспайды. Бұл көрсеткіш тек ірі және өнеркәсіптік қалаларда ғана жоғары.«Тұрақты дамуды қолдау көрсету» орталығы, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының хатшылығының қолдауымен және ҚР Экология министрлігінің қатысуымен Қазақстан мен Өзбекстандағы пластикалық қалдықтарды инвентаризациялау жұмысын жүргізді.Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, 2013 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан нарығына шыққан пластикалық өнімдердің көлемі 387 мың тоннадан 855 мың тоннаға дейін ұлғайған.

«Energyprom.kz» сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан қайта өңдеуге ең экономикалық тиімді қоқыс түрлерінің, яғни пластик пен макулатураның экспортын арттыруды жалғастыруда. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар шілде айларында шетелге 11 мың тонна сығымдалған бөтелкелер мен басқа да пластикалық қалдықтар сатылды. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,1%-ға артық. Соңғы бірнеше жылдағы динамикаға қарағанда, елден пайдалы қоқыстың экспортын арттыру үдерісі тұрақты түрде жалғасып келеді. 2023 жылы пластикалық шикізаттың шетелге шығарылуы 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейге шамамен 16 мың тоннаға жеткен екен. Қазақстанның негізгі пластикалық қалдықтарды экспорттаушысы – Ресей. 2024 жылдың жеті айында жалпы 11 мың тонна пластикалық қалдықтың 5,8 мың тоннасы немесе 52,9%-ы көрші елге жіберілген. Екінші орынды Өзбекстан алады, оның үлесі 44,7% құрайды. Өзбекстан пластикті қайта өңдеуді дамытып, импортталатын қайта өңделген шикізат арқылы өндірістік қуатты арттыруда. Көрші елдермен салыстырғанда елімізде қайта өңдеу саласы аса дамымаған.

Үкімет басшысы атап өткендей, өңірлерде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақытылы шешілмейді.

– Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің айтуынша, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет.

– Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз, – деді Үкімет басшысы.

Елімізде экологиялық ахуалы өзекті күйінде. Ең алдымен, ауаның ластануы, су ресурстарының тапшылығы, Арал теңізінің тартылуы және қоқыс өңдеу мәселелері халықтың денсаулығына және табиғат жағдайына кері әсер ететіні белгілі. Әлемдік деңгейде ауаның ластануын төмендету және қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар шаралар қабылдануда. Қазақстан да бұл шараларды қолға алып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық стандарттарын жақсарту, жаңартылатын энергия көздеріне көшу, көлік құралдарын газға ауыстыру және қоқысты қайта өңдеу жүйесін жетілдіруде. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық стандарттары күшейтіліп, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану кеңейтілуде. Сонымен қатар Арал теңізінің экологиялық ахуалын жақсарту үшін су үнемдеу технологиялары мен орман алқаптарын қалпына келтіру шаралары қолға алынған. Бұл қадамдар Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды қадамдар. Дегенмен, бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқару қажет, сондықтан мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы экологиялық мәселелерді шешу маңызды.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: