Сенбі, 28 желтоқсан, 09:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сары «тумбочка»

12.10.2024

399 0

Шүкір шайдың дастарханында отырғандардың бірі әңгіме тіні үзілген сәтте «референдумға бардыңдар ма?» деп сұрақ қойды. Барғандар барғанын, бармағандар қалыс қалғанын айтып жатыр еді, Маржан дауыстап күліп жіберді. Жан-жағындағылар «не болды?» десіп, күлген келіншекке қарады.
– Есіме түссе, әлі өліп күлем, – деді Маржан көзін сүртіп жатып.
– Айтсайшы енді, – десті отырғандар.
– Былай ғой. 90-шы жылдардың орта шенінде 18-ге толып, бірінші рет сайлауға барып, дауыс беретін болдым. Ол кездегі сайлау барысы мүлдем бөлек енді. Бір адам өзінің отбасы үшін бірнеше бюллетень алып, жәшікке тастай беретін. Мен бірінші рет барып тұрмын.
Үйде дауыс беретін алты адамбыз. Әжем: «Маржан барса, бәріміз түгелміз, көрсін бұл да сайлау деген не екенін, мен пәленшеге берем даусымды, соның пәмілісінің тұсына қой пітішкіні, қалғандарын ит біліпті ме, ана жігіттің жүзі жылы көрінді, плакаттан қарап жымиып тұр, «түсі игіден түңілме деген» деп құжатын ұсынды.
Сонымен не керек, 6 адамның құжатын алып, сайлау учаскесіне келдім. Музыка ойнап, учаске алдында тәтті-пәтті сатып жатыр. Өзіме қызық көрінді. Көңілім көтеріңкі, ішке еніп, бюллетеньдерді алып, бөлек тұрған кабинаға барып, үйдегілердің тапсырмасы бойынша таңдау жасадым.
Ал, енді әлгі бюллетеньдерді қайда салу керек деп ойланайын. Жан-жағыма қарап, ретін таппай тұрсам жанымда сары тумбочка тұр, «а, осыған салу керек шығар» деп, 6 адамның таңдаған кандидаттарын тумбочкаға салып, үлкен іс бітіргендей масаттанып шықтым. Ешкім ештеңе демеді. Е, дұрыс жасаған екенмін деген сенім күшейді.
Үйге мәз-мәйрам боп келдім, әжем маңдайымнан сүйіп: «жарығым менің, үлкен азамат болдың деген осы, сайлауға барып, дауыс беріп келді, тіпә-тіпә» деп айналып-толғанып жатыр…
Уақыт өтіп жатты. Тұрмыс құрып, күндердің күнінде күйеуіммен бірге дауыс беруге бардым. Кабинадан шыққандардың ортада тұрған мөлдір жәшікке бюллетень салып жатқанын көріп, ұялайын. Сол кезде түсіндім ғой, сайлау десе, сол сары тумбочка есіме түседі де, өзімнен өзім көзімнен жас аққанша күлем, – деді Маржан.
Жиналғандар «сен қатырады екенсің, жүрген комиксің ғой, актерлер отдыхает» десіп жатты.
Ал ортада отырған аққұба келіншек:
– Менің атам бірде сайлауға түскен кандидаттың тұсына «ұятсыз, талай адамның обалына қалып, не бетіңмен депутат болайын деп жүрсің?» деп жазып кетіпті, – деді Маржанның сөзіне тұздық салып.
Міне, сайлау барысы жайлы сөз қуырдағының бір порциясы.
P.S. Кабина ішінде тумбочка көріп, сонда салып жүргендер жоқ па екен, өзі?


Айнұр ТҰҢҒЫШБАЕВА,
журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: