Сейсенбі, 11 ақпан, 21:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11,2124
11.02.2025
PDF мұрағаты

Жаяу жүргіншілер көпірі салынады

11.02.2025

28 0

Қызылордада «Астана» шағын ауданынан Сырдария өзені арқылы Тұңғыш Президент паркі мен Денсаулық саябағын байланыстыратын көпір салынбақ. Бұл көпірмен тек жаяу жүргіншілер жүреді. Осылайша жаңа шағын ауданның сәні кіріп, тұрғындардың демалысына жағдай жасалмақ. Бұл жаңалықты бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.

Шаһар дамуы көш ілгері. Қала қазанындағы қаржы көлемі 2024 жылдың басында 58,2 млрд теңгемен бекісе, жыл соңында 112,7 млрд теңгеден бір-ақ шықты. Бұл дегеніңіз өсім көрсеткіші 193,6 пайызға көтерілгенін көрсетеді.

– Қаланың түсімдері 119 млрд 534 млн теңгеге жетті. Ал жоспар бойынша 112 млрд 702 млн теңге болатын. Оның ішінде, өз кірістеріміз 37 млрд 892 млн теңгені құрайды. Бұл да 124,5 пайызға артығымен орындалды. Бұл қаржы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Өткен жылы аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде барлық салада өсім қалыптасты, – деді Нұржан Ахатов.

Жаяу жүргіншілер көпірі салынады

Кәсіпкерлігі дамыған аймақтың экономикасы да тұрақты болады. Облыс орталығында бұл көрсеткіш қашан да көш ілгері екенін байқатып жүр. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жобаға 277,8 млн теңге несие берілген. Ал «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласының 41 жобасы қолдау тауып, 502,3 млн теңгеге қаржыландырылды.

– Мұнан бөлек, екінші деңгейлі банктер арқылы 647 кәсіпкер 22,6 млрд теңге жеңілдетілген несие алып, нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 34 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілді. Биыл 15 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Біз бұл жобалармен қатар, биыл қаладағы «Жаңа» және «Ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығын жаңғыртудан өткіземіз, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына және ұлтымыздың ұлық атауымен қауышқанымызға ғасыр толуда. Қала әкімі сөз кезегінде бұл атаулы мерейтой қарсаңында іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты. Алаштың тойы деңгейінде өтетін бұл мерейтой қарсаңында бірнеше нысан ашылып, Алаш зиялыларына деген құрмет арта түсері анық.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: