Қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сенсек, өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 5101 өтініш хат тіркелген. Осы өтініштер негізінде 33 жер комиссиясының отырысы өткізіліп, 1763 адам жер иеленіпті.
Алдымен қалада қанша адам кезекте тұрғанынан бастайық. 2005-2007 жылдары жер алуға өтініш берушілер саны ең жоғары деңгейде болған. 2005 жылы 11163 болса, 2006 жылы 11509, ал 2007 жылы – 11315 азамат кезекке тіркелген. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш біршама төмендеген. 2008-2011 жылдар аралығында кезекке тұрғандардың саны 1,5-2 мың шамасында болған. Ал 2012-2014 жылдары өтініш саны қайта өсіп, 2014 жылы 5149 адамды құраған. 2016 және 2017 жылдары да өтініш саны 5 мыңнан асқан.
2018 жылдан бастап көрсеткіш біртіндеп азайып, 2020 жылы 742 адам ғана тіркелген. 2022 жылы кезекке тұрушылар саны күрт өсіп, 7432 адамға жеткен. 2023 жылы – 2359, 2024 жылы – 794, ал 2025 жылы 755 адамды құраған. Өтініш санының көбеюі немесе азаюы бағдарламалар мен халықтың ақпараттандыру деңгейіне байланысты болуы мүмкін. Халықтың экономикалық жағдайы, қаржылық мүмкіндіктерінің өзгеруі немесе құрылыс материалдарының қымбаттауы сияқты факторлар жер теліміне өтініш беру санының азаюына себеп болады. Бүгінде 71302 азамат жер алудан үмітті.
Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібековтің айтуынша, 2021 жылдың сәуір айынан бастап жер учаскелерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі кезде 2005 жылы кезекте тұрған 11163 азаматтың ішінен қалған 2240 азаматқа жер учаскелерін 3 жыл мерзімге беру жұмыстары жалғасып жатыр. Ел игілігіне Бәйтерек, Қорқыт ата, Рисмаш, Әл-Фараби шағын аудандарынан инфрақұрылымы дайын жер табысталуда, – дейді ол.
Пайдаланылмаған жер кері қайтарылады
Биыл мемлекет қорына 1000 гектар жер қайтарылуы тиіс болған. Жыл соңына дейін оның 717 гектары, яғни 71,7 пайызы арнайы жер қорына қайтарылды.
Жыл бойы 322 жер учаскесі тексеруге жіберілді. Тексеру нәтижесінде 42 кәсіпкерге бір жылдық, 22 меншік иесіне үш айлық мерзімде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген екен. Мемлекет жерін заңсыз иеленген 87 адамға әкімшілік айыппұл салыныпты.
Қаланың дамуы жаңа инфрақұрылым жобаларын талап етуде. Осыған орай, биыл бірқатар жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынған. Жанқожа батыр көшесіндегі темір жол асты өткелін салу жобасы аясында 23 учаскенің 20-сы иелерінің келісімі бойынша сатып алған. Тәуелсіздік даңғылын төрт жолақты ету жобасы бойынша 17 учаске алынды, бес жеке тұлғаға өтемақы төлеген.
Ірі жобалар тізімі онымен шектелмейді. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалын дамыту үшін 314 гектар, «Өндіріс» индустриялық аймағын кеңейту мақсатында 50 гектар жер мемлекет қарамағына өтті. Сонымен қатар Тасбөгет кентіндегі емхананы кеңейту, ауыз су қоймасын салу, стадион маңындағы автотұрақ және инновациялық орталықтың санитарлық аймағын реттеу мәселелері бойынша да тиісті қаулы қабылданды.
Айта кетерлігі, жер учаскелерін сату мен жалға беруден түскен қаражат жоспардан 183 пайызға артық орындалған.
Қызылорда қаласында жер телімдерін алу үдерісі жыл сайын әртүрлі қарқынмен өзгеріп отырғанымен, сұраныс әлі де жоғары деңгейде. Ал мемлекет тарапынан жер қатынастарын реттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, заңсыз иеленгендерге шара қолдану және инфрақұрылымы дайын учаскелерді кезең-кезеңімен бөлу – осының дәлелі. Қалада жүзеге асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар да жер ресурстарын тиімді пайдаланудың маңызын арттырып отыр.
Жалпы алғанда, жер телімдерін бөлу мен игеру біртіндеп жүйеленіп келеді. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарды жермен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!