Сенбі, 04 мамыр, 22:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Әке мейірімі

24.07.2023

500 0

Неге жанымызға жақын адамдармен түскен сурет аз? Неге олар жайлы жиі айтпаймыз? Себеп біреу ғана секілді, қымбат болғандықтан құпия қазынадай жүрекке сақтаймыз, бүкіл әлем­нен қызғыштай қорғаймыз. Ішімізде бір-бір құпия сандық бар. Әкем жайлы әңгімелегім келгенмен, қалай, неден бастарым­ды білмей отыр­мын.

***

Мен үй­дің тұңғышы­мын. Әкемнің тәтесі Мәскеу­ге тұрмысқа шыққан, сон­да тұрады. Мен тәй-тәй басқан уақытта әкем сонда жұмыс істеп жүрген. Вахтасы бітіп, үйге келген сайын маған ойыншықтар алып келеді. Жұмсақ аю, жолбарыс, маймыл, бойы қысқа, ұзын барби, не керектің бәрі бар. Қысқасы, әкем келсе, бай адаммын. Біздің бала кезде қар қалың жауатын. Бойын 2 метр етіп аққала жасаймыз, шанамен сырғанаймыз. Әкем сіңлім екеумізге екі шана жасап, кезек-кезек сырғанатады.

3-4 сынып оқитын кезім. Анама ота жасайтын болып, он шақты күн аудандық ауруханада жатты. Бұрын анасынан ажырамаған бала үшін бұл да бір сынақ. Күнде таңертең оятып, шашымды әдемілеп, әр күні түрліше өріп беретін адам жоқ. Анаң болмаса, үйдің аурасы бұзылатыны бар. Әкем азанда сүтті ысытып, нан турап қояды. Аш кетпесін дегені. Шашымды да өзі өріп берді екі апта бойы. Бірде қисық, бірде арасынан шаш шығып қалады, қысқасы анамдыкіндей емес. Көңілден шықпағанын білдіріп бұртиып отырам. Көрші тұратын кластасыма әкемнің өргенін айтсам, «әдемі ғой» деп таңғалды. Содан кейін бұртимайтын болдым.

***

Үйге анда-санда ғана баратын болып, бірде оқу, бірде жұмыспен жүретін есею кезеңіне өткелі бері отбасыңмен түгел отырып, еш уайымсыз, болмайтын нәрселерді сөз етіп, ауылды әңгімелеп шай ішу – шынайы бақыт.

Ауылда әр жұмадан бастап қыдырыс та, кіріп шығатын үйлер де көбейген. Демалысқа баратын біз үшін қуантарлық жайт емес, әрине. Ал әкемнің үйде анам жоқ болса, шай ішпейтін әдеті бар. Ондайда шәйнек тізгіні үш қызының біріне тигенмен, анамның жігіті бір кеседен артық ішпейді. Біздің шай ұнамай ма, әлде анамның шайы тәттірек пе, түсініксіз. Әйтеуір, улап-шулап, әрнені сөз етіп, мамамен шай ішкенді жөн көреді. Тіптен сағаттап отыра береді.

***

Жаңа жылда аяз атадан сыйлық алу үшін барыңды салатын мектеп кезі. «Ең әдемі образ», «ең әдемі сурет» деген қосымша номинацияларға да сыйлық беретін еді. Сонымен жыл сайын желтоқсанда суреттің жыры басталады. Үлкен плакат әкеліп, әкемнің алдына тастаймын. Жұмыстан келсе де, шаршап отырса да, салып береді. Өйткені қалайда сыйлық алуым керек. «Ең әдемі сурет» менікі болуы керек. Ол кезде телефон да, интернет те жоқ. Газет-журналдан аяз ата мен бұғылардың өзіме ұнаған суретін әкеп, дәл соны салуға «тапсырыс» берем. Саясатым сәтімен жүзеге асып, сыйлыққа ие болғаным да бар. Шынымен өзім салғандай қуанамын. Апайлар да соған сенгендей болады.

P.S. Жақында «Қызым дүниеге келгелі күйеуімді танымай қалдым. Мүлдем өзгеріп кеткен, еркелеткенін көрсең» деген постқа көзім түсті. Меніңше, олар өзгермейді, тек шынайы қалпына оралатын секілді.

Дина БӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: