Жұма, 03 мамыр, 16:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

9-20-25: Баспана алудың жаңа мүмкіндігі

25.11.2023

660 0

Сурет: qazweek.kz

Елімізде халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарлама қатарына тағы біреуі қосылмақ. Жаңа жылдан бастап іске қосылуы жоспарланған жаңа бағдарлама туралы айтыла бастағаннан ел елең ете қалды. Бағдарламаның халық табысына ыңғайлы болғаны керек. Осы орайда «9-20-25» деп аталатын жаңа бағдарламаның қандай ерекшелігі бар? Бұған дейін жүзеге асқан

«7-20-25» бағдарламасынан артықшылығы қандай?

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «7-20-25» бағдарламасына сұраныс көп болғанын атап айтты.

– Тұрғындар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына кеңінен сұраныс болды. Бірақ бұл бағдарламаны іске асыруға қаражат керек. Ұлттық банк өзінің лимитін қойған еді. Бұл лимит сұраныс тұрғысынан жеткіліксіз. Ұлттық банк мұндай шектеу қойғаннан кейін Үкімет аясында, сондай-ақ «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, қосымша бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол – «9-20-25» бағдарламасы», –  деді Премьер-министр.

 Бағдарлама арқылы 8 мың баспанамен қамту мақсаты көзделіп отыр.

– Қазіргі жағдайда 9 пайыз деген төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап отырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек және 8 мың отбасы немесе адамға осы ипотеканы алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін 100 млрд теңгені нарықтан тартуымыз қажет, ал «Отбасы банк» өзінің таза табысынан 50 млрд теңге бөлуі тиіс. Осы қаражатты қосып, 9 пайыздық ставкаға шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын», – деді Үкімет басшысы.

«Отбасы» банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова көпбалалы емес жас отбасылардан баспаналы болу үшін арнайы бағдарлама болса екен деген өтініш көп келетінін айтқан еді.

Бұл бағдарлама іске қосылса, нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі пайыз болмақ. Бұл бағдарламадан пайызы төмен «7-20-25» бағдарламасы да халыққа ыңғайлы болғанымен жыл басынан ай сайынғы лимит болған соң, жалпы жұртшылыққа несие рәсімдеудің қиындықтары да болды. Мәселен, бағдарлама бойынша өтініш қабылдау басталған сәтте қаржы институттарының сайттарына жарты сағатта 12 мың адам кіреді екен. Бұл – үлгерген алады, үлгермеген қалады деген сөз.

Жалпы елімізде ипотекалық несиеге сұраныс жоғары. Сарапшылар пікірінше, «Отбасы» банк арқылы мемлекеттік бағдарламаларға өтініш бер­генде 1 үйге орта есеппен 150-ден аса адам құжат тапсырады екен. Бүгінде қолма-қол ақшаға үй алуға мүмкіндігі бола бермейтін қарапайым халықтың мемлекеттік бағдарламалардан үміт күтетіні аян.

Ал негізгі басымдық жастарға берілетін жаңа ипотекалық бағдарлама қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, халықтың баспаналы болуына барынша мүмкіндік жасау екені сөзсіз. Айта кетелік, елімізде жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары да жалғасын таба бермек. Соңғы үш жылда бұл бағдарламалар арқылы 43 мың отбасы баспаналы болған екен.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: