Бұл өмірде алас-күлес атқа мініп, ағындап жүргенде талай жандармен жолың түйіседі. Сондайда жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, ал табанының бүрі жоқ пенделерден суысасың. Осы аралықта айналаңды танып-біліп, бұл өмірден өз орныңды табасың. Арқасы қорған аталар мен ағаларды ардақтап, ізеті бөлек інілерге ардақталасың. Осындай асқаралы да ардақты азаматтың бірі, есімі елге танымал болған текті әулеттің тұяғы Төреқұл Ақжігітов менің атам еді.
Атам 1924 жылы Қазалы ауданы, 3 ауылдық кеңесіне қарасты (кейіннен Қарашеңгел ауылдық кеңесі) шаруа отбасында дүниеге келіпті. Бұл – қазіргі Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр ауылы. Атамның айтуынша, анасы Іңкәр дүниеден өткенде ағасы Мұса 11 жаста, інісі Ырза 8 жаста, өзі 9 жасар бала екен. Арада тағы үш жыл өткенде әкесі Ақжігіт те дүниеден өтіп, үш бала тұлдыр жетім қалады. Ендігі өмірлері әуелі Алла, атасы Сейітмәмбет мен әжесінің қамқорлығында болады. Бірақ, көп ұзамай атасы Сейітмәмбет те о дүниелік болып кете барады. Әжесі әупірімдеп жүріп балаларды жеткізеді.
Төреқұл атам 14 жасынан Қызылту колхозында колхозшы болады. Әжесінің енді келін түсіріп, балалардың қызығын көремін деген арманын басталған соғыс быт-шытын шығарды. 1943 жылы бірінен соң бірі, яғни алдымен ағасы Мұса, артынан атам Төреқұл, бір жылдан соң інісі Ырза соғысқа аттанады. Көп ұзамай-ақ Мұса мен Ырзадан «қара қағаз» келеді. «Бір білерім біреуі аман келеді» деп әжесі тілейді екен. Әжесінің тілегін Алла қабыл етіп, атам соғыстан 1947 жылы елге аман-есен оралады.
Соғыстан аман келген атам қолына құрығын ұстап жылқышы болады. 1957 жылы коммунистік партия қатарына қабылданады. Тоғыз жыл жылқышы болған атамды бір күні колхоз басқармасы шақырып алып: «Төке, Үкімет басымдықты жылқыға емес, қойға беріп отыр, шопан болуға қалай қарайсыз? Ойланып жауабын берерсіз» деп шығарып салады. Үйге келіп әжем Орынаймен ақылдасып, «көп ойлануға құқым жоқ, партия қайда жұмсаса, сонда баруым тиіс» деп сол күні-ақ шопан болуға келісім береді. Қойшы таяғын ұстаған атам сол күннен бастап аға шопан болып, әулеттің ғана емес, аудан халқының асыраушысы бола жүріп, 1984 жылы өмірден озды.
Еңбек десе ішер асын жерге қоятын атам 1970 жылы әр 100 саулықтан 170-тен қозы алып, 1975 жылы әр 100 саулықтан 217-ден қозы алып, шаруашылықтың, ауданның көрсеткіштерін жоғары дәрежеге жеткізеді. Атам есімі республикадан асып, Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атануына өзінің лайықты үлесін қосты. Атам 1966 жылы кеудесіне «Ленин» орденін, 1970 жылы «Октябрь революциясы» ордені мен «Еңбек Қызыл Ту» орденін, басқа да еңбек медальдарын иеленді. Ал 1971 жылы сегізінші Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Сондай-ақ Үкімет тарапынан кезектен тыс мотоцикл, «Нива» автокөлігін алды.
Әке таяғын ұлы Әділхан қолына алды. Сөз реті келгенде айта кету керек, баласы Әділхан да әке жолын жаза баспай жүріп, 1990 жылы 100 саулықтан 205 қозы алып, әкенің салған сара жолын жалғады. Одақ ыдырағанша аға шопан болып ересен еңбек етті. Төреқұл Ақжігітовтың есімін есте қалдыру үшін Жалаңтөс батыр ауылына және Қашақбай Пірімов ауылдарында көше аттары берілді. Атам әжем Орынаймен бірге жеті баланы өмірге әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
Атам абыройына тасынып мақтанбады, кішіпейіл де қарапайым жан болды. Талай алқалы жиындарда мінбеде отырғанда да асып-шалқып әңгіме айтпайтын. Қашанда бір қалпынан айнымайтын. Адамдармен қарым-қатынас жасағанда қызметіне қарай емес, адамдық қадір-қасиетіне қарай бағалайтын. Шешіліп сөйлесе қойса әңгімені жеріне жеткізе, майын тамыза айтатын. Төкең дүниеден өтсе де, балалары абыройлы азамат атанып, әке ісін ілгері қарай жалғастырып келеді. Өмір жалғасын тапса, адамның мұратына жеткені де.
Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, Төреқұл атамыз бұл өмірден өкінішпен өткен жоқ. Атамызды өлді деуге болмайды, өйткені оның артында өлмейтін ісі мен өшпейтін болмысы қалды. Содан да атамның немерелері Мереке мен Айгүл аталарына арнап бірі өлең жазса, енді бірі нақышына келтіріп оқып, аталарын қайта тірілтіп те жүреді.
Атам қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген даналық қағида бар. Сол айтқандай, есімі ел есіндегі атамыздың бітім-болмысы бұл өмірден өтсе де аласармайды, қайта жыл өткен сайын биіктей бермек.
Дәуренбек ТӨРЕҚҰЛОВ,
немересі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!