Бейсенбі, 18 сәуiр, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

65 жылдан соң табылған жауынгер мекені

07.05.2023

710 0

Редакциямызға бір оқырма­нымыз хабарласты. Өзін Жанат Әуесбай деп таныстырған оқырман Жеңіс мерекесі қар­саңында қуанышы қойнына сыймай тұрғанын жеткізді. Қуа­натындай жөні бар. Себебі биылғы Жеңіс мерекесі ол үшін ерекше. Жеңіс туы желбірегеніне қанша уақыт өтсе де, соғыста қаза болған нағашы атасының бүгінде қайда жерленгенін таба алмай келген. Нағашыларының, анасының мереке сайын көңілі тыншымай, осы бір міндетті орындай алмадық деген уайы­мын жүзіндегі мұңнан айтпай-ақ түсінетін қызы Жанат нағашы атасын іздеуге өзі кіріседі. «Сауда Орманов менің нағашы атамның ағасы, яғни ол кісі де нағашым ғой, артында із­дейтін ұрпағы болмаған соң, атамның бір аманатындай көріп, іздеуге кірістім. Оңай болған жоқ. Қолдағы бар деректерді пайдаланып, жан-жаққа хат жаздым. Цифрлы әлемнің бір тиімді тұсы да сол, осындай із­деу жұмыстарымен айналысатын сайттарға хабарласып, хат жазып, хабар алыстық. Бірде «Қызыл крест» арқылы іздеуге кірістім. Нәтижесінде нағашы атамның ағасы жерленген жерді таптым» дейді оқырман жүрегі жарыла қуанып…

Оқырман сүйіншілеген хабарға біз де қызықтық. Бұл сырбойылық жауынгер Сауда Мәдиұлы Орманов еді. Соғыс басталған тұста 19 жасында ел қорғаймын деп соғысқа аттанған жауынгер елге қайта оралмады. Соғыс аяқталып, жеңісті жақындатқан жауынгерлер елге оралып, әрбір үйді қуанышқа бөлеп жатқан тұста жауынгер Сауданың ата-анасы күн сайын баласын күтіп, сағына жолға қарайтын. Алайда  бір күні жауынгердің өзі емес, табыты келді. Бос табыт. Жауынгер Сауда Мәдиұлының соғыста жанқиярлықпен қаза тапқанын жеткізген табыт. Ішінде оқ тескен партбилеті мен батыр киген сұр шинелге тағылған орден-медалі ғана. Қандай ауыр жағдай. Сарғайған сағыныш, баласын бір көруге зар болған ата-ананың зарын жеткізу оңай емес. Жауынгер сол кезде  Польшаның Драк Хутор жерінде жерленгені хабарланған еді. Кейін бұл бауырластар зираты уақыт өте келе заманға сай абаттандырылатын болып, зираттың барлығы басқа жаққа көшіріледі де, бауырларына бұл ақпарат хабарланбай қалады. Тіпті кейін қайда көшірілгені туралы ақпарат табу да қиындап кетеді. Үлкендерден естелік болып қалған осы бір оқиға мен батыр­дың қолда бар деректері арқылы жиен немересі Жанат жылдар бойы іздеу жұмысын тоқтатпайды.

№44 гвардиялық атқыштар дивизия­сының 130-гвардиялық атқыштар пол­кының взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты Сауда Мәдиұлы Орманов 19 жасында әскер қатарына алынады. 1941 жылдың желтоқсан айында Қармақшы әскери комиссариаты шақыртуымен ел қорғауға аттанып, Ақтөбе қаласында кіші командирлер училищесінен ар­найы курстан өтіп, осы қалада жасақталған 101 дербес ұлттық атқыштар бригадасының құрамында болды.

Елім деген ердің Отанға деген риясыз адалдығы мен сенімі ұрыс даласынан жолданған хаттардан ерекше сезілетін. Курсанттың училищедегі дайындықпен қатар, оқуға деген қызығушылығы арт­қан. Тіпті, өкшелес інісі Сауранбайға жолдаған хатында оқуға қажетті әскери кітаптарды жіберуін сұраған деректер бар. Майдан хаттарының алғы көші де сол кезеңнен бастау алады.

Жауынгер 1942 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында ұрыс даласына дайындық туралы жаза келе, қарт  әкесі Мәди мен анасы Күлзейнепке, інілері Сауранбай, Төлепберген, Айтбайға алаң көңілін білдіреді. Әрбір хатында елдегі ағайын туыс, замандас, қарындастарының жай-күйін түгелдей  сұрастырып, жүрек­жарды өлең жолдарын майдан дала­сының көгершініндей жолдайды. Көп ұзамай майданға аттанған Сауранбай інісіне жазған хатында: «Командир болып шық. Жастарды тәрбиеле. Неміс фашизміне қарсы соққы бер. Ағаң сер­жант, жастарды тәрбиелеуде. Ал, жаным, қасыңдағы орыс болсын, қазақ болсын жүрегіңмен сыйлас. Ол – сенің майдандас досың. Сонымен бірге коман­диріңді қатты сыйла», – деген ағалық кеңесін жазады. Кескілескен шайқастың ортасында жүріп, ұрыс толастаған сәтте жанын шүберекке түйе отырып, елге жазылған хаттар  майдангердің  туған жерге деген шексіз сағынышын білдіреді. Әрбір хаттан соғыс демі мен ұрыс дала­сындағы азапқа толы күндер өршіл пер­зентті мұқата алмағанын байқаймыз.

1943 жылы сәуірде госпитальдан емделіп, шыққанын, інісі Сауранбайға жаза отырып, әзірге хат жазбауын сұрайды. Сол жылдың 23 жел­тоқсанындағы хатында: «Отечествен­ная война» ІІ степенімен наградит етті»,- деп жазады.

1943 жылы 11 тамызында 246-атқыш­тар дивизиясының кіші сержанты Сауда Орманов Десна өзенінен бірінші болып өтіп, 13 фашисті жер жастандырады. Екі күннен соң фашистердің  жаудырған оғына қарамастан қарсы бетке жүзіп өтіп, жау шебіне снайперлік соққы бергені үшін полковник Гришко «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады.

Майдангер 1944 жылы 23 мамыр­дағы хабарында ұрыс дала­сына бара жатқанын және №44 гвар­диялық атқыштар диви­зиясының 130-гвардиялық атқыштар полкының құ­рамында взвод командирі, гвардия кіші лейтенанты шенін алғанын жазады. Ал, 1944 жылы  20 маусымда Брест қаласының солтүстік-батыс жаға­лауындағы бірінші болып жеткенін және жеңістің жуық қалғанын тілге тиек етеді. Сауда Мәдиұлы кезекті хаттың бірінде: «Көке, алдымызда «Западный буг» тұр. Сталин басшымыз алға десе, өтіп кетуге даярмыз. Екі орденім бар. «Отечественная война» және «Красная звезда». Отан үшін соғыста Сталин жолдастың берген үш Алғысы бар», – деп марқая сүйіншілейді. Сол жылы 20 тамызда батыр қаза табады.

Бүгінгі күнге дейін қайда жерлен­ге­ні белгісіз болып келген батырдың мәңгі­­лік мекені қайда орналасқаны жиен неме­ресі Жанаттың іздеуімен табылды. Ұлы Отан соғысының батыры Сауда Орманов Польша жеріндегі Драк хуторындағы бауырластар зиратының жаңа мекен жайын республикалық «Қызыл ай» қоғамымен байланысқа шығып  тапты. Cедльце қаласында қайта жерленген бауырластар зиратындағы батырдың мәңгілік мекені 241 санмен белгіленген. Құзырлы орындар арқылы батырға 1945 жылы 9-мамырда «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі  берілгені зерттеу нәтижесінде анықталды.

Батырдың артында қалған ұрпақтары үшін бұл Жеңіс күні ерекше. Олар енді Польшаға аттанып, батыр аталарының рухына тағзым етпек, туған жері Жалағаш кентінде бір көшеге есімі беріледі. Сондай-ақ 241 санды мекенге батырдың аты-жөні жазылған тақтайша қою мақ­сатында Польша елімен келіссөздер жүргізілуде. Батырдың аты өлмейді деген осы болар.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: