Бейсенбі, 25 сәуiр, 16:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

100 отбасы баспаналы болды

01.12.2020

1898 0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында 100 қызылордалық отбасы баспаналы болды. Қоныстанушыларға пәтер кілтін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова табыстап, тұрғындарға құттықтау лебізін білдірді.

Өткен жылдың маусым айында басталған сол жағалаудағы тұрғын үй құрылысын «Дәнекер» ЖШС мен «Авангард» ЖШС сәтті аяқтаған. Баспаналы болған тұрғындар арасында әскери, полиция, мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет саласы қызметкерлері бар. Шара барысында облыс басшысы биыл атқарылған біршама жобаларды атап, алдағы уақытта игі істің жалғасатынын жеткізді.

– Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биыл облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1946 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 13 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы бір мақтанышпен айтатын жаңалығымыз, жыл аяғына дейін 34 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Қазіргі таңда шаһарда 38 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Өңірдің бас шаһарын жаңа нысан­мен толықтыруға атсалысып, қаланың сән-салтанатын арттыруға үлес қосып жүрген Сыр құрылысшыларына алғыс айтқым келеді. Пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы.

Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтер­ген көппәтерлі тұрғын үйлер қала аумағын кеңейтіп, тұрғындардың баспаналы болуына мүмкіндік сыйлағаны рас. Қоныстанушылардың да қуанышында шек жоқ. Құрылыс қарқынын бағам­дап, игілігін көрген тұрғындар шаһардың жаңа тарихи кезеңге бастау алғанын аңғарады. Жаңа пәтер иесі Бибігүл Өмірзаққызы да арман еткен баспанасының кілтін алғанына дән риза болып, ақжарма тілегін білдірді.

– Бүгін отбасымыз үшін маңызды сәт. Көптен күткен үйге қол жеткізіп, толқыныс үстіндемін. Әсем қаланың жаңа тынысын ашып, сол жағалауды өрістетуге көңіл бөлген аймақ басшысына тұрғындар атынан алғыс айтамын, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Жалпы шаһарда жыл басанан бері 13 тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 400 пәтер көп­балалы отбасыларға, 60 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталған. Жыл соңына дейін тағы 720 отбасы қоныс тойын тойламақ.

Бүгінде 2 мың 546 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүріп жатқан 1 мың 560 пәтерлік 32 көпқабатты тұрғын үйдің 16-сы пайдалануға берілген. Ал қалған 16 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ келер жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйді ел игілігіне беру жоспарланған.

– Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлер «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның кезекте тұрған салымшыларына «Нұрлы жер» және «Шаңырақ» бағдарламалары шеңберінде берілуде. Биыл  1200 қызылордалық баспаналы болды, – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Рахымжанұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: