Сейсенбі, 19 наурыз, 13:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Сергек депутаттар және сұрағы көп сессия

26.01.2021

8059 0

Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс ІІ ші сессиясы өтті. Сессияға аппарат басшысы, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Халық қалаулылары алдында бюджеттік жоспарға ұсынылған мәселелер талқыланды. Депутаттар өз округтері бойынша қаржы қарастырылу керек мәселелерді жеткізді.

Мәселен, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаев қала іргесінде орналасқан «Эдельвейс», «Орбита», «Өркендеу» саяжайларына қатысты қордаланған мәселелерге тиісті деңгейде қаражат тартылып, оның оң нәтиже берілу жайын қарастыру керектігін қадап айтты. Бұл ұсынысқа әріптесі Жорабек Нұрымбетов әлі де жағдайды жан-жақты терең зерделеп барып қаржы көздерін қарау керектігін айтты. Оның айтуынша, ол жерлерде су басу қаупі бар екендігін атап өтті.

Сессия төрағасы Мұса Әбдіхалықов айтылған ұсыныс, көтерілген мәселе орынды екендігін жеткізіп, назардан тыс қалмайтынын  айтты. Халық қалаулылары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға бекінгендерін осыдан байқауға болады. Бұл да болса халық үніне құлақ асатын биліктің бар екендігінің бір айғағы іспетті.

Баймаханованың баяндамасы

Сессия барысында қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова 2021-2022 жылдарға арналған бюджет туралы шешімге өзгерту­лер мен толықтырулар енгізу туралы баяндама жасады.

– Жыл басында жұмсалатын қаржының кіріс көзінің орындалуы туралы нақты жоспар әзірленеді. Осыған орай екі бюджет белгіленеді. Олар – қалалық және кент ауылдық округ бюджеттері. Біз бүгінгі сессияда қалалық бюджетті нақтылап, орындалуы тиіс жұмыстар жүйеленетін болады, – деді  қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы.

Сессия барысында қала орталықтарында орналасқан балалар ойын алаңына бөлінетін қаржыны қайта нақтылау керектігі де сөз болды. Халық қалаулылары салынған дүниелердің уақыт өте келе жарамсыз күйге түсіп жататындығын жеткізді. Сондықтан уақыт талабына сай сапалы құралдардан жасалып, жеткіншектердің дұрыс пайдаланылуын қадағалау керектігі де сөз болды.

Шет аймақтар шет қалмайды

Сессияда қала іргесінде орналасқан Әл-Фараби, Бәйтерек, КБИ, Арай, Шанхай, Титов, Гагарин, Коммунизм, СПМК-70, Саяхат шағын аудандарындағы көшелерге қиыршық тас төселетіні айтылды. Барлығы 94 көше мен 10 ойын алаңы салынатын болады.

Депутат пікірі

– Бүгінгі сессияның маңызы зор. Өйткені бюджетке толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатыр. Қаланың қаржысы арқылы елдің әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сайлаушылармен кездескен кездегі ұсыныстар айтылды. Алдағы жылдағы жоспарлар аясында бағдарлама әкімшілерімен комиссиялармен бірге тиісті жұмыстар жүргізілу пысықталды. Шаһарымызда көптеген жұмыс жасалуда. Жолға және комуналдық шаруашылыққа байланысты мәселелер шешімін табуда. Әлеуметтік сала бойынша атқарылатын жұмыстар жетерлік. Әрбір депутаттың көтерген мәселелері орынды. Өйткені оның артында халықтың ұсыныс-тілегі бар. Сессияда осы төңіректе қала әкімдігімен бірлесе отырып тығыз жұмыс жасау жайы пысықталып отыр. Бір ерекшелігі бюджетті бағдарлаған кезде бағдарлама әкімшілеріне қалаға қарасты елді мекендерді ескеруді сұрап жатыр. Яғни шет аймақтар – депутаттардың басты назарында. Сондықтан толықтырулар мен өзгерістер бюджет қаржысын тиімді жұмсалу үшін енгізілуде. Жергілікті билікпен бірлесіп халықтың игілігіне жұмыс жасай береді деп есептеймін. Жаңадан сайланған депутаттар әр саланың өкілдері. Сондықтан барлық саланың мәселесі алдағы бес жылдықта қамтылатын болады, – деді қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Мәстеков.

P.S. Кешегі сайлауда сайланған 22 депутат cессия отырысына түгелімен жиналды. Бірі бұл отырысқа бірінші қатысуы болса, енді бірі бұған дейін мәслихат депутаты болған тәжірибелі маман екендіктерін тануға болады. Сайып келгенде барлығында бір мүдде – сайлаушылар сенімінен шығып, ел игілігі жолында жарқын болашақ үшін жүйелі жұмыс жасау.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: