Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үнемшілдік сараңдық емес

02.03.2024

1152 0

Сурет: Н.Нұржаубай

«Есепсіз дүние жоқ». «Шашу – оңай, жинау – қиын». «Тас құмыра тамшыдан толады». Бұл – дана қазақтың ысырап пен үнемшілдік жайында айтқан ұлағаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді соңғы жылдары жайлап бара жатқан даңғазалыққа тежеу салу, ысырапшылдықтың барлық түрінен арылу қажеттігі туралы мәселе көтеріп жүргені баршаға белгілі. Бұл – біздің де көптен бері көкейімізде жүрген түйінді түйткіл. Президент сол ой тоғысын дөп басыпты. Тоқаевтың айтқандарына тоқтала кетсек, «Даңғазалық, ысырап­шылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырап-шылдықтан арылу қажет» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Соны­мен қатар Президент мерейтойлар бары­сында ысырапқа жол бермеу керек екенін де айтып жүр. 

Мәжіліс үйінде VI шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясының ашылуына орай Парламент палаталарының бір­лескен отырысында да Мемлекет бас­шысы осы мәселеге тоқталған бо­латын. Ұлы Абай осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өскелең ұрпаққа өсиет ретінде сақтандыра айтып кеткен бес дұшпанның бірі – бекер малшашпақ һәм ысырапшылдықтан әлі күнге арыла алмай келе жатырмыз. Осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы назар аударып, халқымыз­дың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін алға қойса, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында да: «Әділдік, инклюзивтік және үнем­шілдік жаңа экономикалық бағдары­мыздың өзегіне айналады» деп алдағы экономикалық реформалардың басты басымдықтарының бірі үнемшілдік, яғни ысырапшылдықтан арылу екенін атап айтты.

Үнемшілдік

дамыған елдердің өмір салтына айналған

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселе­лері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президент үнем­шілдікке кеңінен тоқталды.

– «Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жыл­ға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Әрине, еліміздегі ысырапшылдық мәселесі осымен түпкілікті шешімін тапты деуге әлі ерте. Себебі оған әлі халықтың қаржылық сауаты жетпейді. Соның салдарынан қарыздан қарызға «батып», күнкөріс деңгейі төмендеп кеткен отбасылар саны артуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді.

– Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рәсімдеген, – деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.

Расында да, несиені мақсатсыз алу, аста төк той жасау, «жұрттан ұят болмасын» деп бағалы заттар тұтыну трендке айналған. Қарап отырсақ, мұның бәрі артық шы­ғын және ысырапшылдық. Бірақ оған құлақ асып, «бұл жөн екен-ау» деп тыңдай қоятын тұрғындар болса, қа­некей… Өйткені ел арасында әлі де болса бәсекелестік қалмай келеді. Ал ақыр соңында қиналатын өздері.

«Қарызсыз қоғам» халықты құтқара ала ма?

Өткен жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. Сондай-ақ 16 қыркүйекте «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуы Үкіметте қаралды. Оған қоса ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы ережені дайындады. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.

Сонымен «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылды. Айта кету керек, аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрғандар, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады. Ал нәтижесі уақыт еншісінде…

Отызбаевтың ойы…

Жалпы ысырапшылдық адамгер­шілікпен қатар мұсылманшылдыққа да жат. Бұл жайында – Қасиетті Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қыл­маңдар: Шын­дығында, Алла Тағала ысырап қы­лушыларды сүймейді», – делінген. Иә, үнемшілдік – Жаратушы алдында да сүйікті іс. Өйткені адамзат баласы барлық нығмет үшін сұ­ралады. Сонымен қатар Мұхаммед пайғамбардың  хадистерінде де  «Кімде-кім үнемшіл болса, Алла Тағала оны бай етеді. Кімде-кім ысырапшыл болса, Алла оны кедей етеді» деп айтылған. Олай болса, халықтың бай болуы да, кедей болуы  да үнемшілдік пен ысырапшылдыққа тікелей байланысты екен.

Осыған орай облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің наиб иманы Қайырбек Отызбаев өз ойымен бөлісті:

– Қазіргі қоғамда рухани дерттің бірі – ысы­рапшылдық жасау. Əлемді жаратқан Алла ысырап етушіні сүймейді. Құрани Кəрімде: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген. Обал, сауап, ысырап дегенді білмеу – Алланың берген нығметін бағаламау, қолындағы бар­ға шүкір етпеу болып табылады. Шайтанның да көздеген мақсаты – Алла ұнатпайтын істерді пендеге қызық əрі əдемі етіп көрсетуі.

Ысыраптың мағына­сы – дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден тыс ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен жұмсамау дегенді білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз былай дейді: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер». Мұсылман ысырапшыл емес, үнемшіл болуы керек. Өйткені асыл Пайғамбарымыз айтқандай, «Үнемшіл адам кедейлік көрмейді».

Негізі қазір кейбір жастар туған күн мен тойдың өзін дүркіретіп атап өтеді. Тіпті арасында көлік сыйлайтындары да кездесіп жатады. Әрине, сыйласын. Бірақ біздегі халық соны көріп, бәсекеге барып, олар да қарызданып немесе несие алып, көлік әперетіндері де табылады. Ал бұл – ысырапшылдық. Оның орнына садақа бер, сауабына кенелесің.

Жалпы орынды тақырып қозғап отырсыздар. Дана халқымыздың өзі нан қиқымын теріп алып, обал болады деп қастерлей білген. Былай қарасаңыз, босқа жанған жарық, текке жұмсалған уақыт, беталды төгілген тамақ, құр тасталған нан – осының бəрі ысырап. Бұл дүниедегі берілген алтын уақыттың, қол жеткізген нығметтің, мал-дүниенің сұрауы бар екенін ұмытпауымыз керек, – деді наиб имам. Иә, расында да әрбір істің, әр сөздің сұралатын уақыты келеді.

«Көрпеге қарай көсілу керек»

Халық даналығы осы­лай дейді. Қаламыздың қарт тұрғыны Әбіш Жанкелдиев де бізге осы сөзді айтты.

– Біздің заман өте қиын кез еді. Балалық шақ соғыспен тура келді. Қазіргі балалардай қалаған ойыншықпен ойнап, жегің келген тағамды жей алмадық. Сол тоқырау замандарда бір үйде оннан аса адам тұрдық.  Бәріміз үстелге жиналғанда, бір уыс бидайды ата-әжеміз дастарқанға шашып жіберетін, әрқайсысымызға бір-екі түйір дәннен келетін. Жеп үлгерген жеді, үлгермегеніміз аш жататынбыз. Ол кезде ауылда тұрдық.

Міне, сол кездегі жоқшылықтың көрінісі.  Бір түйір дән мен бір тамшы су біз үшін өте қастерлі болды.  Ол уақытта қазіргідей мал асырауға рұқсат берілмейтін, кімнің малы, кімнің астығы болса түгел тәркіленетін. Ата-анамыз астық сақтайтын жер бол­мағандықтан, жердің астын қазып, от өртеп,  ұра жасап, астықты сонда сақтайтын. Бір-екі  қап астығы бар үй бай отбасы саналатын.

Бүгінгінің балалары бақытты. Бәрі бар. Бірақ бәрі бар, бәріне қол жеткізуге болады деп ысы­рапшылдыққа жол бермеу керек. Өйткені қазір несие деген қауіп шықты. Той-томалақты да осы несиемен жасап жүр. Оны көзіміз көріп отыр емес пе… Тіпті үй салып, көлік алсаң да несие аласың. Үйдегі керек жиһазды да несиеге алып жатады. Айналып келгенде, қазір жұрт адамға емес, банкке қарыз. Ай сайын айлығын алады да, несиесін төлейді. Соның бәрі жалақының аздығынан деп ойлаймын. Егер жалақысы жоғары болса банкке қарызданып несі бар? Әрине, жағдайды жасаған дұрыс. Әйткенмен көрпеңе қарай көсілу керектігін де ұмытпаған жөн. Сондықтан қазір мақтанудың емес, жан-жақты табыс табудың кезі. Тапқаныңды шашпай, тек үнемдейтін уақыт келді, – деп үнемшілдікке үгіттеуге тырысты.

Иә, ақсақал көрген аштық, соғыс, жарықтың жоқтығы, жоқшылық  қазір бұл қиындықтың біреуі де жоқ. Алайда оның орнын несие басты. Себебі бәрі «несиені қалай жабамын?» деп күн кешіп, күресіп жүр.

Тілші түйіні

Әркім тапқан қаржыны қалай жұмсау керектігін өзі шешеді. Бірақ бардан да, жоқтан да үнем­деу – қазіргі заман талабы. Кейбірі ойлайды, үнемшіл болу – сараңдықтың белгісі деп. Бірақ олай емес. Керісінше, үнемшілдік – жақсы қасиеттердің бірі. Үнемдей білетін адам болашақ қаржылық қиындықтардың алдын алып, қарызға батудан өзін сақтайды.

Ұлы Абай атамыз айтқандай, бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы қарызсыз жарқын болары сөзсіз. Бабаларымыз да кейінгі ұрпақ сіз бен бізге ысырапшылдыққа бармай, қолдағы бар ырыздық-несібе мен берекетті орнымен пайдалана білуді өсиет еткен емес пе… Олай болса, дәл қазіргі күйбең тірлікте сол өсиетті ұмытпағанымыз абзал, ағайын!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: