Бейсенбі, 25 сәуiр, 14:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Н.Нәлібаев:«Қызылорданы ерекше жақсы көремін»

06.04.2021

3007 0

Өткен аптада қалалық мәслихаттың мәжіліс залында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен актив отырысы өтті. Келелі жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.

Активте 8 жылдан астам уақыт Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарып, 1 сәуірден бастап Премьер-Министрдің өкімімен жаңа лауазымға тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаевқа құрмет көрсетілді, сәттілік тіледі.

Басқосуда Гүлшара Наушақызы шаһар басшысының сегіз жылда атқарған ауқымды жұмысына тоқталып, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуы жолындағы жемісті жұмысын ерекше атап өтті.

– Нұрлыбек Машбекұлы 2013 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Елбасының, Мемлекет басшысының, Үкімет және аймақ басшыларының қол­дауымен Қызылорда қаласы әкімі қыз­метінде абыройлы еңбек етті. Қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфра­құрылымдық дамуына үлесін қосты. Соңғы 8 жылда 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол құрылысын дамытуға 30 млрд теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнделді. 8 мектеп, 21 балабақша, 3 мәдениет үйі, 131 спорттық ойын алаңы салынды. 1,5 млрд теңгеге жуық қаржыға 31 әлеуметтік нысанға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, қай­та жаң­ғыртудан өткізілді, – деп Гүлшара Әбдіқалықова сәттілік тіледі.

Содан соң өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлының алдағы уақытта жаңа қыз­метінде қолға алар ел мүддесі жолындағы әрбір бастамасына Сыр халқы қашанда тілекші екендігін жеткізіп, беделді биік­терді бағындыруын тіледі. Жиын бары­сында қалалық мәслихаттың хатшысы Ибадулла Құттықожаев Нұрлыбек Машбекұлына «Қызылорда қаласының Құр­метті азаматы» атағын табыстап, қала депутаттары атынан алғыс білдірді.

Сонымен қатар актив отырысында мем­­лекет және қоғам қайраткерлері де өз лебіздерін білдірді.

Тұрғанбай Маханов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медицина саласының ардагері:

– Азаматтың басында болатын абырой, атақ, бақ пен береке, сол еңбегінің нәтижесі деп білемін. Нұрлыбек ініміздің жолы жар­қын болды деп айта аламын. Қай жерде жұмыс істесе де абыройлы еңбек етті. Оны халық жақсы біледі. Себебі сегіз жылдың өзінде Қызылорданың реңі өзгеріп кетті.

Мен осы қалада 77 жыл бойы тұрып келемін. Әрбір атқарылған іс көз алдымда. Дәрігер ретінде маған зәулім үйлердің қажеті шамалы. Маған қаланың тазалығы қажет. Міне, тазалық жөнінен Қызылорда республика бойынша алдыңғы қатарда екені рас. Өйткені басқа қалаға барып көріп жүрміз.

Нұрлыбек інім – шоқтығы биік азамат. Адамгершіліктің ошағын жағып жүрді. Керек жерінде азаматтық мінез танытып жүрді. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Жапон халқының мәтелі бар: «Қолыңнан келгенін істеп, қалғанын тағдырдың еншісіне қалдыр» деген. Қолыңнан кел­генін істедің. Жасалаған іс жәй тірлік емес, облысқа, қалаға терең із қалдырдың. Енді қалғанын өзіңнен кейін келетін адам жалғастырады деп сенеміз.

Алдыңызда талай асу, белес бар. Сол белесті бағындырады деген сеніміміз зор. Қырлардан кідірмей өт, төбелерден сүрінбей өт, таулардан қиналмай өт, алдың жазық болсын, адамгершілігің, абыройың, азаматтығың ғұмырында азық болсын демекпіз, – деген ағалық ақ тілегін жеткізді.

Шаһизада Әбдікәрімов, облыстық мәслихат депутаты, ақын:

– Ақын мен әкім деген кім? Бірі – сананы, бірі – қаланы билейді. Осы жылдар бедерінде Нұрлыбек бауырыммен етене араласып қана қоймай қаланың сәулеті мен дәулетінің қалай дамығанының куәсі болып келеміз. Қала деген ол рухтың аурасы. Біле білсек, бұл жерде рухтың үлкен шаңырағы тұр. Ал сол рухани дүниені көгерту, көк­тету әкімге байланысты. Бірақ ол біздің Нұрлыбек Машбекұлының қолынан келді.

Қалада көркейту-көгалдандыру жұ­мысымен бірге жолдың жөнделуі, түнгі жарығы, шаһар тазалығы секілді ауқымды істер Қызылорданың шырайын аша түсуде. Халық оң бағасын берді. Енді міне, елордаға кетіп барасыз. Әрқашан биіктен көреміз және Сыр елінде күтеміз, – деген лебізін білдірді.

Айтбай Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Нұрлыбек інім қала басшылығына келген кезде үлкен әрі жақсы жаңалықтарға еніп жатыр. Қызылорда қазір көп өзгерген. Бәрі жаңаша. Шаһар көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйлер берілді. Қала қаржысы артты. Халықтың қырағы көзінің алдында оларға қызмет етуде өзінің ісін жауапты, мазмұнды деңгейде атқара білді. Енді алдағы жолының тек ашық, сәтті болуын тілейміз. Сырдың жігітісің, енді Арқаға ауыстың. Өмір жолыңда Қазақстанның батысы мен шығысына да абыройлы еңбек ететін ортақ азамат бол, – деген ізгі тілегін айтты.

Өз кезегінде аймақ басшысының жо­ғары бағасын алып, әріптестес, аға қыз­меттестерінің құрметіне бөленген Нұрлыбек Нәлібаев та ризашылығын білдірді.

– Иә, 2013 жылдың 13 ақпанынан бас­тап, яғни 8 жылдан астам уақыт Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқардым. 2005-2007 жылдары қала әкімінің бірінші орынбасары болдым. Сонда 10 жылдан астам уақытымыз осы шаһардың отымен кіріп, күлімен шығуға жұмсалды деген сөз.

Елбасы мен Мемлекет басшысының сындарлы саясатына сүйеніп, Үкімет пен аймақ басшысының қолдауының арқа­сында азды-көпті атқарған ісіміз де бар. «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл» деп Шәкәрім қажы айтпақшы ең басты мақсатымыз елге қызмет ету деп білдік.

Қызылордаға әкім болып, қала тіз­гінін қолға ұстағалы бері атқарған жұмы­сымызды жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Басқасын айтпағанның өзінде 2013-2020 жылдар аралығында 676,6 мың шаршы метрді құрайтын 194 көп­қабатты тұрғын үй салынып, 9164 пәтер пайдалануға берілген. Бұл осынша отбасы баспаналы болды деген сөз. Бас жоспарға сәйкес қала көлемі ұлғайтылды. 2016 жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан бір мезетте 6000 адамға үй салу үшін жер телімі берілгенін көпшілік қуанышпен қа­былдады. 8 жылдың ішінде қала аумағынан бірнеше шағын аудандар мен тұрғын аймақтар бой көтерді.

Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауын игеру жұмысы қолға алынды. Бүгінде да­рияның арғы беті кәдімгідей шағын қала іспетті. Менің есімде ерекше сақталатын сәттің бірі ретінде Қызылорданың 200 жылдығын атап өтуге болады. Сүйікті қала­мыздың жыл көлемінде аталып өткен 200 жылдығы елордамыздың 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерейтойдағы мерейлі сәттер менің жадымда мәңгі жаңғырып тұратын болады.

Осыншама ауқымды тірлікті жалғыз өзім істедім деуден аулақпын. Қазақта «саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген сөз бар. Бірге қызмет атқарған әріптестерім, тіпті тұрғындарға дейін жұдырықтай жұмыла білді. Қызылорданың келешегіне бей-жәй қарамайтын әрбір азаматтың пі­кірімен санастық. «Сын түзелмей, мін тү­зелмейді» деп жатады. Біз айтылған әрбір сыннан, пікірден, кеңестен нәтиже шығару үшін жұмыс жасадық. Әрине, бәрін кере­мет қылып тастадық деуден аулақпыз.

Сыр елінің, жыр елінің жүрегі, орта­лығы болып отырған Қызылорданың мен үшін орны қашан да ерек болып қала береді. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та туған жер үшін еңбек етуді жалғастырамыз. Мен Сыр жұртын, оның ішінде Қызылорданы ерекше қатты жақсы көремін. Бұл қала – менің жүрегімде мәңгі сақталатын, бақ-талайыма бұйырған қасиетті шаһар, – деп қорытындылады сөзін Нұрлыбек Нәлібаев.

P.S. Расында да, қаланы тазартып, гүлдендірген, көркейткен, дамытқан, жаңа қала салуға үлесін қосқан Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорданы қимады. Ал қала тұрғындары болса оның жақсы, іскер әкім болғанын айтып жүр…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: