Дүйсенбі, 20 мамыр, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Су басқан аймақтардағы ахуал қиын

30.03.2024

335 0

Сурет:jasqazaq.kz

Алашты алаң, елді елең қылған су басу жағдайлары көпшілік көкейінде тұр. Осы біз ала жаздай шырылдаған шегірткенің әдетіне басқан жоқпыз ба? Еліміздің он облысындағы жағдай оңай болмай тұр. Су басу қаупі сейілген жоқ. Қолда бар мәліметке сүйенсек, әр аймақта 100-ден астам тасқын тіркелген. 297 баспана суда қалып, әртүрлі маңыздағы 18 жолды су шайды. Оған қоса, екі көпір бұзылды. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарында қауіптің сейілмей тұрғанын айтты.

Арпа мен бидайдың отанына айналған Қостанайда жағдай мүшкіл. Желмен жарысар жүйрік жылқылар да тасқынға төтеп бере алмай, суда қалқып кетіп барады. Анау-мынау техникалар да төрт табандап тұра алмауда. Үкімет мүшелеріне депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Сергей Пономарев өз сөзінде «Бір үйді су алса да үлкен қайғы, ал қазір жарты миллион адамның өмірі қыл үстінде тұр», – деп дабыл қақты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірінде су деңгейі көтеріліп, тасқын болды. Барлық күш жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Қазір төтенше жағдайлар, ішкі істер, қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары – барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақпен эвакуацияланып жатыр. Мұндай жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасады. Жағдай қатаң бақылауға алынды. Зардап шеккендерге үкімет пен әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, – деді Солтүстік Қазақстан облысына сапарлаған ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жағдайды жеткізе.

Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру оңай болмай тұр. Десе де елдің басына түскен қиындыққа жұмылған жұдырықтай біріге іске кіріскен елдегі төтеншеліктер бір-біріне көмекке баруда. Қостанай облысына Қарағанды және Қызылорда облысының құтқарушылары аттанды.

Мұндай су басу жағдайы өткен жылы да бірқатар өңірлерде тіркелген болатын. Мәселен, Батыс Қазақстан, Түркістан, Абай, Павлодар, Ақтөбе және Атырау облыстарында 170-ке тарта нысанды су басқан еді. Оның ар жағында 2022 жылы да еліміздің қауіпті өңірлерінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жоқ. Сол жылы 200-ден астам елді мекен қауіпті деген статус алған. Биыл да мәселе болып, мінберде көтеріліп жүрген қардың уақытылы шығарылмауы, арықтардың тазаланбауы сол кездегі апатқа да себеп болды деген еді жауаптылар.

Жауапты азаматтар су басқан өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесуде. Олардың айтуынша, зардап шеккен әрбір тұрғынға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Арнайы құрылған комиссия үйді-үйді аралап, жағдаймен жіті танысуда. Әрбір шығынды қағазға түсіріп, құжат жүзінде тіркейді. Әйтсе де дәл қазір шығынның нақты көлемі анықталмады. Тасқынның беті қайтқан соң тап-тұйнақтай қаралады деген жауаптылар боранды күні берілген уәдені тынық күнде ұмытып кетпесе болғаны.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: