Қалалардың да адамдар сияқты тағдыры болады. Қызылорданың тағдыр талайына ел астанасы болу жазылған екен. Ұлы ойшыл әл Фараби айтқандай, қалалардың қайырымды да ақылды, тіпті бақытты болмағы ондағы тұрғындарына байланысты. Көп қалалардың ішінен Қызылорданың астана болып таңдалуы да біраз талқыдан өткені тарихи деректерден белгілі. Жазы аптап ыстық, қыс күндері өңменіңнен өтер қара суығына жан төзбес қаланы астана ету оңай болған жоқ. Бұған Сұлтанбек Қожанов сияқты арыстар күш салды. Белгілі ғалым Амантай Шәріптің «Қожанұлының Қызылордасы» атты мақаласында бұл туралы кеңінен айтылады. Мақаладан үзінді келтірсек: «Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп лақап таққан Сұлтанбек Қожанұлы әуелде Ташкент үшін тартысты. Көрнекті ғалым, жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігіне сүйенсек: «Бұл – 1924 жылғы енші алыста Ташкент маңындағы 40 мың үйлі қазақтар Халық Комиссарлар Кеңесіне 2 мың атты адам жолдап, Ташкент қазақтарда қалсын деп тілек айтқан кез». Алайда ұзақ талас-тәжікеден соң, көкпарға түскен кент РК(б)П ОК-нің шешімімен 1924 жылдың қарашасында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Қазақ ішінде астана төңірегіндегі айтыс қайта өршіп, үміткер қалалар қатарында Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент аталды. Тағы бір тарихи қызық факт мынау: РКП(б) Қазобкомы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде және 14 қыркүйекте, ал тағы бір билік бұтағы – ҚазОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның орталығын Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл үш шешім де орындалмаған. Сол сәтте мәселенің тоқетер төрелігін, қисынды қорытпасын жаңадан жасақталған Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұлтанбек Қожанұлы айтты», – деп жазады. «Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын» деген Сұлтанбек Қожанұлы не үшін Ақмешітті таңдады деген сұраққа ғалым мақаласында нақты деректер келтірілген.
«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» (Ақ жол. 12.11.1924) деп тұжырымдаған қайраткерді қазақтың кіндік қаласының шалғай шетте орналасуы қанағаттандырмағаны өз алдына, Орынборды ол Ресей империясы Шығысқа ашылатын қақпа ретінде іргесін қалаған «отар қоныс» деп сипаттады. Өз ұстанымын бүкпесіз білдіре отырып: «Қайда болса да Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да қалың қазақтың ортасы болсын», – деп жазды (Ақ жол. 28.01.1925).
Сұлтанбек Қожанұлы бастапқыда: «Ауылжақтықты қоздырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақырында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойылған мәселе Қазақстанның жалпы астанасы екені ұмытылмасын», – деп алаңдаушылық білдірсе (Ақ жол. 23.12.1924), кейінірек «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақаласында: «Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қарақалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақмешіт үлкен қала болып кететіні анық», – деді (Ақ жол. 28.01.1925).
1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. Сұлтанбек Қожанұлы «Лениншіл жас» журналының сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген сауалға жан-жақты жауап қайтарды. Қаланың орналасқан жерінің экономикалық байланысқа қолайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұрғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетуге мол мүмкіншілік беретінін, ең бастысы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақтар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын кешеуілдетпеуге шақырды. Ол БК(бП) Қазөлкекомының орталықты Орынбордан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шараларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын басқарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хаттамаларына қол қойып отырды.
Осылайша, сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіп үйренген қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды».
Қызылорда астана болған жылдары Сыр топырағына көшіп келіп, ұлтқа қызмет етуді мақсат еткен алаш зиялыларының адал ниетіне бұл қасиетті мекен аянбай еңбек етуге, ақын-жазушылар үшін алаңсыз шығармашылықпен айналысуға қолайлы болған екен. Қазақылықтың мекені, Алаштың анасы атанған Қызылорда ел астанасы ғана емес, қазақ өнері мен ғылым-білімінің негізі қаланған, алаш зиялыларының панасы, рухани ордасы болған қала туралы бұған дейін де жазылды, жазыла да бермек. Алаш зиялыларының табаны тиген қасиетті топырақта ұлттың өнері өркен жайып, ғылымы мен білімі дамыды. Қазақ ақын-жазушыларының да шалқар шабытпен көсіле жазған кезі де осы жылдар екен. Облыстық мұражай қызметкерлері Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана қорынан 1925-1935 жылдар аралығында Қызылордада басылған 100-ге жуық кітаптың электронды нұсқасын тапқан. Бұл әзірге белгілісі ғана. Кітап саны бұдан да көп болуы мүмкін.
– 1925-1932 жылдар аралығында Қызылордада көптеген кітап басылып шықты. Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың кітаптары Қызылордадағы баспаханада басылды. Қазіргі таңда біз Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананың қорынан сол уақыттарда Қызылордада басылған 100-ге жуық кітап тауып отырмыз. Қазір тізімі жасалып жатыр. Анығын айтқанда, тек әдеби кітаптар ғана емес, ғылыми еңбектер де басылған. Мәселен, суландыру жүйесі, биология және басқа салалар бойынша ғылыми еңбектер бар. Қазір біздің тауып отырғанымыз 100-ге жуығы ғана, негізі одан да көп болуы керек. Себебі 1935 жылға дейін Қызылордадағы баспаханада (қазіргі Аль-асад дүкені орналасқан ғимарат) кітап басылған. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда – қазақтың ғылымы мен білімінің негізі қаланған жер, – дейді облыстық мұражайдың ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.
Облыстық мұражай қызметкерлері атаулы жылда мазмұнды шара өткізуге жоспар құрып, дайындық жүргізуде. Бұл мақсатта «Алаш жолы» атты көрме өткізу, ел астанасы болған жылдардағы Алаш зиялыларының ұлтқа еткен қызметі туралы еліміздің түкпір-түкпірінде көшпелі көрме өткізуді мақсат етіпті.
– Еліміздің бірнеше өңірінде «Алаш жолы» атты көрме өткізуді жоспарлап, соны дайындап жатырмыз. Анығын айтқанда, сәуір айында Жымпитыда, мамыр айында Торғайда, одан кейін Семейде көрме өткіземіз. Көрмеге архив материалдары, Қызылорда астана болған жылдары еңбек еткен алаш қайраткерлері туралы мәліметтер, сонымен қатар Сыр топырағының перзенті Қоңырқожа Қожықов, Серәлі Лапин, Мұстафа Шоқай сынды қайраткерлер туралы мәліметтер алып барамыз деп жоспарлап отырмыз. Семей – Алаштың өзегі, Торғай – табаны, Жымпиты – жұлыны болса, Сыр – Алаштың жүрегі. Біз осыны көбірек насихаттауымыз керек. Сонымен қатар «Алаштың астанасы – Қызылорда» деген тақырыппен Өскемен, Түркістан, Маңғыстау қалаларына көрме жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ақмешіттің Қызылорда аталып, ел астанасы болғанына ғасыр толған сәтте Қызылорда атауының авторы Қоңырқожа Қожықовқа ескерткіш қойылса деймін, – дейді ғылыми хатшы.
Айта кетелік, облыстық мұражай қорында қазақ жазушыларының Қызылорда астана болған жылдары өңірде басылған кітапшалар сақталған. Бұл кітапшаларды төте жазудан өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы қазақ тіліне аударған екен. Алдағы уақытта бұл кітапшалар кітап болып басылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!