Сәрсенбі, 24 сәуiр, 23:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ерлік пен еңбекке құрмет

06.04.2021

3876 0

Қаламызда Отан қорғаудағы ерлігі мен бейбіт күндегі ерен еңбегін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында соғыс және еңбек ардагері Сақып Оңғарбайұлының атына көше берілді. Шараны облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов ашып, ардагердің өмір жолы, еткен еңбегі мен есімін кейінгі ұрпаққа үлгі етудің мәнін айтты. Салтанатты жиында Қызылорда қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Б.Өтегенов, еңбек ардагері, көше тұрғыны М.Төлеев сөйлеп, Сақып Оңғарбайұлының азаматтық бейнесін еске алды.

Соғыс ардагерінің інісі, Қызылорда қаласы мен Арал ауда­ны­ның құрметті азаматы И.Оңғарбаев барлық ақ пейіл­ді ағайынға, көше атауын беруге сеп болған қала бас­шылығына, ономастикалық комиссияға алғыс білдіріп, көше тұрғындарына құтты болсын айтты. Өз кезегінде шара қонақтары мен тұрғындар ашылу салтанатының қызыл желегін қиып, ағаш отырғызды.

1917 жылы қазіргі Арал ауданы Ақбасты ауылында дүние есігін ашқан С.Оңғарбайұлы 1937-1938 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп жүрген кезінде Фин соғысына, кейін Ұлы Отан соғысына аттанып, реактивті артиллерия атқышы ретінде майданға кірген. Халық «Катюша» деп атап кеткен соғыс техникасын меңгерген.

Сақып Оңғарбайұлының майдандағы ерен ерлігі еле­ніп, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары кеудесіне тағылған.

Ол соғыстан кейінгі өмірін атакәсіппен байланыстырып, балық қабылдау пунктінің бастығы болып қызмет еткен. Ал 1988 жылы соғыс ардагері ең бірінші тұрғындардың бірі болып, қалада сол кезде жаңа ашылған Панфилов тұйығына шаңырағының қазығын қаққан.

Міне, осындай қиындықтың барлығын бастан өткеріп, тыныштық орнату үшін тынбай еңбек еткен майдангерге құрмет көрсетіліп, көше атауы берілді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: