Сенбі, 20 сәуiр, 10:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Мәт таңбалы мәрт тұлға

06.04.2021

3124 0

Әрбір адам – өзінше бір өрнекті әлем, дер­бес тылсым, жұмбақ дүние – қайталанбас дара бітім. Бір үйде он бала туып-өссе, олардың әрбірінің өздеріне ғана тән он түрлі мінез меселі болады. Ұлы Абайдың «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген терең философиялық астары бар жыр жолдарының бір қиуасы бізге осыны меңзейді.

Адамды әу басында жақсының қатарына қосатын адал еңбек болса, оны байыпты да беделді тұлға етіп шығаратын – мінез. Ал мінезге бай кісілердің жолдары әрдайым жар­қын. Мінез – адам баласының бағын ашатын, бақытқа қолын жеткізетін, құрметке бөлейтін, сыйға кенелтетін алтын кілт.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов  «Ұлтына, жұртына қыз­мет ету – білімнен емес, мінезден» екенін атап өткен.

Бүгінде біз сөз еткелі отырған Нұрлыбек Нәлібаев мінезге бай басшылардың санатына жатады. Былайынша, оның бұлай болмасқа еш әдісі де жоқ еді. Барынша байсалды әкесі Машбек пен бір әулеттің ұйытқысы бола білген анасы Бибіштің титтейінен өнегелі тәрбиесін көріп, ағасы Бердібек Машбекұлын үлгі тұтып өскен кенже ұлдың ұшқанда ұясынан іліп алған тәлімі көп болды.

Жоғары оқу орындарында оқып, экономика және менеджемент, заңгер мамандықтарын алып, еңбек жолын мұнай шаруашылығы саласынан бастап, жастайынан бірнеше мекеменің тізгінін ұстап көрді.

Біз Нұрлыбек Машбекұлымен 2005 жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне  келген кезінен бері етене араласа бастадық. Бұл кезде менің өзім де қала әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезім. Бұған дейін қалалық жастар ісі, спорт және туризм басқармасының бас­тығы, қала әкімдігі ішкі саясат әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, облыс әкімдігі ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болып үлгерген менің мем­ле­кеттік қызмет тарапынан жинақталған біршама тәжіри­бемнің бары анық-тын. Соны келген кезінен пайымдап қалған Нұрекең маған бір табан жақын жүрді. Сол кездері екеуміздің жұмыс барысында да, қол бос шақтарда да ұшырасып, сырласып қалатын мәуріттеріміз жиі кездесуші еді. Соның бәрінде ол өзінің бұдан арғы қызметіне титімдей ілкі ізгілігі тиетін нәрсе байқаса, қағып алуға тырысып жүретін. Бұған қоса, өзі білмейтін жайттар болып жатса, солардың жайын бүге-шүгесіне дейін сұрап тұрудан арланбайтын. Мұның екеуі де оның ізденгіштігі мен іргелі істерге деген бейімділігін аңғартса керек.

Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі 8 жылын өндіріске арнаған Нұрлыбек Машбекұлы үшін бастапқы кездері мемлекеттік қызметке бой үйретудің қиындау болғаны да рас. Ол уақытта қаланың жағдайы да күрделі еді. Жылу, су, жарық, тазалық т.б. қатысты күнде бір түйткілді  мәселелер туындап жатады, қала тұрғындарынан шағымдар түседі.. Осы тұстары кейіп­керіміздің үлкенді – үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін кішіпейіл, көркем мінездің иесі екені де анық аңғарылды. Осы мінезге тән табандылық пен алғырлықтың арқасында көп ұзамай өзі үшін тың табан болып саналатын мемлекеттік қызмет саласының ұңғылы мен шұңғылын тез меңгеруге көшті. Сол күндері Нұрлыбек Машбекұлының  қалауымен есімдері елге белгілі Ғафур Мұхамеджанов, Ыдырыс Қалиев, Шайхислам Серікбаев, Сейілбек Шаухаманов сынды ақсақалдардың үйлеріне барып, олардың берген баталарын алып қайтқанымыз есімде. Ел ағаларының ықыласпен  берген баталарының әсері ме, қайдам, бұдан кейін ол шынымен өзін іскер маман ретінде көрсете біліп, қызмет сатысымен біртіндеп өсе бастады. Әуелі өзіне де, өзгеге де таудай талап қоя білетін зор білімнің иесі, мемлекетшіл тұлға, қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммедтің аймақ басшысы кезінде, 2007 жылы облыс әкімі аппаратын басқарды. Ал тура бір жылдан кейін Шиелі ауданына әкім болып кетті. Нұрекеңнің дербес басшы тұрғысында бекіп, қалыптасатын келелі кезеңі осы ауданда өрнек сызды. Осында өткен бес жылда ол өзін де жан-жақты сынақтан өткізді, ауданды да айтарлықтай даму­дың жаңа жарқын жолына салды. Сол жылдары келбеті адам танымастай болып күрт өзгерген Шиелінің аты облыста дүріл­деп шығып тұрды. Осының арқасында Нұрлыбек аудан халқының да ерекше құрмет-қошеметіне бөленді. Ал шиелі­ліктер оның есімін әлі күнге дейін үлкен құрметпен атайды.

Осы кезеңде мен Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы қызметіндемін. Бірде Қазақстан Парламенті Мәжілісіне өз облысымыздан сайланған депутат Құттықожа Ыдырысов ағамыз екеуміз жұмыс сапарымен Шиелі ауданына ат басын тіреп, барып қалдық. Барған бойда байқағанымыз, кент айтарлықтай жаңарып кетіпті. Бұл уақта шын қарбалас тірліктердің ыңғайымен әкімнің қолы босамай жатыр екен, сондықтан біздің жанымызға аудандық мәслихаттың хатшысы Сұлтанбек Оразымбетов ағамызды қосып, одан аудан орталығында салынып жатқан бірқатар ғимаратты көрсетуді сұрады. Біз сол айтылған жаңа нысандарды аралау барысында расында мұнда елдің ертеңіне қызмет ететін қарқынды жұмыстардың жүріп жатқанына көз жеткіздік.

Сөз арасында біз өз жолбасшымыздан әкімнің аудан­дағы қызметі жайын да сұрап қоямыз.

– Айтатыны жоқ, өте мықты азамат. Ол мұнда келген күнінен жас болғанымен, шын мәнінде бас бола алатын толымды тұлға екенін көрсетіп келеді, – деген еді сонда Сұлтекең. – Көптің көңілін де таба біледі, жұмыстың ығытын да жақсы біледі. Тек бүгінін ғана емес, ертеңін де емін-еркін көре алатын байырқалы басшы. Біз, мысалы, сонау көкжиекке дейінгі жерлерді ғана көріп, тек солардың төңірегінде пікір айтсақ, Нұрлыбек Машбекұлының сол көкжиектің арғы жағындағы нәрселер жөнінде де байыпты болжам білдіретін көрегендігі бар.

Міне, басшы үшін бұдан артық қандай баға керек! Нұрекеңнің шынында тап сондай әкім екеніне ол 2013 жыл­дың ақпан айында қаланы басқару тізгінін ұстаған кезде біз де кеңінен көз жеткіздік. Ең біріншіден ол – нендей нәрсені де жеті рет өлшеп барып, бір рет кесетін кемел ойдың кісісі. Өз басым оның қандай да бір шашақты шаруаны асығыс-үсігіс істеп, қалайда тез шеше салмақ, жылдам бітіре қоймақ болған әнтек әрекеттерін ешқашан көрген емеспін. Екіншіден, осындай төзімділігі мен ыждағат­ты­лығы сыңайында өзіне кадр таңдауда көп қате­лескен жоқ. Бұған кезінде ол қызметке қабылдап, өзінің мәртебелі мектеп сүзгісінен өткізген мамандардың көп­шілігінің осы күндері облыстық бірқатар мекемелер мен аудандарды басқарып отырғаны толық дәлел. Ол таң­даған түлектердің тобында кейін сенімді ақтай алмағандары өте сирек. Бұлай болатын тағы бір себебі, Нұрекең өзі қойған басшылардың жұмыстарын ұдайы қырағы көздің қадағалауында ұстай бергеннен гөрі олардың барлық жауапкершілікті мойын­дарына алып, өз еріктерінше қызмет жасауларына көбірек көңіл бөледі. Қала әкімі олардан көбіне тындырылған істің соңғы нәтижесін ғана сұрайды. Осының негізінде олардың әрбірі дербес басшы, ойлы маман, жеке тұлға болып жедел қалыптаса бастайды.

Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы 2013-2021 жылдар аралығында Қызылорда қаласының әкімі қызметін абыроймен атқарып, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру жолында табанды еңбек еткен мемлекеттік қызметші.

Нұрлыбек Машбекұлы «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасының иегері, қала басшысы ретінде жоғары ұйым­дастыру қабілетімен  аймақ  жұртшылығына танылған.

Халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде сезініп, күн­де­лікті сұранысы мен қажеттіліктеріне сай жұмыс жасап,   қаладағы өзекті мәселелердің  шешілуіне қол жет­кізу барысында табандылық, іскерлік қабілеттерімен, тәжі­рибесін орынды қолдана алатын, халықпен тығыз қарым-қатынас орната білген, елдің сеніміне ие болған азамат.

Қала әкімінің бірнеше нәтижелі жұмысын атап өтетін болсақ, Нұрлыбек Машбекұлы қаланы бас­қару барысында Қызылорда қаласында тұрғын үй құры­лысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың мүддесін қорғау жолын­да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжы­рымдамасына сәйкес, қала әкімінің онлайн формат­тағы жеке қабылдаулары, қала әкімдігіне қарасты барлық құрылымдардың әлеуметтік желідегі парақшалары ар­қылы халықтың сауал-пікірлеріне шұғыл жауап беріліп, халықпен кері байланыс жасау жүйелі жолға қойылды.

Қаламызда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақ­сартуға бағытталған жаңа демалыс және саябақ орын­дары, спорттық ойын алаңдарының саны артып, жол, инфрақұрылым саласы жақсара түсті. Ел игілігі үшін үлкен еңбекпен келген барлық жобалардың сапалы жүзеге асырылуына қатаң талап қойып, қоғамдық бақылау орнатуға ықпал етті.

Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына қарсы шұғыл шаралар қабылдап, күрделі де қиын кезеңде тұр­ғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қала әкімдігі тарапынан жоғары ұйымдастырушылық жұ­мыстар жүргізілді. Қала әкімінің бастамашылдығымен, қауіпті індеттің бірінші толқыны кезінде қаламыздың елжанды кәсіпкер азаматтардың бірігуіне себепші болып, қала әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық жедел штаб қалада індеттің таралуына жол бермеу үшін күні-түні рейдтік, ақпараттық, ұйымдастырушылық шараларды жүргізді.

Осы жылдарда қала көшелері қатты өзгеріске түсті. Облыс орталығында бұрын болмаған аяқ жолдар, яғни тротуарлар қатарға қосылды. Көшелердің табандары едәуір реттелді. Қаланың көп жылдардан бері қозғаусыз жат­қан коммуникациялық жүйесі түгелдей жаңартылды. Қызылорда тұрғын үй салу жөнінен республикада ең алдыңғы қатардан ойып орын алды. Жылдар бойы жұрттың ығырын шығарып келген жарық, жылу, су жүйелерінің жұмыстары толығымен қылаусыз қызмет ететін қауқарлы қалыпқа келтірілді. Бұдан қалды, орта­лыққа қарайтын ауылдық округтер аймағындағы барша елді мекендердің басты көшелерінің бәріне асфальт төсе­тіп, бәрінің ауыз су мен газ мәселелерін қалтқысыз шешіп берді. Мұны халық алдында беріп жүрген жыл сайынғы есептері де айғақтайды. Есеп демекші, Нұрекең қай кез, қандай жағдайда да қала және оған қарасты ауыл тұрғындарымен кездесіп тұрудан ешқашан жалтарған емес. Ол әрбір аптаның жұма күні түрлі арыз-шағыммен келетін тұрғындарды дәстүрлі қабыл­даудан бөлек, қоныстар мен көшелерді аралап, жұрт­шылықпен жүздесіп жүруді өзінің тәжірибесіне берік енгізіп кетіп еді.

Бойындағы лидерлік қасиеттерінің арқасында қала­дағы құрылысшыларды, кәсіпкерлерді жұмылдыра оты­рып, сол жағалаудағы алғашқы құрылыс нысандарын олардың өз қаражат есебінен басталынуына да ұйытқы бола білді. Соның арқасында кезінде басталуы қиын болған Сырдарияның сол жағалауы бүгінде қарқынды игерілуде.

Осы ретте Нұрлыбек Машбекұлының республика көлеміндегі зор беделінің қала түйіткілдеріне қатысты көп­теген проблемалық мәселелердің тетігін жоғарыдан шешіп келуге мүмкіндік беріп тұрғанын да айта кетпеске болмайды. Ал мұндай беделді ол бірнеше жылдың ішінде өз саласында өнімді жұмыс істеп, Қызылорданы сырт жұрттың өзі қызығатын ұядай етіп қоюы арқылы жинағаны тағы айдай ақиқат.

Қала бюджеті өткен жыл басында 69 млрд теңге болып бекітілсе, өзгерістер мен толықтырулар арқасында жыл соңында 94 млрд теңгеге жетті. Бұл, әлбетте, өте жақсы жетістік еді. Жыл ішінде қалада өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 480 млрд теңгеге толып, негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 105 пайызға орындалды. Облысқа салынған инвестицияның 52 пайызы Қызылорданың үлесіне тиді. Ауыл шаруашылығында өнім ауқымы 9 млрд 700 млн теңгені құрады. Облыстағы нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48 пайызы қаланың аумағынан шықты. «Бизнестің жол картасы» бойынша 6 млрд 500 млн теңгенің 161 жобасы қаржыландырылып, 30 тұрғын 57 млн теңгеге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. «Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 67 млрд 600 млн болатын 8 жоба жүзеге асырылды. Сол сияқты «Қарапайым заттар эконо­микасын дамыту» бағдарламасы бойынша құны 968 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылды. Жай желе жортып айтып шыққанның өзінде, қазіргі пандемия жағдайында соңғы бір жыл ішінде қалада осыншалықты қыруар іске құлаш ұрылғанын байқауға болады.

Тегінде, рухы мен дәті мықты адамдар бірінші кездескен кісілеріне бірден сыр алдыра бермейді. Мен Нұрекеңнің сондай жан екенін онымен алғаш етене таныс бола баста­ған кез­ден байқадым. Ол өзінің Сұлтанмахмұт Торайғы­­ров ай­татын «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көр­сем – өзімнен» дейтін принципті ұстанатынын сонау ерте кез­дерден танытты. Сол сияқты мен Нұрекең жақсы көре­тін өсиетті өлеңдер арасында хакім Абайдың:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді, ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деген жыр шумағы бар екенін білгенде, оншалықты көп таңырқай қойған жоқпын.

Менің тағы бір байқағаным, Нұрлыбек Машбекұлы үшін қандай жағдайда да адам болып қалу өмірлік маңызы бар мақсатты мәселе екен. Оның мәт таңбалы мәрт тұлға екені осыдан да айқын көрінеді.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

қалалық мәслихат хатшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: