Жаздың алғашқы күнінде-ақ екі бала суға кетті. Артынша темір жолдың арғы бетіндегі Шанхай аумағында балалар бір-бірін пышақтады. Төбелестің соңы қайғылы оқиғамен аяқталған қос мұғалімнің әрекеті де жағдайды ушықтыра түсті. Бұл реттегі мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Қалалық мәслихатта өткен жиында тек білім саласының ғана емес, құқық қорғау, төтенше жағдай саласы мамандары мен қалалық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары да қатысты.
Бүгінде бала тәрбиесі ақсап тұр. Бұл қоғамның ең өзекті мәселесіне айналды. Екі адамның басы қосылса, жасөспірімдер тәрбиесіндегі түйткіл ушығып тұрғанын айтады. Қай жерден қателестік? Жүгенсіздікті жөнге қойып, тентекті тезге салатын қазақтың қалпы қандай еді? Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын былайғы жұрттың да басын ауыртқан осы мәселе еді… Аз ғана уақытта аймақтың атын айға шығарған түйткілді тарқатуды мақсат еткен жиында қала әкімі Серік Қожаниязов мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруды ұсынды.
– Бірдеңе бола қалса, ең оңайы – мектеп директорын жұмыстан босату. Бүйте берсек, жұмыста ешкім қалмайды. Сіз де, біз де кете береміз. Бұл – тек білім саласының ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін түсінуіміз керек. Түсінемін, еңбек демалысының уақыты. Бірақ түнгі рейдке келгенде «мен демалыстамын» деген болмау керек. Сенбілік бар, басқа да іс-шараларды қысқартып, оқу процесіне кедергі келтірмейтін жолын қарастырдық. Ұстаз мәртебесін көтеруге Президенттен бастап мән беріп, кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Жалақысын көтеріп, жағдайын жасаудың бәрі қолға алынған, – деді қала әкімі Серік Қожаниязов.
Бес саусақтың бірдей емес екенін алақанға қарап-ақ айта аламыз. Соны білсек те, екі бірдей мұғалімнің әрекеті тұтас білім саласына кір келтіргені айқын. Балаларды жөнге сала алмай жүргенде, олардың кері кеткен әрекеті де жығылғанға жұдырық болғаны жасырын емес. Айтпақшы, осы ретте сандарды сөйлетсек… Сенесіз бе, күні кеше бір түнде ғана жасөспірімдерге қатысты 56 әкімшілік-құқық бұзушылық тіркелген. Бір түнде ғана… Ал бір жылдағы 365 күнде мұндай жағдайдың қаншамасы болып жатыр. Жыл басталғалы кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне 173 хаттама толтырылса, оның 48-і – бір жылда бірнеше рет қайталанғандар.
– Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 120 қылмысқа төмен. Қылмыстардың ашылуы 13 пайызға артты. Рейд нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында 62 заңсыз суық қару сақтау фактісі тіркелді. Күнделікті рейд жүргізіліп тұрады, – дейді қалалық полиция басқармасының бастығы Айдар Қасанов.
Бұл ретте әрине, ата-ананың жауапкершілігі де қаралғаны орынды. Әйтпесе еңбек демалысына шыққан мұғалім атаулы қолына шыбық ұстап, канал жағасында жүр.
– Біздің жігіттер су алған апат аймақтарынан енді ғана келіп жатыр. Алдағы уақытта қауіпті аймақтардағы мамандардың санын арттырамыз. Қазір қала бойынша суға шомылуға тыйым салынған 21 учаскеде 20-25 маман кезекшілікте жүр. Демалыс күндері олардың санын екі есеге дейін арттырамыз. Ол жердің барлығында ескерту тақтайшалары ілінген. Бірақ балалар оған қарап жатқан жоқ. Мәселен, іс-шара барысында «КБИ» шағын ауданында су жағасында «Шұғыла» шағын ауданының балалары жүр. Айтып ескерттік, артынша олар Тасбөгеттен бір-ақ шықты. Жазаны қатайтпай, осылай балаларды қуып жүре береміз, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернұр Райымбеков.
Қала әкімі Серік Салауатұлы басқарма тарапынан әлі де болса халық арасында насихаттық жұмыстарды кеңінен жүргізе отырып, мүдделі органдармен бірге кезекшілікті күшейтуді міндеттеді.
– Жазғы демалысты тиімді өткізу шараларына жіті мән берілу керек. Біз ата-аналармен жұмыс істедік, рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Енді біз не істеуіміз керек? Бұдан нәтиже шықпаса, бәлкім, жұмыс бағыты мен көзқарасымызды өзгерту керек шығар. Спорттық үйірмелердің, клубтардың жұмысын жолға қояйық, – деді қала әкімі жиында.
Таяуда ғана тағайындалған қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Сәдуақасова жиында сөз алып, болған жағдайлар мұғалім атына кір келтіргенін мойындайтынын, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алудағы қадамдардың жасалып жатқанын жеткізді.
– Әрине, мұғалім атына кір келді. Оны қоғам алдында мойындап отырмыз. Балалардың қауіпсіздігіне келсек, мектеп директорларымен іс-шаралар, ата-аналармен жиналыстар тұрақты өткізіледі. Облыс әкімінің бекіткен іс-шара жоспарына сай өтуде. Мұғалімдердің 80 пайызы еңбек демалысында. Бірақ солай екен деп олардың түнгі рейдтегі белсенділіктері төмендеген жоқ. Менің ұсынысым, суға түсу маусымында қалада балаларға тегін суға түсетін арнайы жерлер белгіленсе, – дейді Ж.Сәдуақасова.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев жұмысқа жауапкершілікпен қарағанда ғана нәтиже шығатынын айтты. Ал бала тәрбиесі тұрғысындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екені анық.
– Мектептегі оқушыларға мұғалімдер еге болу керек. Көшедегі рейдтің орнына қиын балалардың үйіне барып, тәрбиелік мәні бар іс-шара, әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізсін. Ата-аналардың жауапкершілігін түсіндіру керек. Суға түсуге тыйым салынған аймақтардағы белгілер бүгін қойса, ертең жоқ. Бұл не деген тәртіпсіздік?! Түгендеу керек. Ол жерге суға түсуге болмайтынын адамдар білу керек. Мұнан бөлек, болашақта полиция боламын деп армандайтын жастарды ерікті түрде полиция қызметкерлерінің қатарына қосып, көмекке жұмылатын арнайы ықпалды топ жасақтауға болады. Өйткені олар жасөспірімдердің қайда жиналатынын, қайда баратынын біледі. Біз сол арқылы балалардың тәртібін қадағалай аламыз, – деп ұсынысын білдірді мәслихат төрағасы.
Түйін.
Жыл өткен сайын «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деп, салаға көптеп көңіл бөлінуде. Иә, мемлекет қазынасынан да бұл салаға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мұғалімдердің жалақысы өсіп, білім беру ұйымдары қажетті жабдықтармен жарақтандырылуда. Облыс әкімінің қолдауымен қала көлемінде үш ауысымды мектептер жойылып, санға емес, сапаға мән берілуде. Ендігі жерде қоғам мойнында үлкен жүк тұр. Ол – оқушылардың білімі мен тәрбиесі және мұғалімдердің мәртебесін көтеру. Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!