«Қап, мына бір аласұрған неменің асығысын-ай! Сәл болмағанда дөңгелектің астына түсіп, өмірем қаба жаздады. Қайта шапшаңдық жасап рөлімді оңға бұрып, тормыздың жанын шығара шыңғырта басқанымнан аман қалды-ау, әйтеуір. Темір көлігімнің төсі тисе, тезегі алтын, көтені күміс болып, шығынына шаш жете ме? Туһ, не деп кеттім өзі? Бәрі әлгі кер кісінің кесірі».
…Бір жыл бос жүріп, жұмысқа шыққаныма апта да толған жоқ еді. Нағашымның құдасының бөлесінің жекеменшік «Газелін» жасыл алаңның шаңын шығарған Рональдо секілденіп, құйғытып жүргенмін (футбол командасында доп тепкенім бар, сондықтан тілім спорт сөздеріне аунап кете береді). Нөмірі он бірінші маршуртқа шығып, азын-аулақ тиын-тебенді үйге апарып, қуанып жүргенімде мына кесірдің «подножка» берген қорғаушыдай етпетімнен түсіре жаздағанын қарасай! Алаңның ортасында төрешінің ысқырығын күткен ойыншылардай өңкей он бірінші маршурттағылар вокзал маңында иіріліп тұрғанбыз, сол кезде ғой әлгінің сайтандай сап ете қалғаны.
– Шырақтарым, бәрің он біріншісіңдер ме? – деп сұрады ол. Шудасы түскен түйе секілді мойны ырғайдай, ұсқыны келіспеген біреу екен.
– Иә, көке, алдыңғы тұрған сары машинаға отыра қалыңыз, зыр еткізіп жеткізіп тастайды.
– Мен ешқайда бармаймын, – деді сонда әлгі бетсіз. – Жоқ іздеп жүр едім,– дегені елпілдеп тұрған көңілімізді су сепкендей басты. Әлгі мойны ырғайдай неменің сөзінің зілі бар секілді, зәремізді ұшырды. «Жоқ, жоқ» деген сөзден жағымыз талмаса да біреудің жоқ іздегені жағаңнан алғаннан жаман. Иә, оның несі жақсы болсын? Әсіресе күніне жүздеген кісі мініп-түсетін біздің жұмыста ол жаман ырым. Өзгенің жоғын түгендейсің бе, әлде, өзіңнің барыс- келісіңді реттейсің бе.
– Талайынан сұрадым, әлі біреуі көрдім, білдім демейді. Осыдан үш күн бұрын кішкене жиенім екеуміз осы он бірінші маршруттың біріне мінгенбіз. Соны таба алмай жүрмін. Ең соңғы рет ескертемін, сол қайсысың? – деп зілдене қарады жолаушымыз.
– Мына құлағыңның әңгімесі әріден екен. Таксиде кеткен затын даулайын деп тұр,– деген Құтыш төмен қарап, дөңгелектерді шұқып кетті.
– Бәле жаба салатын зымиян сияқты екен өзі. «Аш бәледен қаш бәле», – деген Зияш машинасын жылдам оталдырып, дәу көшемен тарта жөнелді.
– Шырақ-ай, маған сол шопырды тауып беріңдер, – деген әлгі найсап кетер емес. Тура қызыл карточка көрсететін қатал төреші сынды.
– Жоғалған затын пәленбай теңгенің мүлкі еді, деуден тайынбайды бұлар. Бұл – Әңкіштің сөзі.
– Сол сен емес пе?
Қылқи мойын айып добын соғатын шабуылшыдай маған қадала қарап қалыпты.
–Жо-жоқ, ол мен емес, сізді бұрын көрсем көзім шықсын. Осылай деп зар ете қалдым. Қызық па-ей, бұ бәлеқорыңды қайдан көре қояйын. Ойынға қосылғаным енді емес пе?
– Сен секілді қияқ мұрты бар еді.
Мына сөзі қақпасына он бір метрлік айып добы белгіленген қақпашыдай денемді тітіркендіріп жіберді.
– Адамға адам ұқсай береді, – дедім бәсең дауыспен.
– Ойпырым- ай, сонда оны жер жұтты ма? – деген әлгі «подкаттан» сұлаған ойыншыдай аң-таң күйі қолын жоғары көтерді.
– Әлі де сұрастырыңыз, бәлкім, шығып қалар…
– Қашанғы сұрастырамын. Онсыз да сарсылғаныма үш күн болды. Қартайғанда мойныма қарыз болмасын деп едім. Сонда жол ақысын төлемей түсіп кете беріппін.., беріп кетейінші, –деп едім…
– Не дейсіз?
Бәріміз бірдей шу ете қалдық.
– Ес қалмаған ғой. Ақшаны ұстаған күйі түсіп кетіппін. Шопыр бала мың болғыр екен, үлкен кісі деп үндемепті. Сонысын бере қояйын, қосымша аздаған сыйлығым да бар еді десем.., реті келмеді.
Қылқи мойын осылай деді де ұзай берді. Қақпаға доп жіберіп алған қақпашыдай ішім удай ашыды. «Мен едім» дей салғанда болатын еді-ау. Шынында, үш күн бұрын екі адамның ақшасын ұмытып, ала алмай қалған өзім едім ғой. Қап, құдай-ай! Мынаның істегенін қарашы! Сонша әспеттеп, «Іздеп жүр едім» деп сандалғанша, манадан бері осылай ағынан жарылмай ма? Бақандай жүз теңге кетті-ау? Ұятсыз екен! Алдында ғана ант бергендей «мен емес» деп оттап қойған басым, қайта күйсей алмай қор болдым… Осыған «нервшит» етіп көшемен зырылдап келе жатқанымда сары карточка көрсетілген ойыншыдай қаным басыма шапшыды. Сол мезетте апырақтаған мына албастының бұрыштан шыға келгені… Бәрі әлгінің кесірі. Негізі сау сиырдың тезегі емес. Ойбай-ау, дені сау адам солай дей ме? Ұмытып кеткен қарызын «Берейінші деп едім» деп мыңғырлай ма, пәдеріңе нәлет! Салпақтап жүргенін қарасайшы, өзінің. Қазіргі адамдардың алып тұрып, «білмеймін» деуі әдетке айналғалы, обал-сауапты ұмытқалы қаш-ш-ш-ан!
Құдая тоба! Расында қызық кісі екен өзі?!
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
1999 жыл.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!