Қала әкімі Нұржан Ахатовтың өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Омаров Бақытжан Бауыржанұлы тағайындалды.Шаһар басшысы жаңа орынбасарын кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында таныстырды.
«Бақытжан Бауыржанұлы – журналистика, қоғаммен байланыс салаларында және мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен тәжірибелі маман. Сондықтан әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді қала әкімі.
Бақытжан Бауыржанұлы 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді.Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» (2008 жыл), «Журналистика» (2010 жыл) мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2008 жылы республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясында редакторлықтан бастап, 2009-2012 жылдары аралығында осы корпорацияда түрлі қызметтерді атқарған.
2012-2025 жылдары Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы телерадиокорпорациясында жаңалықтар жүргізушісі, «Хабар-24» телеарнасының бас редакторы, Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Түрксой ұйымындағы өкілі болып еңбек еткен. 2025 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Бақытжан Бауыржанұлы қоғамдық даму, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене тәрбиесі, спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне жетекшілік жасайтын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!