Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 19:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Қаңтар оқиғасының ақ-қарасы анықталуда

15.03.2022

868 0

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс пленарлық отырысы өтті. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері баяндалды.

Қазіргі кезде Үкімет жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік органдардың нысандарын қалпына келтіру және тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарына келтірген залалды өтеу бойынша жұмыс жүргізуде. Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 өңірінде 42 мемлекеттік орган ғимаратына залал келтірілді. Бұл – Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, келтірген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге 28 млрд теңге бағытталды. «Барлық нысандарға техникалық тексеріс жүргізілді. Қорытындысы бойынша 28 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының қажеттілігі анықталды. Бүгінде 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, биылғы мамыр және маусым ай-ларында қалған 2 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған зардаптарды жою жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия осы жылғы 20 қаңтарда ШОБ нысандарына келтірген мүліктік зиянды өтеу тетігін қабылдады. Өтемақы жергілікті атқарушы орган жанындағы өңірлік комиссиялар келтірген залал көлемін құжат негізінде рас-тағаннан кейін жүзеге асады. Бұл орайда кәсіпкерлер фискалдық деректерге сүйене отырып, 10 млн теңгеге дейін өтемақы ала алады. «Төлемдер Үкіметтің резервінен, сондай-ақ жеке қорлар есебінен беріледі. Биылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1 192-сін мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер өтемақыны бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін алады.

Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына ҚР Бас прокуроры Берік Асылов ауызша жауап берді.

– Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар: адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық. бұзақылық, қару ұрлау», – деді бас прокруор.

Оның мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдау фактілері бойынша 234 іс жүргізуде. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде.

Қаңтар оқиғасына байланысты прокуратураға тергеудің рұқсат етілмеген әдістемесі бойынша барлығы 301 шағым түсті. Оның ішінде азаптау және қызметті асыра пайдалануға қатысты 243 қылмыстық іс қозғалған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 234 қылмыстық іс қаралып жатыр.

Мәжілісте бас прокурор қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының 3,5 мың қызметкері жарақат алғанын айтты. Ал республика бойынша барлығы 230 адам қаза тапты. Соның ішінде 19 әскери және қауіпсіздік күштері қызметкерлері бар. Алматы қаласында қаза тапқандар саны 139 адам. Қазіргі кезде 53 қайтыс болған адам өлімінің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында әртүрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 атыс, 2 пышақ жарақатымен табылған.

Сондай-ақ уақытша ұстау изоляторы мен арнайы жайлардан 302 азамат босатылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мәлімдеді. Ал қаңтар оқиғасына қатысқан 72 адам сотталғаны жөнінде ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.

– Қазір полицияның тергеуінде 2919 қылмыстық іс бар. Оның мыңнан астамы күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеруді тапсырды. Сондықтан осы 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда», – деді министр.

Оның дерегінше, тергеу барысында 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынып, 2 мыңдай сараптама тағайындалды. Ішкі істер министрінің айтуынша, мүліктің көп бөлігі ұрланған. Бүгінде 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жаза бойынша жауапқа тартылған. Айта кету керек, қаңтар оқиғасы кезінде полицейлер қару қолдануға мәжбүр болды.

– Өкінішке орай, араға арандатушылар қосылды. Нәтижесінде бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты. Оның ішінде авто және теміржолдар жабылды. Вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөліктер өртелді. Мемлекеттік органдардың ғимараттары қоршалды. Заң талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетілді. Соның өзінде полиция ешқандай күш қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып, мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы және ұйымшылдығы байқалды», – деді ішкі істер министрі.

Марат Ахметжановтың атап өтуінше, бүлікшілердің әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Темірлер, тастар, таяқтар және тағы басқа құралдар пайдаланды. Тек осы сағаттан бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп

төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталған. Алайда бүлікшілер мұнымен тоқтаған жоқ. Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. Салдарынан 2800-ден астам қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланған.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: