Сәрсенбі, 29 мамыр, 00:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Лағыл сырғаның хикаясы

11.03.2023

538 0

Қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарының ішінде сырғаның орны ерекше. Әдемі халық әндерінде де

«Көрінсеңші көзіме сағынғанда айхоооу,

Жайнап кеттің сырғаңды тағынғанда

Сырғалым,  Сырғалым,

Сырғаңның сыңғыры сыңғырлап,

Ұйқымнан оятты айхооу,

Мың бір түн сияқтым-ай» деп «Меломен» тобы әуелете ән айтқанда әуенге елітіп, көздің жауын алатын сырға таққан қаракөздер мөл­діреп көз алдымызға келе қалатынын айтсаңшы!

Сол қазақтың хас сұлуларының тағып жүрген сырғаларының да шығу тарихы бар екен. Естіген нәрсені білмекке ұмтылу да бір ғанибет.

Бұл тарихи деректі мен жолсапарға шыққанда  бір үлкен кісіден естіп таң-тамаша болдым. Ол кісі қисса үлгісінде айтты. Мен қойын дәптеріме түртіп алдым. Анамыздың айтуынша, Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады.

Осыны сезген Ібіліс:

– Ей, Сара! Еріңе қанша адал қызмет етсең де Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал, – дейді.

Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді.

Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді.

Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады.

– Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады, – дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда  «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп:

– Қызғаныштан Ажарды жаралаймын деген антым бар еді. Енді не болады? – деп сұрайды.

– Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған-тын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер, – дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың құлағына тағады.  Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп  қалған екен деп әжеміз қиссасын ерекше ықыласпен айтты. 

Ақ жаулықты анамыз тұрған алтын сандық екен. Шариғаттағы әдеп, тыйым салған амалдар жайлы бірнеше салиқалы әңгіме айтты. Осындай жолсерік кездескеніне шүкіршілік еттім. «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» тәмсіл осындайда айтылса керек.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: