Жұма, 26 сәуiр, 21:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шет аймақтағы мәселелер шешімін тапты

07.11.2021

900 0

Ғибрат Байсейітов, қалалық мәслихат депутаты:

Депутат – бұқара мен билік арасындағы алтын көпір. Олардың мақсат-мүддесі – өзі сайланған аймақтың күрмеулі мәселелерінің түйінін тарқату. Мұны депутат мандатын иеленген әрбір азамат жақсы біледі. Бүгінде қалалық мәслихат құрамында

22 халық қалаулысы бар. Соның бірі –

Ғибрат Байсейітов. Газетіміздің «Депутат мінбері» айдары аясында халық қалаулысымен жүздесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ғибрат Мұратұлы, депутат мандатын иеленудегі басты мақсатыңыз қандай?

– Мен 2020 жылдың қазанынан бастап «Ақ жол» демократиялық партиясының ұстанымы мен бағдарламасын және мақсатын өзіме жақын тұтып, партия қатарына мүше болдым. Қалалық мәслихаттың депутаттығына «Ақ жол» демокра­тиялық партиясының партиялық тізімі арқылы әріптестерімнің ұсынымы мен қолдауы бойынша өттім. Сондықтан айтып өткендей, менің басты мақсатым партиямыздың ұстанымы мен мақса­тына сай – ел экономикасын нығайту, жұмыс орындарының жабылмауы, керісінше жаңа жұмыс орындарының ашылуы.

Қазіргі кезде елдегі мәселелерді шешу үшін жаңа тәсілдер керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласуы қажет және оны бақылауы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділдік орнату,  халықтың жақсы өмір сүруі, кәсіпкерлікті қолдау, еліміздің ұлттық мүдделерін қорғау секілді бағыттар – менің депутаттық басты ұстанымым.

– Халық қалаулысының міндетіне не кіреді?

– Партия атынан сайланған депутат болғандықтан партияның ұстанымдарын үнемі сайлаушыларыма жеткізіп отыру, олармен байланыста болу. Туын­даған түрлі мәселелерді, мәслихат сессиясына, оның тұрақты комиссияларына және басқа да мемлекеттік органдарға ұсыну. Сонымен қатар қабылданатын шешімдердің орындалуын қадағалау, қабылдауға қатысу, сайлаушылар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдармен заң аясында жұмыс жасау. Сондай-ақ партиялық әріптестеріммен бірге түрлі заң жобаларына өзгертулер енгізуге атсалысу бізге жүктеледі.

– Қалалық мәслихат депутаты ретінде сізге бөлінген «Шанхай» аталып кеткен ауданында қандай күрделі мәселелер бар? Оның шешілуі жолында нендей жұмыстар жүргізілуде?

– Орынды сауал. Көпшілік «Шанхай» атап кеткен аудан – қаламыздағы халық тығыз және көп  шоғырланған аймақ саналады. Ондағы мәселелер реті ауыз су, аяқ су мәселесі, қоғамдық көлік мәселесі (қоғамдық көлік бармайтын көшелер жеткілікті),  тас жол (асфальт) мәселесі, көгалдандыру мен тазалық мәселесі түйіткілді болып отыр. Дегенмен Шанхайдағы күрмеулі мәселелер ретімен шешімін тауып келеді. Осы ретте заң аясына сай жауапты мекемелермен жұмыс жасалып жатыр.

– Тәуелсіздіктің басты құндылығы деп нені атар едіңіз?

– Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Мемлекеті жоқ халық – жетім» деген сөзі бар. Біздің басты құндылығымыз – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қам­та­масыз ету және оның ұлттық мүдделерін қор­ғау – өзін республика азаматы санайтын кез келген адамның парызы. Тәуелсіздік – біздің өз жолымызды өзіміз таңдау мүмкіндігіміз. Келешек ұрпақтың болашағы жолындағы жауапкершілігіміз. Тәуелсіздік пен еліміздің тұтастығы, әрбір адамның өмірі, құқығы және бостандығымен қатар тұратын басты құндылық. Тәуелсіздік – ол біздің еліміз, жеріміз, діліміз бен ана тіліміз.

«Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қолдайды. Ана тіліміз – қазақ тілін экономикамен қаржы саласына, мемлекеттік басқару мен шетелдік инвесторлардың жұмысына мемлекеттік мәртебесіне сай енгізуіміз керек деп есептейді.

– Бүгінгі күннің батыры деп кімдерді атауға болады?

– Олар – өзгенің амандығы үшін өз өмірлерін қиятын құтқарушылар, медицина саласының  ма­мандары, өзгенің жоғын жоқтатпай, жыртығын жамап, қолдарынан келгенше көмек беріп жүрген қазақтың алтын жүректі  қыз-жігіттері. Кез келген бөбекке әріп үйретіп, білім нәрін сіңдіріп жүрген ұстаздарымыз. Жалпы әрбір  қазақтың бойында батыр бабаларымыздың қаны бар. Сондықтан мен үшін Отанын сүйіп, халқын құрметтейтін  әрбір қазақты  батыр десем де болады.

– Сіздің ойыңызша қазақы құндылық қазіргі қоғамда қадірін жоғалтқан жоқ па?

– Жоғалтқан жоқ. Керісінше, Тәуелсіздік алғаннан бастап 70 жыл бойы ұмытыла бастаған көптеген қазақи құндылықтарымыз қайта қалыптасып, рухани жаңғырып жатыр. Қазақтар өздерінің қазақи құн­ды­лықтарын ешқашан ұмытпайды.  Ол – атадан-балаға берілген қастерлі мұра.

– Соңғы сауал. Абайдың қай қара сөзін үлгі етесіз?

– Қазақ үшін Абайдан асқан дана жоқ. Оның әрбір айтқан сөзі ғасырлармен астасып, ұрпақ жадын­да жаңғырып келеді. Кез келген пайым-парасаты күллі адамзат баласына рухани азық сыйлайды. Қырық бес қара сөзінде өмірлік бағдар етерлік ғибрат бар. Соның ішінде жаныма жақын тұтатыным төртінші қара сөзі. Онда хакім Абай «Біреудің жетістігіне қуануды, рахат табуды сөз етеді. Өтірік күліп өзгеден дәметпе, еңбек ет, еңбек өз иесін жерге қаратпайды» дейді. Міне, бұл – барша ұрпаққа айтылған өнегелі өсиет.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: