Қазақстанда 40 жыл еңбек өтілі барларды зейнетке ерте шығару шарты қарастырылып жатыр. Бастаманы Еңбек министрлігінде өткен кеңесте Сенат депутаты Амангелді Нұғманов көтерді, – деп хабарлайды kursiv.media
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте зейнетақы қорының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және төлем көлемін арттыруға бағытталған бастамалар ортаға салынды.
Сонымен қатар сарапшылармен және депутаттармен бірлесіп зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірнеше тұжырымдамалық тәсілі әзірленді.
Ең көп талқыланған ұсыныстардың бірі – Сенат депутаты Амангелді Нұғмановтың бастамасы болды. Ол зейнетке шығудың негізгі шарттарының бірі ретінде 40 жылдық еңбек өтілін белгілеуді ұсынды.
Дәлірек айтқан да 40 жылдық еңбек өтілі бар бюджеттік сала қызметкерлері үшін еңбек қызметін аяқтау мерзімін икемді анықтау мүмкіндігін енгізу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, кеңесте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші жарнасының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдас бөлікке аударуды көздейтін модельді таныстырды.
Мұндай шешімнің арқасында азаматтарға өмір сүру ұзақтығына қарамастан өмір бойы қаржылық қолдау көрсетіп, ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айтылған бастамалардың барлығы әзірге талқылау сатысында және ұсынымдық сипатқа ие.
Бұған дейін министр Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесін реформалаудың екі нұсқасы қарастырылып жатқанын хабарлаған. Оның бірі «4+1» моделі. Министр өзі аталған модельді қолдайтынын айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
