Газетіміздің өткен санында Қызылорда атауын ойлап тапқан ағартушы ғалым Қоңырқожа Қожықов та, ал оны 1925 жылғы сәуір айында өткен сьезде көпшілікке ұсынып, қолдау тапқан Сұлтанбек Қожанов екенін айтқанбыз. Бұл мәліметтерді архив құжаттары негізінде жазылған тарихшы ғалым Хазіретәлі Тұрсынның «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінен алып отырмыз. Қызылорда атауы нені білдіреді, мағынасы қандай?
Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауына байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байланыстыратындар аз емес. Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған.
Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры, елге белгілі тілтанушы маман Аман Абасиловтың облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды.
Тақырыпқа тұздық үшін облыстық «Ақмешіт жастары» газетіне шыққан филолог ғалым Марлен Әділовтің пікірін қосқанды жөн санадық. Ол: «Қыздың көзі қызылда» дегендегі «Қызыл» сөзінде басқа бір мән жатқандай, зерделей келе мұның «алтын» мағынасындағы сөз екенін байқадық. Сөзімізге бірнеше дәлел келтіруге болады. Бірінші, тілдік деректер: «Алтын» мағынасындағы «қызыл» сөзі орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде көрінген. Мысалы, Хорезм дәуірі (XIII-XV ғғ.) ескерткіші Нехжүл Ферадис жазбасында «алтын» мағынасында қызыл-алтын қос сөзі қолданылған. Шағатай жазба ескерткіштерінен Шайбани хан сөздігінде «қып-қызыл алтун» тіркесі бар; Қорқыт ата кітабында қызыл сөзі «алтын» мәнінде жұмсалған. Қазіргі түркі тілдерінен анадолы диалектілерінде kızıl және әзербайжан тілінде gızıl сөздері «алтын» мәнінде сақталған; түркмен тілінде ғызыл тұлғасы актив түрде қолданылады, тіпті біздің «Алтын көрсе періште жолдан таяр» мақалымыз бұл тілде «Ғызыл гөрсе, қызыр йолдан азар» болып жұмсалуда; қарапайым тілінде қызыл сөзі «алтын ақша» мәніне ие; якут тілінде қыһыл көмүс тіркесі болса, «алтын» мағынасында, – деп ойын білдірген екен.
Осының өзі-ақ «Қызыл» сөзінің алтын мағынасында қолданылғанын, Қызылорданың түпкі мағынасы Алтынорда екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?
Қалай десек те Қызылорда атты қаланың атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Бүгінде Сыр өңірінің бас қаласы, жүрегі, аймақ аудандарына үлгі етер шаһары. Республика көлемінде де Қызылорданың ойып алар өзіндік орны бар.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!