Жексенбі, 29 желтоқсан, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үйге сыймаған байлық

08.10.2024

307 0

Сурет: pinnedby.me

– Өй, мыналарың не? Тағы да қоқыс па?

– Әке, кітаптар ғой.  Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу. Бес қапқа зорға сыйды. Анашым үйге сыймайды деді, – деді ойын баласы Аслан.

– Кім сендерге далаға шығар деген? Жұмыстан көңілді оралған әкесінің лезде түсі өзгеріп сала бергенін байқаған Аслан асүй жақты иегімен нұсқады. Сабыржан аяқкиімін де шешпестен асүйге ентелей кірді.

– Не болып қалды, соншама?– деді әйелі Ақсәуле.

– Далаға шығарғаның не?

– Енді қайда қоямын?

– Даңғарадай 7 бөлмеден орын табыл­мады ма? Несіне көштік зәулім үйге?

– Кітапхана жасау үшін емес…

–….

Табиғатынан сабырлы Сабыржан айғай-шу дегенді жек көретін Бұл жолы да үнсіз қалды. Қап-қап болып сірескен бар бай­лығын төрге сүйрей жөнелді. Бұл ісін оғаш көрген әйелі ашуға мінді.

– Қайда апарасың?

– Төрде тұрады.

– Төрде орын жоқ. Кітап толы қапты арқасына салып алып төрге озған Сабыржан залдағы аппақ жиһаздың алдына бір-ақ тоқтады. Сервант  іші моншақталған ыдыстарға толып қалыпты. Бірінен-бір өтеді. Құдды музейдегідей дерсің.

– Мына дүниелер қайдан келген?

– Кеше өзіңе айттым емес пе? Бүгін барып несиеге алдым. 500 мың теңге болды. Ай сайын бөліп төлегенде түк емес екен. Әйтпесе ала алмаймыз ғой. Қымбат ыдыстар ғой. «Вигалинаның» вазалары. Ал мынау таза қайың ағашынан жасалған.

Сілейген күйі қатып қалған Сабыржан­ға әйелі сонау бір ғасырлардың жәдіге­рін көрсеткендей әр ыдысты аялап түсінді­ріп жатыр.

– Мұндағы моншақтардың өзі қымбат. Кеше Айгүлдің үйінде байқадың ба? Ол арзан екен. Мынау «оригиналы».

Жылт-жылт еткен ыдыстар жұтынып тұр. Жарық сәулесімен жымыңдайтын сияқты. Ақсәуленің майын тамызып түсін­діргеніне, аппақ ыдыстарға қарап Сабыржан да қызығып қарап қалғандай. Осы үнсіздікті пайдаланып Ақсәуле де кітап­тың «тағдырына» кесім айтты.

– Әзірге әкемнің сарайына қоя тұрайық. Кейін мына жерден времянка салсақ орын табылар.

Сабыржан қап толы кітапқа бір, әйеліне бір қарады. Санаулы минутта бүгінгі күнге дейінгі отбасылық өмір кино лентадай көз алдынан зырғып өтті.

Сабыржан мен Ақсәуле отбасын құр­ғанда басында баспанасы да жоқ еді. Әркімнің босағасын сығалап, пәтер жалдап күн кешкен жас отбасы кейде аш, кейде тоқ болса да, арманы асқақ еді. Күн сайын кешке жүрек жалғап алған соң екеуі өлең оқып жарысатын. Екеуі кезек-кезек өлең оқығанда поэзия кеші өтіп жатқандай ма дерсің. Әдебиетші Сабыржан қолды сермеп өлең оқығанда, тыңдаушы Ақсәуле ризалықпен қол соғатыны, пәтерден-пәтер­ге көшкен сайын бар дүниесі жарты қап кітапты тастамайтыны кеше ғана еді. Кітапқұмар жастардың бар байлығы да осы болатын. Жас жазушының аз-маз қаламақысымен күн көрген отбасы иелері кейде бір баспана болуды армандап, әлі қолы жетпеген жаңа үйдің бір бөлмесін кітапхана етуді армандайтын еді…

Уақыт өте жағдай жақсарды. Арман­даған зәулім үйге де қол жетті. Ендігісі, міне…

Кешегі оқиғаны тағы бір ой елегінен өткізіп, алдындағы мақаласын түзеген болып отыр­ған Сабыржанның кабинетіне әріптесі Ақбота ентелей кірді.

– Сабыржан, үй жақта тұрған вагонды сатайын деп едім. Сен жер үйге көштің ғой, үйдегі артық заттарды қоюға керек қой. Іші қапталған, қыста жылы, жазда салқын. Тіпті өзіңе кітапхана жасап қойсаң да болады, ақшасын бөліп берерсің.

– Кітапхана… Кітаптарымды сөре жасап, төріне қойсам бола ма? Қыста жылы дейсің бе? Ол жерден ешкім енді сыртқа шығарып тастамайтын шығар…

– Не дейсің?

– Аламын! Кітаптарым үшін аламын. Сабыржан жерден жеті қоян тапқандай, әріптесін құшақтай алды.

Гүлбибі Мұрат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: